Жол сапасы назарда

Жол сапасы назарда

Облыс көлемінде «Жол» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 9 млрд. 600 млн теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 216 км құрайтын жол күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде облыстық және аудандық маңызы бар 45 автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов хабарлады.
«Облыстық және аудандық маңызы бар 45 автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісінше пайдалануға берілетін 24 автокөлік жолы келесі жылға өтпелі болып табылады. Сонымен қатар, Жалағаш және Сырдария аудандарының облыс орталығымен байланыстыратын ұзындығы 91км құрайтын «Қызылорда-Жалағаш» тас жолын жөндеуден өткізу жұмыстары басталды. Жалпы аудан орталығындағы елді мекендерді байланыстыратын және ауылдың кіре беріс жолдарын дамыту мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы негізінде жүргізілуде», - деді басқарма басшысы Мұрат Жолкелдіұлы.
Облыс бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» биылғы жылдың он бір айында 223 нысанға 473 рет тексеру жүргізді. Қазіргі таңда талапқа сай келмеген 460 жол құрылыс материалдарының 189 сынамасы қалпына келтірілген.
«Тексеру барысында 1297 сынама алынып тексерілді. Оның ішінде 460 жол құрылыс материалдарының сынамалары нормативтік құжаттардың талабына сай болмай шықты. Аспаптық тексеру барысында 190 ақау анықталды. Оның 59 өрескел екендігі белгілі болды. Республикалық маңызы бар жолдар бойынша 5 нысанға 158 тексеру жұмыстары жүргізілді. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың 150 нысаны 224 рет тексерілді. Нәтижесінде, 383 жол құрылыс материалдарының сынамалары талапқа сай еместігі анықталды. Жіберілген кемшіліктер толығымен қайта қалпына келтірілді», - деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.