«Kitap Qurttary Quiz» сайысының жеңімпаздары анықталды

«Kitap Qurttary Quiz» сайысының жеңімпаздары анықталды

Бүгін «Kitap Qurttary» кітап клубы, Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебі және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы 10-11 сынып оқушылары арасында «KQQ – Kitap Qurttary Quiz» зияткерлік сайысы өтті.

«Kitap Qurttary» зияткерлік клубының 4 жылдығына орай ұйымдастырылған танымдық шараның ашылуына Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы арнайы қатысып, зияткер жастарға сәттілік тіледі.Озық ойлы оқушылар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттау, кітап оқу мәдениетінің маңыздылығын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа қаладағы 34 білім ордасының оқушылары қатысып, өзара бақ сынасты.

Үш кезеңнен тұратын сайыста үміткерлер қазақ және әлем әдебиеті, кино, танымал шығармалар турасында суретті сұрақтарға жауап берді.Нәтижесінде, сайыстың I орынын С.Лапин атындағы №261 орта мектеп құрамасы жеңіп алса, II орын Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің оқушыларына бұйырды. Үздік үштікті С.Әлжіков атындағы №144 орта мектеп құрамасы қорытындылады.

«Kitap Qurttary» зияткерлік клубы өңірдегі білімпаз жастардың қозғалысына айналып үлгерген, бүгінде әр өңірдегі интеллектуал 200-ден аса жастың басын біріктірген ұйым. Аталмыш клуб бүгінге дейін түрлі деңгейдегі білім сайыстарын ұйымдастырып, білімпаз ортада өз бағасын алып үлгерді.