Көпбалалы кәсіпкер әйел

Көпбалалы кәсіпкер әйел

Бүгінде шағын кәсіпке бет бұрған қыз-келіншектер қатары артып келеді. Сан саланы игеріп, бейімделген олар от басы, ошақ қасынан алыстамай шаруаның көзін тапқан. Табысын еселеп, өзгені де тұрақты жұмыспен қамтуда. Солардың бірі – қала тұрғыны Қарлығаш Матығұлова.
Ол «Дәмді» полуфабрикат желісін ашқан. Үй өнімдері сұранысқа ие болғандықтан, ісі жандануда. Өнімдері қаладан өзге аудан орталықтарына да тасымалданады.
– Қазір екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер көп. Талаптанбай іс болмас. Тәуекелге бел будым. Негізі мамандығым – тарихшы. Мектепте біраз жыл жұмыс істедім. Тұрмысқа шыққаннан кейін бала күтіміне байланысты үйде отырып қалдым. Көпбалалы ана атандым. Бала көбейген сайын қажеттілігі артатыны түсінікті ғой. Қолдан тұшпара түйіп, көрші-қолаңға өткіздім. Тамақты дәмді дайындайтын едім. Сұраныс арта бастады. Қосымша бір адамды жұмысқа алдым. Тұтынушының талабына сай үй өнімдерінің санын еселей түстім, – дейді ол.
Есік алдындағы гаражды шағын дүкенге айналдырды. Ішін жабдықтап, құрал-саймандарын түгендеді. Кәсіпкер болуға түбегейлі бекініп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдірді. Сертификат иемденді. Жобасы қолдау тауып, қайтарымсыз 550 мың теңге грант жеңіп алды. Қаражатына 4 тоңазытқыш алып, тапсырыс аясын кеңейтті.
Қазір шағын цех үздіксіз жұмыс істейді. Қолдан бөрек, котлет, манты, тефтели, тұшпара сынды үй тағамының 15 түрін жасайды. Күніне әр өнімді 10 келіден дайындайды. Етті мал бордақылайтын кәсіпкер жеткізіп береді. 28 жастағы келіншек 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аспаздар үшін де барлық жағдай жасалған. Айлығы да уақытылы төленеді.