
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.
Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина»,«Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық № 3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған.
2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.