Теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды

Теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы теміржол вокзалдарын коммуналдық меншікке қабылдауды заңнама талаптарына сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды.
–Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсетуі де жаңа сапаға көшуі тиіс. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдар аумағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Облыс аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Оның 83,4 шақырымын күрделі жөндеу басталды. Бүгінгі күнге дейін 50,4 шақырымы жөндеуден өткен, қалған 33 шақырымы жыл соңына дейін бітеді. Сексеуіл станциясында 18,7 шақырым теміржол салынып, 77 жиынтық бағыттамалы бұрма орнатылуда.
Қызылорда облысынан 15 жұп, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушы пойызы қатынайды.
Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, іргелес аумағы абаттандырылды. Бүгінде өңірдегі 7, атап айтқанда Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл вокзалдарында, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерінде, Жаңақорған ауданы Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазалы, Шиелі, Жаңақорған вокзалдары мен Талап бекетінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ мәжілісте жауапты басшыларға бір апта ішінде өндірістің жаңа бағыттарын дамыту және іске қосуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталуы тиіс.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізу мәселесі де талқыланды.
Облыс әкімі кенеге қарсы өңдеу шараларын ветеринариялық талаптарға сай ұйымдастырып, орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Аурудың алдын алудың және алғашқы белгілері байқалған бойда медициналық көмекке жүгінудің маңызы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.