Қызылорда облысында азық-түлікке бағаны тұрақтандыру - басты назарда

Қызылорда облысында азық-түлікке бағаны тұрақтандыру - басты назарда

Қызылорда облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында облыста азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру мақсатында 5 533 қатысушы анықталды. Бұл бағытта тиісті тексерулер жүргізу мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті қарауына ұсынылды.

Осы мақсатта 324 өндіруші және дистрибьютерлік компания, 430 заңды және жеке тұлға мен көтерме жеткізу бойынша фирма назарға алынды. Сондай-ақ, 4 779 супермаркет, шағын маркет және үй жанындағы дүкендердегі бағалар қадағаланады.

Өңірде бағаны реттеудің тиімді әдісі тұрақтандыру қорын қалыптастыру бағытында облыстық бюджеттен соңғы екі жылда 2134,3 млн теңге бөлінді. Бүгінде тұрақтандыру қорында 1376,2 тонна өнім бар. Оның ішінде 420,8 тонна бірінші сұрыпты бидай ұны, 75,5 тонна қарақұмық жармасы, 180,4 тонна күріш, 56,5 тонна макарон, 72,2 тонна картоп, 200 тонна басты пияз, 97,9 тонна күнбағыс майы, 100 тонна сәбіз, 172,9 тонна қант өнімі бар.

Аймақта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тағы бір тиімді тәсілі ретінде «айналым» схемасы бойынша кәсіпкерлерге заем беру тәсілі кеңінен пайдаланылуда. Бұл бойынша 18 кәсіпкерлік субъектісіне 973 млн теңге қолдау көрсетілді. Осындай қолдауға ие болған кәсіпкерлердің 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және тұрақтандыру қорындағы өнімдер тұтынушыларға жол тартты. Ол «Байқоңыр» ӘКК қарасты Қызылорда қаласында орналасқан 36 әлеуметтік дүкен және қосымша 14 ірі супермаркетте келісім негізінде ашылған әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада сатылуда. Б

арлық әлеуметтік дүкенде нан -55, қант 263, өсімдік майы - 630, картоп - 130, сәбіз - 130, пияз - 65, қырыққабат - 90, 1 сортты ұн - 135, қарақұмық жармасы - 415, күріш 210 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, тұтынушыларға макарон 200, сиыр еті 1650, тауық еті (окорочка) 785 теңгеден, жұмыртқа 32 теңгеден, сүт 280, айран 225, сүзбе 1283, сары май 2504, тұз 40 теңгеден берілуде. «Аймақта негізгі азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру бағытында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жасауда. Бұдан бөлек, облыс тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада қамтамасыз ету үшін сауда желілері арқылы облыс кәсіпкерлеріне айналым схемасы бойынша заем берілуде. Тұрақтандыру қорының және заем арқылы қамтамасыз етілген әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарлары облыстағы 34 әлеуметтік дүкен мен 18 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрыштары арқылы сатылуда. Тұрақтандыру қорын өнімдермен толықтыру және кәсіпкерлерге зайым беру үшін соңғы екі жылда облыстық бюджеттен 2 134,3 млн теңге бөлінген. Ал, 2022 жылы тұрақтандыру қорына 1 300,0 млн теңге қарастырылып отыр. Оның 800,0 млн теңгесі тұрақтандыру қорына өнім алуға, 500,0 млн теңгесін айналым схемасы бойынша кредит беруге бағытталуда. Ал, бүгінде облыстық тұрақтандыру қорында 1398,7 тонна өнім қоры бар», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дұйсебаев.

Нан бағасын 90 теңгеден төмен бағада сатуды қамтамасыз ету мақсатында наубайхана иелерімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде наубайханадан нан бағасы 80-85 теңгеден босатылып, бөлшек саудада 90 теңгеден асырмай сату жөнінде келісілді.

Жалпы статистикалық жедел ақпаратқа сәйкес облыста жыл басынан 18 қаңтардағы жағдайы бойынша әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 100,3% құрап отыр. Ол республикалық көрсеткішпен сәйкес.

Жыл басынан әлеуметтік бар негізгі азық-түлік тауарларынан қырыққабат - 7,7%, картоп - 2,7%-ға жоғарылап, жұмыртқа 0,3%-ға төмендеді. Қалған 16 өнімдерге баға тұрақты.

Жалпы облыста сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, азық-түлік өнімдерінің тапшылығы байқалмайды.