"Білім инновация" және "Дарын" мектебіне оқуға құжат қабылдау басталды

"Білім инновация" және "Дарын" мектебіне оқуға құжат қабылдау басталды

Облыста «Білім-инновация» лицейлеріне және «Дарын» мектебіне оқуға құжат қабылдау басталды. Аталған мектептерге қазір 6-шы сыныпта оқып жатқан оқушылар ғана құжат тапсыра алады. «Білім-инновация» лицейлеріне талапкерлер тиісті құжаттарын 20 сәуірге дейін тапсыра алады. Онлайн форматта wvw.bilemtihan.kz cайтына тіркеліп, конкурсқа қатысу өтінішін толтырады. Ал «Дарын» мектебіне құжатты 1 сәуірге дейін qabyldau.daryn.kz сайты арқылы тапсырады.
- Бүгінде қазақ-түрік лицейлерінің атауы «Білім-инновация» болып өзгергенімен оқушыларды қабылдау емтихандары бұрынғыша жүргізіледі. Лицейге түсу үшін оқушылар математика, логика, Қазақстан тарихы, қазақ тілі сынды 4 пәннен емтихан тапсырады. Алғашқы кезеңде жоғары балл жинағандар екінші турға өтеді. Бірінші кезеңде 60 сұраққа 100 минут беріледі. Екінші турда 75 сұраққа 130 минут беріледі, - деді №10 Дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Абайбек Сарсенбеков.
- Лицей мұғалімдері жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Математика, физика, биология, химия, информатика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Лицей-интернатта 28 жоғары білімді педагог қызмет істейді. 27-і Қазақстан азаматы, 1-і түркиялық маман. Бүгінде «Oxford Vision» мекемесімен келісім шарт негізінде Филиппин Республикасынан келген азамат Дилберт Бартолемео және Луи Лиза лицей-интернатта ағылшын тілі пәнінен дәріс беруде, - деді №9 Дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Руслан Сихимбеков.
Ал «Дарын» мектебіне биыл 50 грант бөлінді. Қосымша «Мың бала» жобасы бойынша 5 квота берілді.
- Оқушының құжаттарын жүктеуге қатысты тоқталып өтсем, тек төрт қана құжат жүктеледі. Сондай-ақ, емтиханда математика және логикадан 55 сұрақ, оқу сауаттылығынан 10 және Қазақстан тарихы 10 сұрақтан тұрады. Сұрақтарды белгілеуге 120 минут беріледі. Конкурстың іріктеу нәтижелері апелляцияға өткізілмейді,- деді №4 Дарын мектебінің директоры Қарлығаш Ақышева.