Қызылордалық оқушы түрік елінде киноға түсіп, халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

Қызылордалық оқушы түрік елінде киноға түсіп, халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды

Қызылорда қаласындағы Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 6 сыныптың оқушысы Сармырзаев Ержігіт Алматы қаласы «Мен де жұлдыз боламын» республикалық байқауының бас продюссері Лариса Мақсатқызының шақыртуымен Түрік елінде киноға түсуге шақырту алған.

Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, өнерлі өрен Фенике қаласында түсірілген балалар фильмінде басты рөлдердің бірін сомдап, көпшіліктің ықыласына бөленген.

Шетелдік киноға түсе жүріп Ержігіт Ата Түріктің 100 жылдығына орай мәнерлеп оқудан ұйымдастырылған халықаралық байқауға қатысып, Түрік елінің атақты шайыры Неджип Фазыл Кысакюректің «Annacigim» шығармасын түрік тілінде орындап бас жүлде иеленді.

Алты мемлекеттің өнерпаздары қатысқан таланттылар байқауында еліміздің абыройын асқақтатып, дарынымен дараланған сырбойылық оқушыны бүгін мектеп әкімшілігі, сыныптастары мен ата-аналары салтанатты түрде күтіп алды.

Білім ордасының басшысы Бек Сұлтанбекұлы жас өнерпазды ата-анасымен қабылдап, ізгі тілегін білдірді. Ержігіттің анасына бала тәрбиесінде, өнер жолында қолдау көрсетіп жүргені үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.