Жылу беру маусымына дайындық пысықталды

Жылу беру маусымына дайындық пысықталды

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында бой көтерген жаңа жылу-электр орталығының жұмысымен танысты. 240 мегаватт электр, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін орталық құрылысына түркиялық «AksaEnergy» компаниясы 215 млрд теңге инвестиция салды.
Жоба аясында қуаттылығы 185 мегаватт 3 газ турбиналық қондырғы, 55 мегаваттық 1 бу турбинасы, 3 бу және 2 су жылыту қазандығы орнатылған. Жаңа орталықты тамыз айында толық іске қосу жоспарлануда.
Бұдан кейін облыс әкімі «Қызылордажылу-электр орталығына» барды. Қазіргі мұндағы жылу энергия көздерінің 85 пайызы,жылу желілерінің 40 пайызы тозған. Станция 67 мегаватт электр, 355 гигакалория жылу энергиясын өндіреді.
Жалпы алдағы жылу беру маусымына дайындыққа 5,5 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған. Бұл қаражат есебінен 8,7 шақырым жылу желісін жаңғырту жобасы аяқталып, №1 және №2 газ турбиналық қондырғыларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, 1,3 шақырым жылу желісі, 1 қазандық, 1 турбина, 10 автономды қазандық, негізгі және қосалқы жабдықтар жөнделеді.
Облыс әкімі «Қызылорда электр тарату тораптары» мекемесіне де барды. Мекемеге қарасты 10 608 шақырым электр желісі, 2 058 қосалқы станция бар, ал трансформаторлардың жалпы қуаты 1 350 мегаватт.
Тұрғындардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды аралау қорытындысымен жауапты сала жетекшілеріне тапсырмалар берілді. Олар – алдағы жылу беру маусымына дайындықты уақытылы, сапалы жүргізу, тұтынушыларға электр энергиясын тұрақты жеткізу.