Қармақшылық оқушы «Менің тұлғам» атты халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Қармақшылық оқушы «Менің тұлғам» атты халықаралық байқауда жеңімпаз атанды

Дүниежүзіндегі шығармашыл қазақ жасөспірімдері арасында өткен «Менің тұлғам» атты І халықаралық шығарма байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бір ай ішінде info@kazunite.com электронды поштасына Қазақстанның барлық өңірінен және АҚШ, Түркия, Моңғолия сынды елдерден 100-ден аса материал келіп түсті.

Қазақстан Республикасы Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы №105 А.Жанпейісов атындағы мектеп-лицейінің  9-сынып оқушысы Ділназ Алмасбекова мен Қазақстан Республикасы Ақмола облысы Қосшы қаласындағы №3 ІТ лицей-мектебінің  11-сынып оқушысы Елназ Абилхасова жеңіс тұғырынан көрініп, І орынға ие болды.

ІІ орынды Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Еңлік Қалдархан, Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Нарбек Мұхатбек, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласынан Ақерке Башир, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан Мұқият Жандәулетұлы еншіледі. Ал ІІІ орынға Шымкент қаласынан 8-сынып оқушысы Азамат Тасболатов, Жамбыл облысы Шу ауданы Балуан Шолақ ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Балауса Қожагелді, Алматы облысы Қарасай ауданы Каскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ерке Загиялова, Абай облысы Бородулиха ауданы Дмитриевка ауылынан Рахым Мәлікұлы, Астана қаласынан Жалын Нұрхатұлы және Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Камила Асқарова ие болды.

Сонымен қатар Түркияның Мугла қаласынан Дариға Каженова, Моңғолия елінен Күннұр Дәулетбайқызы және Қазақстанның бірқатар өңірлерінен қатысқан Алан Негманов, Әнел Мұрат, Жанерке Орынғазина, Зарина Керімбекова, Мәдина Мұратова, Нұрғазиза Берікқызы, Дана Толыбай, Шолпан Мұхаметнұр, Әдия Төлепберген ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кетсек, дүниежүзі қазақ жасөспірімдері арасында өткен І халықаралық шығарма байқауында тарих ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Гарвард университетінде зерттеуші ғалым Нұрлан Кенжеахмет, журналист, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт,  ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей-үйінің жетекшісі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Райхан Имаханбет,  Ауған соғысының ардагері, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков және Моңғолия мемлекетінен Барс Ауқатұлы сынды тұлғалар қазылық етті.

«Жүзден жүйрік танылған жеңімпаздарды және жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын. Болашақтары жарқын болсын деп тіледім. Мағжан Жүмабаевша айтсақ, жалынды жастарға деген сеніміміз зор», – деді байқау ұйымдастырушысы, АҚШ-тағы «Біріккен Алаш» қорының президенті Ұланбатыр Бақытханұлы.