Қызылордада IT маманы «Бастау» жобасын оқып, тоқыма өнімдерін шығаруды қолға алды

Қызылордада IT маманы «Бастау» жобасын оқып, тоқыма өнімдерін шығаруды қолға алды

Қызылордалық Гүлнұр Борбасова «Бастау» жобасының 2019 жылғы түлегі. Негізгі мамандығы IT саласымен тікелей байланысты ол Алматы қаласындағы елімізге белгілі банктердің бірінде жұмыс жасаған. Тұрмыс құрып, балалы болғаннан кейін бала күтіміндегі кезеңді босқа өткізбейін деген жас ана тоқыма тоқуды хоббиіне айналдыра бастайды.
Бұйымдарды тоқуды виртуалды курстардан үйренген Гүлнұр уақыт өте келе тоқыған өнімдерін табыс көзіне айналдыруды көздейді. Анасынан «Бастау» жобасы туралы естіген ол, Кәсіпкерлерпалатасынан кеңес алып, жоба аясында біліктілігін жетілдіреді.
«Бастау» жобасын 2019 жылы оқыдым. Ол кезде курс офлайн жүргізілді. Бизнес-тренер Наталья Мишуковадан сабақ алдым. Бизнесті бастаудың алғышарттарымен танысып, салықтық және өзге де есептіліктерді тапсыруға қатысты құнды ақпараттарға қанық болдым. Осылайша қызығушылықтан басталған тірлігімді теңгеге айналдырудамын», - дейді жас кәсіпкер Гүлнұр Борбасова.
«Бастау» жобасынан сертификатын алған соң, курста әзірлеген бизнес-жоспарын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы гранттық комиссия алдында қорғап, 530 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Гранттық қаржыға жақында тоқыма машинасын сатып алыпты.
Бүгінде Гүлнұр қолдан әр мезгілге арналған бас киімдерді, шарфтарды, сөмкелердің түр-түрін тоқиды. Енді кеудешелерді тоқуды қолға алуда.
«Тоқыма машинасы еңбек өнімділігі үшін маңызды. Бұйымдарды қолдан тоқу барысында біршама уақыт кетіп қалады. Кей бұйымды 2-3 күнде әзірлеймін, күрделілеріне 1 аптаға дейін уақыт кетеді. Ал тоқыма машинасы бұл олқылықтың орнын толтырады деп үміттенемін. Себебі өнімнің санының артуы табысқа да әсер етері сөзсіз», - дейді жас кәсіпкер.