Мемлекеттік бағдарламалар аясында шаруаларын жүргізіп отқан жандардың еңбегімен танысу мақсатында Белкөл кентінде баспасөз туры өтті. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қызылордалық кәсіпкер Бекболат Рсалиев 1998 жылдан бастап ірі қара мал өсіріп, етін сатуды кәсіп қылып келеді. Белкөл кентінде 5 гектар аумақты алып жатқан «KZO-Ет» шаруа қожалығы алғашында отбасыға ортақ шағын қорадан бастау алған.
Кейін сауда көлемі ұлғайып, сатып алушылар қатары көбейе келе кәсіпкер кәсібін кеңейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға жүгініп, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 58 млн. теңгеге қаржыландырылады.
Жалпы, кәсіп көзінде 6 дүкен бар, оның екеуі әлеуметтік. Аталған дүкендерге тәулігіне 200, 300 кг сиыр мен жылқы етін халықтың қалтасына қонымды бағада жеткізуде. Кәсіпкер сұранысы мол салада 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жалпы, Белкөл кентінде бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 255 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда. Өткен жылдың өзінде 41 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 81 тұрақты жұмыс орны ашылған. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында кентте барлығы 467,3 млн. теңге көлеміндегі 19 жоба мақұлданған.