Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды

Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «PetroKazakhstan Inc» компаниясының президенті Чэнь Даюмен кездесті. Кездесуде өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және алдағы бірлескен жоспарлар талқыланды.
Аймақ басшысы компанияның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Әсіресе, жұмыс орындарын сақтау, өндіріс үдерістеріне заманауи технологияларды енгізу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету маңызды бағыттардың қатарында.
Кездесуде Оңтүстік Торғай бассейніндегі кен орындарының қазіргі ахуалы сараланды. Бүгінде игеріліп жатқан кен орындарының басым бөлігі өндірістің соңғы кезеңінде, қалдық қор қиын өндірілетін санатқа жатады. Бірқатар ұңғымадағы сулану деңгейі 95 пайызға дейін жетіп, бұл өндіріс көлемінің азаюына, жұмыс орындарының қысқаруына әсер етуі мүмкін.
Осыған байланысты жаңа перспективалық учаскелерде геологиялық барлау және игеру жұмыстарын күшейту қажет. Атап айтқанда, өткен жылы аяқталған Арал шөгінді бассейніндегі зерттеулер нәтижесінде шамамен 1,1 млрд тонна шартты отын көлеміндегі көмірсутек белгілері анықталған.
Басқосуда әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Мұнай компаниялары қызметкерлерінің жалақысы мен еңбек жағдайына қатысты талап-тілектері, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау шараларын күшейту мәселелері талқыланды.
Газ тапшылығының алдын алу үшін газ кен орындарын игеру, газ құбырларын тарту жобаларын жедел жүзеге асыру, бұл іске компания белсенді атсалысуы өте маңызды.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған өзара тиімді ынтымақтастық одан әрі нығая береді.