Астана қаласында баспа, радио және интернет-журналистика саласындағы Urker-2023 ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқауда Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын жеңіп алды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау сөз сөйлеп, биыл конкурсқа қатысу үшін рекордтық, яғни 450 өтінім түскенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Түркістандағы Ұлттық құрылтайда масс-медианың рөлін ерекше атап өтті. БАҚ саласы үнемі Президенттің ерекше бақылауында. Биыл ақпарат саласында бірқатар құжаттар қабылданды. Ең алдымен, мемлекеттік ақпараттық саясаттың негіздерін айқындайтын доктрина қабылданды. Қоғам үшін біз өскелең ұрпақты ақпараттық қауіпсіздік саласында қорғауға бағытталған заңды бекіттік», – деді министр.
Оның айтуынша, БАҚ саласында қабылданған барлық жаңалықтар ел игілігіне қызмет етеді.
«Соңғы бірнеше күнде Media Week іс-шарасы аясында медиасфера мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шараға үздік отандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Қорытынды шара ретінде URKER сыйлығы тапсырылуда. Биыл байқауға үш жаңа номинация қосылды. Біз әрқашан жаңа және креативті медианы дамытуды қолдаймыз», – деді Аида Балаева.
Айта кетейік, биыл байқау 12 номинация бойынша өтті. Оның ішінде медиа саласын дамытуға үлесін қосқан медиа мамандар үшін үш жаңа номинация жарияланды. Атап айтсақ, «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст», «Үздік YouTube канал» тізімге қосылды.
Өтінімдердің ең көбі «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік сұхбаты», «Үздік өңірлік БАҚ», «Жылдың үздік аналитикалық материалы» және «Жылдың үздік репортажы» номинациялары бойынша келіп түскен. Шорт-листке 48 номинант енді.