Облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың әлеуметтік қызметкерлер күнімен құттықтауы

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықованың әлеуметтік қызметкерлер күнімен құттықтауы

Құрметті әріптестер,
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Күн сайын Сіздер зейнеткерлерге, жан жылуын, адамзат мейірімін күтетін қамкөңіл жандарға, көп балалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын созып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында тіршілік тынысы тарылып, өмірлік қиын жағдайға душар болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктеуде. Оларға болашаққа деген үміт сыйлап, өз міндеттеріңізді жауапкершілікпен орындап жүрсіздер.
Айналасынан жәрдем күткен азаматтардың қайғысы мен қиындығын бөлісіп, бірге еңсеруге аянбай еңбек етіп жүрген Сіздердің әрбіріңіз құрметке лайықтысыздар!
Сол себепті, ел Президентінің Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленді.
Әлеуметтік қорғау жүйесі - үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді талап ететін сала.
Биыл елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері үздіксіз 24 сағат жұмыс жасады. Қатаң карантин кезеңінде тұрғындардың сауалдарына үздіксіз жауап беретін телефондар іске қосылды.
Сыр өңірінде бүгінгі күні әлеуметтік салада 2 мыңнан астам адам қамқорлықты қажет етуші мыңдаған азаматтарға қызмет көрсетуде.
Бұл саланың өңірімізде қалыптасып, дамуында Қорғанбек Қайруллаев, Аманкүл Тайғараева, Базаркүл Сейдахметова, Гүлсім Көшекова, Рахила Такенова, Майдан Маселеева, Генадий Васильевич Максин сынды ардагерлердің еңбегі зор. Ал, Амангелді Құдайбергенов ағамыз бүгінгі күні әлеуметтік сала ардагерлерінің төрағасы.
Тоқырау жылдары саланың ыстық-суығына төзіп, жұмыстың дұрыс жүруіне зор үлес қосқандар қатарында Қазалы ауданында Шәмша Айтуғанов, Жаңақорған ауданында Мұзарап Махмутов, Шиелі ауданында Айдар Сәрсенбаев, Жалағаш ауданында Фатима Сейдахметова, Қызылорда қаласында Гүлшара Ембергенова секілді аға-апаларымыз бар. Олардың ел игілігі үшін атқарған еңбектері қашанда жастарға үлгі-өнеге.
Адами ізгі қасиеттерді талап ететін салмағы ауыр салада бүгінгі күні ардагерлердің ізін жалғастырып, 30-дан аса сала үздігі еңбек етуде.
Кәсібіне адалдықпен, жабыққан тағдырларға жауапкершілікпен қарап, жүрегіне мейірім шуағын ұялатқан әлеуметтік сала қызметкерлерін, әріптестерімді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, күрделі салада тынбай еткен еңбектеріңізге зор ризашылығымды білдіремін!
Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін!