
ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен бірге Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына және «Қызылорда нан» зауытына барды.
Екі нысан да биыл қолданысқа берілген, ашылғанына көп уақыт болмаса да жұмысы жүйеге түскен. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына бір мезетте 500, тәулігіне 3 мың оқушы келіп, спортпен айналысып, шығармашылық қабілетін шыңдай алады. Ол үшін бассейн, топтық жаттығу, көркем гимнастика және фитнес, үстел ойындарына арналған, жекпе-жек залдары бар. Кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, киберспорт және математика кабинеттері де талапты шәкірттердің қызығушылығына сай жабдықталған.
Бала тәрбиесіндегі маңызды тармақ – олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. «Сыр жұлдыздары» қызылордалық жеткіншектердің арманына қанат байлаған, болашағына бағыт белгілейтін мекенге айналып келеді.
«Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешені биыл қазан айында іске қосылды. Тұрғындарды сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз ететін жаңа кешен тек өндірістік ғана емес, әлеуметтік жағынан да маңызды нысан болып есептеледі.
Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қаладағы және оның маңындағы дүкендерге жеткізіледі.
Үкімет басшысының кеңесшісі аймақтағы серпінді жобаларға оң бағасын берді.