Төмендету коэффициентін қолдануды қайта қарау ұсынылды

Төмендету коэффициентін қолдануды қайта қарау ұсынылды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде «Aksa Energy Qyzylorda» серіктестігіне төмендету коэффициентін қолдану мәселесі талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қызылорда қаласында 240 МВт электр және 277 Гкал жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу-электр орталығы салынды. Жобаға 215 млрд теңге инвестиция тартылып, нысан биыл толық пайдалануға берілді.
Мамыр айында станцияда аттестаттау жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 255 МВт электр қуаты расталды. Маусымның 23-інде «KEGOC» АҚ-ның 220 кВ электр желісіндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары барысында апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылып, бу турбинасының жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта турбина дайындаушы зауытқа жіберіліп, қалпына келтірілуде.
Осыған байланысты Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы тарапынан төмендету коэффициенті қолданылуда.
Соңғы үш айда аталған төлемдер бойынша шамамен 1,8 млрд теңге көлеміндегі айырма қалыптасты.
Технологиялық бұзушылық сыртқы факторлардың әсерінен орын алған. Осыған байланысты «Aksa Energy» жобасына төмендету коэффициентін қолдану мәселесін қайта қарау, сыртқы факторлардың әсерінен бұзушылық болған жағдайда осы коэффициентті қолдану тәртібін нормативтік-құқықтық тұрғыдан жетілдіру ұсынылды.
Бұл шаралар энергетикалық нысанның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, инвестициялық жобаларды қолдау тетіктерін жетілдіруге және өңірдегі инвестициялық ахуалды қолайлы ете түсуге мүмкіндік береді.