
Үш күн бұрын Арал ауданына аң аулауға барып, жолдан адасып кеткен Ақтөбе қаласының тұрғыны табылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов мәлімдеді.
Ақтөбе қаласының тұрғыны 27-ші қазан күні Аралға құс атуға барады. Қасында екі серігі болған. Өзі жолдан адасып кетеді. Сол күні жолдастары өздері іздестіріп көреді. Еш нәтиже шықпағасын ертесіне Арал аудандық полиция басқармасына хабар береді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары «Көкарал» шлюзінің платинасынан басталды. Оған Қызылорда облысы Өрт сөндіру қызметі Жедел-құтқару жасағынан 4 құтқарушы, 1 техника, жергілікті полициядан 8 қызметкер 2 техника және аудан әкімдігінен 5 қызметкер 2 техника жұмылдырылды.
- 29 қазан күні шлюзден 30 шақырым жерде іздеу жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар көл маңайындағы батпақты жерді жаяу шолып шықты. Іздеу операциясы күн батқанға дейін жалғасып, еш нәтиже бермеді. Бүгін жоғалып кеткен аңшыны іздестіру жалғасты. Нәтижесінде сағат 08:45 минут шамасында аңшылар тұрағынан 8 шақырым жерден табылды. Іздестіруге бізге жергілікті аңшылар көмек көрсетті. Адасқан аңшыға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп, ыстық тамақ берілді. Қазір денсаулығы бірқалыпты, - облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Нұрсұлтан Ибрагимов.