
«Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ мен Wabtec арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыты ел аумағында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды көздейді. Сол жобалардың бірі – Арал ауданындағы оқушыларға арналған заманауи шығармашылық сарайы.
Ұлттық компанияның бастамасы аясында 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебін» біріктірген, балаларға қосымша білім беретін заманауи инфрақұрылым құрылады. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Жалпы ауданы 1 950 шаршы метрлік кешенде түрлі бағыттағы үйірмелер, өнер және қосымша білім беру кабинеттері орналасады деп жоспарлануда. Бұл оқушылардың бейіміне қарай сапалы қосымша білім алуына, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Жұмысқа 120-дан астам маман тартылып, нысанға отандық құрылыс материалдарын пайдалану арқылы жергілікті өндірісті қолдауға да басымдық берілмек. Оқушылар сарайы ел игілігіне айналғаннан кейін 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аталған жоба өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, балалар мен жастар үшін қолайлы орта қалыптастыруға және елді мекен тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал етеді.