Қызылордалық студенттер жол зертханасында білімін жетілдіреді

Қызылордалық студенттер жол зертханасында білімін жетілдіреді

Биыл Қызылорда облысында 250-ден астам көше жөндеуден өтсе, ең үлкен жоба «Қызылорда-Жезқазған» трассасын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жол саласында жұмыс ауқымы көп, бірақ білікті кадр қат. Осы орайда, Қорқыт ата университеті мен жергілікті «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» әріптестік байланыс орнатып, болашақ жолшыларды даярламақ.

Аймақтағы іргелі оқу орнында құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатқан 70 студент жол зертханасына келді. Олар мамандармен бірге асфальт-бетон сынамаларын заманауи құрылғылар арқылы тексеріп, құрылыс материалдарының сапасын анықтады. Сондай-ақ, жастар жол жабындысына пайдаланатын қиыршық тас фракциясының құрамы қалай тексерілетінін көзбен көрді. Жалпы студенттер университет қабырғасында алған білімін тәжірбиемен ұштастырып, оны өндіріс барысында іске асырды. Зертхананың әлеуетін көріп, қызығушылығы артқан жастар болашақта жол саласында еңбек етуді көздейді.

«Бүгін біз теориялық жағынан оқығанымызды зертханаға келіп тәжірибе жүзінде қалай жүзеге асырылатынын көрдік. Мұнда барлық қондырғы автоматтандырылған. Сынамаларды тексеруге барлық жағдай жасалған. Асфальттың сапасын лезде анықтауға мүмкіндік бар екен. Жалпы университетте алған білімімізді әрі қарай жетілдіре түстік. Өзіме зертхана ұнады. Оқу бітірген соң, жол саласында жұмыс істегім келеді», - дейді Қорқыт ата университетінің студенті Әміржан Матығұлов.

Жалпы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» елімізде бірқатар игі бастамаларды қолға алған. Мәселен, жергілікті жолшылар үш жылдан бері аймақтағы мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беріп келеді. Сондай-ақ, жол мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге де орталықта мол мүмкіндік қарастырылған.

«Біздің орталықтың бастамасымен елімізде бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.Әсіресе, жол саласына деген мектеп түлектерінің қызығушылығын ояту үшін биыл еліміздің 2 мыңнан астам мектебінде оқушыларға кәсіби бағдар беру көзделуде.Сондай-ақ, біздің орталықтан өндірістік тәжірибеден өтетін студенттерге жалақы төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай қолдауды екінің бірі жасамайды. Сондықтан болашақ осы салада еңбек еткісі келетін жас мамандарға деген қамқорлықты осы кезден сезіндіріп жатырмыз. Жалпы жастар да қазір техникалық мамандықтарға бетбұрып келе жатқаны бізді қуантады», - дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» ҚОФ директоры Ерболат Көштаев

Алдағы уақытта университет пен мемлекеттік кәсіпорын арасындағы әріптестік байланыс нығая бермек. Бірлескен жоба аясында келешекте жолшы мамандарының қатары арта түседі деген сенім бар.