Облыс әкімі кезек тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады

Облыс әкімі кезек тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға 9 азамат келіп, өз мәселесін жеткізді. Басым бөлігі жұмыспен қамту, шағын кәсіпті қолдау және тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Мәселен, екі жұмыссыз азамат шағын кәсіп ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді айтса, Қызылорда қаласы мен аудандардан келген 3 азамат тұрғын үй мәселесін алуға ықпал етуді сұрады.

Аймақ басшысы өзін өзі жұмыспен қамтып, кәсібін ашам деген азаматтарға барынша қолдау көрсету қажет екенін баса айтты. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттар әділ әрі ашық түрде берілуі керектігін қаперге салды. Бұл ретте салалық орынбасары мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысына қабылдауға келген азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият зерделеп, заңдылыққа сәйкес тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Ал, тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешілетіні түсіндірілді. Яғни, өтiнiш берiлген кезден бастап тізімде белгіленген кезек ретімен ғана табысталады. Ал, уақытша баспана беру аса мұқтаж тұрғындарға ғана берілетінін еске салды.

Айта кетейік, соңғы уақытта Сыр өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылы СПМК-70 тұрғын ауданынан 500 пәтерлі  10 тұрғын үйдің, сол жағалаудан жалғыз үйлері апатты деп танылған тұрғындарға 50 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылысын аяқтап, 550 отбасы немесе 2 750 адам жаңа қоныстарына ие болады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстар аудандар да ұйымдастырылуда.

Аймақ басшысының жеке қабылдауына келген 3 азамат жұмыспен қамту мәселесін көтеріп, тұрақты жұмысқа орналастыруды сұрады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының тізіміне қарай мәселе қаралатынын жеткізді.

Осы уақытқа дейін аймақ басшысы 19 жеке қабылдау өткізіп, 163 азаматтың мәселесін саралады. Көтерілген әрбір мәселе әртүрлі шешімді қажет етеді. Әкімнің қабылдау барысында айтылған тапсырмалары белгіленген мерзімде орындалады. Мәселелер әкімнің тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, облыс әкіміне жазылу үшін азаматтар egov.kz порталы арқылы,  е-otinish бірыңғай базасы мен жазбаша нысанда әкімдікке келіп өтініш бере алады.