
Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Аймақ басшысы сырбойылықтарды мерекемен құттықтап, елдік рухты асқақтатқан Мемлекеттік рәміздердің айрықша маңызына тоқталды.
«Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады», – деген болатын.
Бүгінгі айтулы мерекеге орай облыс көлемінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, түрлі форматтағы іс-шаралар өтуде.
Осы ретте, еліміздің жарқын болашағына аянбай еңбек етіп, отансүйгіштіктің нағыз үлгісін көрсетіп жүрген жерлестерімізді марапаттау рәсімінде бас қостық.
Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігіміздің еңсесін көтеруде әрбір азаматтың адал еңбегі мен берік ұстанымы маңызды.
Сіздер Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құруға, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосып келесіздер. Алдағы уақытта да қасиетті Отанымыздың өсіп-өркендеуіне барлық күш-жігерлеріңізді жұмсап, жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп сенемін!»– деді облыс әкімі.
Мерекелік шарада Мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйледі.
Президент Жарлығына сәйкес жерлестеріміз «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталды.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты табысталды, бірқатар азамат облыстың Құрмет грамотасын, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалін және облыс әкімінің Алғыс хатын алды.