
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, Мемлекет басшысының цифрлық активтер индустриясын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Отырысқа облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режимде қатысты.Одан кейін өткен мәжілісте күн тәртібіндегі және әлеуметтік көмектің атаулылығын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты талқыланды.
Аймақта мемлекеттік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, IT, өнеркәсіп және көлік-логистика салаларын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мамыр айынан бастап енгізілген цифрлық активтер айналымын реттеу шаралары Ұлттық Банкпен және орталық атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен көрсетілетін 14 әлеуметтік көмек түрінің құқықтық актілеріне скоринг жүйесі енгізілді. Аталған жүйе цифрлық карта арқылы отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалауға мүмкіндік береді. Цифрлық картада әлеуметтік жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланатын А және Б санатындағы отбасылар бойынша верификация жүргізу қажет. Бұл жұмысты 20 қыркүйекке дейін аяқтау тапсырылған.
Қазіргі таңда облыстың цифрлық картасында 221 341 отбасы немесе 850 747 адам туралы мәлімет қамтылған. Оның ішінде верификациядан өткізілуі тиіс 25 689 отбасы анықталған. Тапсырманы белгіленген мерзімде сапалы орындау үшін аудан және қала әкімдіктеріне күнделікті меже көрсетілген тиісті кесте бекітіліп жолданды. Бүгінде жұмыс осы жоспарға сәйкес жалғасуда.