Тарихи орындар туристік аймаққа айналады

Тарихи орындар туристік аймаққа айналады

Өткен жылдың басында басталған пандемия туристік қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметтері шектеліп, облысқа келушілердің саны едәуір азайған. Жыл қорытындысы бойынша облысқа келушілердің саны 32 139 адамды құраған. Осы кезеңде аймақтағы қонақ үй, туристік фирма және т.б. орындар 469,3 млн. теңге сомасында қызметтер көрсеткен. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, Сыр өңіріне туристерді көптеп тарту мақсатында тарихи орындардың маңызын арттырмақ. Осы мақсатта қазіргі таңда ішкі туристік бағыттарда орналасқан тарихи-көне қалашықтардың орындарын аралап, ғылыми экспедициялар ұйымдастыруда.
Бұл ретте, «Сығанақ», «Жанкент», «Қышқала» (Баршынкент) қалашықтарына кешенді түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде.
Қазалы ауданындағы ортағасырлық Жанкент қалашығында қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, тұрғын үй орындары және басқа да құрылыс орындары аршылып, маңызды нысандар консервацияланды. ІХ-ХІ ғасырларға тән хумдар, құмыралар, шырағдан, қоңырау, тиындар, сүйектен жасалған түймелер табылды. Қалашықта консервацияланған бір бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды.
Жаңақорған ауданындағы ортағасырлық Сығанақ қаласында қорғаныс қабырғасымен жанама салынған құрылыс нысандары, кесене, орталық мешіт қабатындағы 2 құрылыс нысаны аршылды. Қазба барысында қазанның ошағы, бүтін құмыралар, керамикалық ыдыстар, қыш жапсырмалар табылды және сол дәуірдегі адам сүйектері анықталды.Аршылған нысандар консервацияланды.
Жанкент, Сығанақ қалашықтарда зерттеу жұмыстарымен қатар, ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді. Бүгінгі күні қалашықтарда археологиялық-этнографиялақ біртұтас жүйе қалыптасуда.
Сырдария ауданындағы ортағасырлық Қышқала қалашығынан ортағасырлық кесененің, екі мұнарасы сақталған қыштан салынған ғимараттың және ХІҮ ғасырдағы құдықтың орындары аршылып, консервацияланды. Бұл ескерткіштің ерекшелігі мұндағы әрбір құрылыс нысандары күйдірілген қыштан салынып, діни ғұрыптық ғимараттары глазурленген қыш жапсырмалармен қапталғандығын атап өтуге болады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған мол мұралар тарихи орындарды аспан астындағы ашық музейге айналдыруға мүмкіндік тудыруда.