Еңбек қатынастары қоғамдық қатынастар ретінде ҚР еңбек заңнамасымен реттеледі. Өзін-өзі құрметтейтін әрбір азамат өзінің еңбек құқықтарын пайдалана білуі және өз міндеттерін түсінуі тиіс, сондай-ақ, еңбек қатынастары туындаған кезде қандай кепілдіктерге ие екенін және қандай өтемақы алуға құқылы екенін білуі керек.
ҚР Конституциясында әркімнің еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да бір кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне билік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар делінген.
Еңбек нарығы жағдайында еңбекті еркін таңдау әрбір азаматқа (жеке тұлғаға) кәсіпті және тиісті жұмысты еркін ерікті түрде таңдаған кезде еңбек шарты негізінде еңбек ету құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.
Еңбек шарты - бұл жұмыс берушіге өзінің мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, өзіне қажетті жұмысшыларды еркін іріктеуге мүмкіндік беретін заңды нысан. Демек, еңбек шартында еңбек еркіндігі және еңбек қатынастарын реттеудің шарттық қағидаты тараптарға еңбек нарығындағы жеке мүдделеріне сүйене отырып, бір-бірін еркін және ерікті түрде таңдауға мүмкіндік береді. Бұл еңбек шартының маңызды әлеуметтік және экономикалық рөлін көрсетеді, алайда оның мән-мағынасы тереңірек.
Жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде қызметкермен белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасауға, жұмысқа қабылдау кезінде еңбек шартын жасау үшін қажетті құжаттарды талап етуге, қызметкерге еңбек шартында келісілген жұмысты ұсынуға міндетті. Еңбек шартының талаптарына байланысты жұмыс берушінің міндеттеріне жұмыс уақытының, оның ішінде зиянды (ерекше зиянды), қауіпті еңбек жағдайларында, ауыр жұмыстардағы әрбір жұмысшы орындайтын үстеме жұмыстардың нақты есебін жүргізу; жұмыскерге еңбек заңнамасымен, еңбек және ұжымдық шарттармен, жұмыс берушілердің актілерімен көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеу; қызметкерлерді өз қаражаты есебінен еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықтармен, құралдармен, техникалық құжаттамамен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету; қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру жатады.
Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге байланысты міндеттері ерекше топты құрайды. Атап айтқанда, жұмыс беруші қызметкерге зиянды (аса зиянды) және қауіпті еңбек жағдайлары мен кәсіптік ауру мүмкіндігі туралы ескертуге, жұмыс орындарында және технологиялық процестерде тәуекелдердің алдын алу бойынша шаралар қабылдауға; өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізуге; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыруға; егер ол қызметкердің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтата тұруға; ұйымдардағы қауіпсіздік жағдайына, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғауға және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуына тексеру жүргізу үшін, сондай-ақ өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тергеп-тексеру үшін, сондай-ақ, өндірістегі жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тергеу үшін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның және еңбек жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарын, жұмыскерлердің өкілдерін, еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларды кедергісіз жіберуге; қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге міндетті.
ҚР Еңбек кодексінде қызметкердің негізгі құқықтары айқындалған. Еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес негізгілерінің қатарына еңбек шартын жасау, өзгерту, толықтыру және бұзу құқығы, жұмыс берушіден еңбек шарттарының, ұжымдық шарттардың, келісімдердің, жұмыс берушінің актілерінің талаптарын орындауды талап ету; еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғаудың жай-күйі туралы толық және шынайы ақпарат алуға, еңбек шартында жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеуге құқығы жатады.
Сонымен бірге, қызметкер еңбек міндеттерін келісімдерге, еңбек, ұжымдық шарттарға, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес орындауға; еңбек тәртібін сақтауға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қауіпсіздік және өндірістік санитария жөніндегі талаптарды сақтауға; жұмыс беруші мен қызметкерлердің мүлкіне ұқыпты қарауға; адамдардың өмірі мен денсаулығына, жұмыс берушінің және қызметкерлердің мүлкінің сақталуына, сондай-ақ бос тұрып қалудың туындауына қауіп төндіретін жағдайларлың туындағаны туралы жұмыс берушіге хабарлауға міндетті.
СҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы
Асқаров Арман Кенжебайұлы