Аймақта 7 типтік жобадағы мал қорымы салынуда

Аймақта 7 типтік жобадағы мал қорымы салынуда

Өңірде 83 типтік жобадағы мал қорымы бар. Биыл қосымша тағы 7-еуі салынуда. Оның 5-і Аралда, 2-еуі Жалағашта орналасқан. Яғни, жыл соңында 90 типтік жобадағы мал қорымы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, ауру ошақтарын болдырмау және алдын алу мақсатында қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы республикалық бюджет есебінен 5544,3 мың доза ветеринариялық препараттар алынды. Қазіргі таңда, бекітілген жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде.

-Жыл басынан “Е-лицензия” веб-порталымен 1 лицензия рәсімделіп, «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» бойынша 40605 дана ветеринариялық анықтама берілді, мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ауыл шаруашылығы жануарларының 6 түрлі энзоотияға қарсы препараттар сатып алынды. Сонымен қатар, бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесінде 27 бас МІҚ, 62 бас уақ мал оң нәтиже көрсетті. Ауру малдар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес, уақытылы сойылып, мал иелеріне өтемақылары толық төленді. Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарында құтыру ауруының 4 ошағы тіркелді. Ауру ошақтарына шектеу қойылып, тиісті іс-шаралар жүргізілді,-деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов.