«Kyzylorda Hub» стартаптар технопаркін құру туралы меморандумға қол қойылды

«Kyzylorda Hub» стартаптар технопаркін құру туралы меморандумға қол қойылды

Енді Сыр өңірінде «Kyzylorda Hub»  өңірлік орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа орталық өңірлік хаб ретінде түрлі форматтағы жобалардың жандануына жол ашады.

Бүгін «Astana Hub» халықаралық стартаптар технопаркі мен Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы арасында «Kyzylorda Hub» стартаптар технопаркін құру жөнінде бірлескен меморандумға қол қойылды.

Өңірлік хаб құрудың басты  мақсаты – аймақтағы инновациялық жобаларды дамыту, стартаптар, инвесторлар мен менторларды бір арнаға тоғыстырып, ортақ идеяларды іске асыру.

Сондай-ақ, орталық стартап жобаларды дамыту барысында кәсіпкерлік бағытта жаңа білімді дамыту, жобалардың прототипін жасау, инвестиция тарту, қаржылық есеп жүргізу және PR бойынша қолдау көрсетуге басымдық береді.

Ерекше айту керек, «Astana Hub» халықаралық стартаптар технопаркінің қолдауымен  «Startup Talapker», «Idea Battle», «Startup Joly», «Startup School», «No Code», «Startup Academy» жобалары, Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен Smart city Hackathon, Pecha Kucha Night, Innofest Kyzylorda инновациялық жобаларды дамыту бағытында іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Kyzylorda Hub» өңірлік хабы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және қалалық IT парк базасында жұмыс жасайды.

Жаңа алаңда кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалады, яғни жобаларды қолдау тетіктері туралы жан-жақты ақпарат алуға мүмкіндік бар.