Республикалық Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасында шорт-трек спорт түрінен қызылордалық 2 оқушы жүлдегер атанды. Аймақ абыройын асқақтатқан М.Дүйсенов атындағы №15 ІТ мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы Ұлту Құрманбай «Орта жастағы жасөспірім қыздар 800 метр» бағыты бойынша ІІ орын, «Супер финал 1000 метр» ІІІ орын, «Көпсайыс» көрсеткіші бойынша ІІІ орынды иеленді. Ал, С.Сейфуллин атындағы №4 ІТ мектеп-лицейдің 8 сынып оқушысы Қарақат Балмұханова «Орта жастағы жасөспірім қыздар 800 метр» бағытында ІІІ орынға лайық деп танылды.
Жеңімпаздарды облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қабылдап, әлемдік додаларда қарсыластарын шаң қаптырып, биік белестерді бағындырған оқушыларға сәттілік тілеп, құрмет көрсетті. Басқарма атынан жеңімпаз оқушыларға электронды оқулықты сыйға берді. Сондай-ақ, жаттықтырушысы Марат Мұратбековке марапат табыстады.
Айта кетейік, Х қысқы Қазақстан оқушылар гимназиадасы 24 ақпан мен 12 наурыз аралығында Нұр-Сұлтан және Петропавл қаласында 8 ойын түрінен өтті. Атап айтқанда, биатлон, қысқы Президенттік көп сайыс, шаңғы, қысқы спорттық бағдарлау, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен сырғанау, шайбалы хоккей.