Сыр өңірінде мереке күні 85 баланың тұсаукесер рәсімі өткізілді

Сыр өңірінде мереке күні 85 баланың тұсаукесер рәсімі өткізілді

Бүгін Қызылорда қаласының орталық алаңында «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны - Наурыз» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Әз-Наурыз - ұлтымыздың ұлы мәдениеті мен бай салт-дәстүрінен бастау алған мереке екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы наурыз айындағы  Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің жаңа тарихи кезеңі төл жаңа жылымыздан басталатынын айтты. Біз өткен жылды жемісті қорытындыладық, зор жетістіктерге қол жеткіздік. Жақсылықтың жаршысы болған биылғы жылды толайым табыстармен бастадық.

Екі күн бұрын еліміз үшін саяси маңызы бар Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізілді. Сыр елі бірлік пен тұтастықтың ерен үлгісін көрсетіп, республика бойынша ең үздік көрсеткішке қол жеткізді. Жаңа, Әділетті Қазақстанның жаңа саяси реформалары: республикалық референдумда да, Президент сайлауында да Сыр жұртшылығы  жарқын болашақ жолында тура таңдау жасаған болатын. Саяси науқандарға бір қолдың саласындай жұмыла  қатысып, елдігімізді, тату- тәтті тірлігімізді, береке-бірлігімізді дәлелдеді. Сыр халқы қай кезде де Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының  жаңа бастамаларына ерекше қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі Ұлыстың ұлы күніндегі ниеттеріңіз, игі тілектеріңіз қабыл болсын! Қолға алған істеріңіз нәтижелі, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!», - деді аймақ басшысы.

Наурыз - халқымыздың сан ғасырдан бүгінге жеткен салт-дәстүрлері жарқырай көрінетін мереке. Ұлыстың ұлы күні және Қызылорда облысының 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында орталық алаңда 85 баланың тұсаукесер рәсімі жасалды.  «Этноауыл» мен облыстың 85 жылдығына арналған тарихи-танымдық көрме ұйымдастырылды.

Орталық алаңды айналдыра 38 киіз үй тігіліп, әр үйге атау берілді. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтар бесікке салу, айдар кесу, келін түсіру, атастыру секілді салт-дәстүрлерді және шағын концерттік бағдарламаларды қызықтады. Алаңның әрбір нүктесінде мереке ажарын ашатын мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылып, бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен (қазақ күресі, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, асық ату, бес асық, арқан тарту, ләңгі тебу және қой көтеру) жарыстар өткізілді. Одан бөлек, «Көлтауысарлар сайысы» яғни, қымыз ішуден жарыс өтті. «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан екі жас шаңырақ көтеріп, келіннің беташар рәсімі жасалды.  Қолөнершілердің  киіз үйіндегі  ұлттық бұйымдар көрмесін көпшілік қызығып тамашалады. Арнайы тігілген 4 шатырда қала тұрғындары мен қонақтары  наурыз көжеден дәм татты.

Айта кетейік, биыл «Шуақты Наурыз»  атты бір айлық мәдени шаралар кестесі жасалып, мереке 1 наурыз - Алғыс айту күнінен бастау алды. Жоспарға сәйкес 14-22 наурыздағы әр күнге тақырыптық атау беріліп,  түрлі бағыттағы 300-ге жуық мерекелік іс-шара тізбесі бекітілді.