Қызылорда облысында бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылған

Қызылорда облысында бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылған

Қызылорда облысы бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен толық қамтылған өңірлер қатарында. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік және оқу процесін цифрландыру мәселелері қаралды.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев республикадағы орта мектептерде бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы баяндап, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.

Еске салсақ, Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы бастауыш мектеп оқушыларын 100% тегін ыстық тамақпен қамтуды тапсырған. Қазіргі таңда бірқатар аймақта, оның ішінде Қызылорда облысында бұл тапсырма толығымен орындалды.

Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-Министрі берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізіп, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету білім беру саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

 «Біздің міндетіміз – Үкімет отырысында берілген тапсырмаларды қатаң бақылауға алып, мерзімінде сапалы орындау. Бұл бағыттағы жұмыстарға тек облыстық білім басқармасы ғана емес барлық қала, аудан әкімдіктері, құқық қорғау органдары жұмылдырылуы тиіс. Облыстық білім басқармасына полиция департаменті, Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, облыстағы барлық білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейтуді, өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының инженерлік-техникалық базасын, қауіпсіздік құралдарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруді тапсырамын», –  деді аймақ басшысы.

Оқу орындарын цифрландыруда қосымша білім беру мекемелеріндегі үйірмелер санын арттыру маңызды. Жиында «Білімді ұлт» ұлттық жобасындағы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін цифрлық білім беру зертханасы, 3D модельдеу, робототехника үйірмелері жұмысын жетілдіріп, сапасын арттыру бойынша ұсыныс беру тапсырылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – гендерлік теңдікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығын сақтау. Бұл мәселелер бойынша қала және аудан әкімдеріне 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында айтылған көрсеткіштерді бақылауға алу тапсырылды. Ол үшін атқарушы органдарда, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда әйелдердің үлесін арттыру міндеттелді.

Облыстық полиция департаментіне әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетудің алдын-алу шараларын күшейту, ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына әйелдер арасындағы жұмыссыздықты азайту, «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» аясында тұрақты жұмысқа орналастыру тапсырылды.

Айта кетейік, бүгінгі күні өңірдегі халық саны 834 мың болса, әйелдердің саны 415 мыңнан асады, 48 мыңнан астам көпбалалы аналардың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет саласында қызмет ететіндердің 39%-ы, медицина қызметкерлерінің 86%-ы, педагогтардың 81,7%-ы – әйелдер, жалпы бюджеттік салада 62% қыз-келіншектер қызмет етеді.