Цифрлық телевизия кезеңі

Цифрлық телевизия кезеңі

Аймақта телерадио хабарларын таратуда жаңа өзгеріс болды. Республика бойынша Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Қызылорда облыстарында аналогты телевизияны өшіре отырып, цифрлық эфирлік телевизияға көшу жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Артур Раушанбекұлы, «Қазтелерадио» АҚ облыстық радиотелехабар тарату дирекциясының директоры Тасболат Құлбаев пен дирекцияның сату орталығының басшысы Ұлықбек Құтышевтың қатысуымен көшпелі брифинг өтті.

Сала мамандарының айтуынша, аналогты телевизиялық хабар таратудың кемшілігі көп. Өйткені аналогты электр сигналы өте алыс қашыққа берілсе, оның сапасы жоғалады. Мәселен, көкжәшіктегі кескіннің шағылыса жарқырауы, экранда қар жауып жатқандай суреттің бұрмалануы және басқа да кемшіліктер болуы мүмкін. Қазір көптеген фильмдер мен телешоулар цифрлық форматта түсірілуде. Демек, бұл форматтағы телевизия керекті эффектіні толық жеткізе алмайды. Ал жаңа жоба көптеген мүмкіндік пен қызметтерді ұсынады дейді мамандар.

Осы тұста айта кетейік, жоба бойынша 827 цифрлық станциядан халықтың 98%-дан астамын қамту жоспарланып отыр. Бәрі ойдағыдай болса, бірнеше жылда елдің түгелге жуығы цифрлық эфирлік хабар таратуға қосылу мүмкіндігіне ие болып, отандық ақпараттық ресурстарға еркін қол жеткізбек.