Биыл ҰБТ-ға 7508 мектеп бітіруші түлек қатысады

Биыл ҰБТ-ға 7508 мектеп бітіруші түлек қатысады

2021-2022 оқу жылында 8 мыңға жуық білім алушы мектеп бітіреді. 14 мамырға дейін ұлттық бырыңғай тестке өтініш жасау электронды форматта қабылданады. Сондай-ақ, 7 508 оқушы ҰБТ-ға қатысады деп күтілуде. Қорытынды емтихан тапсыру 9 сынып оқушылары үшін 28 мамыр – 6 маусым аралығында өтсе, бітіруші түлектер үшін емтихан тапсыру уақыты 27 мамыр – 10 маусым аралығына жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова хабарлады.
Сонымен қатар 1-8 және 10 сынып оқушыларына ата-анасының келісімімен 26 мамыр-17 маусым аралығында жазғы мектеп ұйымдастырылады. Яғни, күрделі пәндер терең оқытылып, білім сапасын арттыруға сеп болмақ. Әр сыныпта 25 баладан аспауы тиіс.
-Биыл 11 сынып түлектері үшін Қазақстан тарихы пәнінен емтихан ауызша түрде өтеді. Оқушыларға 30 билет, әр билетте 3 сұрақтан беріледі. Қалған мемлекеттік емтихандардың өткізілуінде өзгеріс жоқ. Биыл ҰБТ тапсырушы түлектерге екі мүмкіндік беріледі. Яғни, тек бір бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады. Пәндердің санында өзгеріс жоқ. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Сондай-ақ, аттестат тапсыру рәсімі 16-17 маусым күндері өткізіледі. Облыс бойынша «Алтын белгіге» үміткер 292 оқушы бар. Олар ҰБТ қорытындысы бойынша «Алтын белгіні» берудің объективтілігі арқылы бағаланатын болады. Осыған байланысты мектеп әкімшілігі мен білім бөлімдері мемлекеттік қорытынды емтихандардың ашықтығын қамтамасыз ететін болады. Мектеп бітіру кештері білім ұйымдарының ауласында өткізіліп, оқушылар мектеп формасымен қатысуы міндетті. Ойын-сауық орындар мен тойханаларда кеш өткізуге тыйым салынады, - деді басқарма басшысы Ақзира Қасымова.
Осы жылы 140 білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізілмек. Қазіргі таңда 65 білім ордасы мемлекеттік аттестаттаудан өтті.
-Мемлекеттік аттестациялау нәтижесінде 30 білім беру ұйымы жалпыға міндетті білім стандартының талаптарына сәйкес болмауына байланысты аттестаттаудан өтпеді. Өзге білім ордаларында қайта аттестаттау жұмыстары жүргізіледі. Аттестаттау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жазғы айларда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жалғасатын болады, - деді Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова.