«Қарызсыз қоғам»: Қызылордалық команда үздіктер қатарында

«Қарызсыз қоғам»: Қызылордалық команда үздіктер қатарында

«AMANAT» партиясында «Қарызсыз қоғам» жобасы қорытындыланды. Үш жыл бұрын партия халықтың қаржылық сауатын арттыру және азаматтардың несие жүктемесін азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу үшін жауапты мемлекеттік органдардың, банктердің және қаржы ұйымдарының ресурсын бір арнаға тоғыстырған еді. Жоба тұтас ел аумағында жүзеге асты. Биыл 860 мыңға жуық азамат оқудан өтіп, оларға кәсіби көмек көрсетілді.
Сөз басында Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жобаға ат салысқандарға алғыс білдіріп, оның тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді құралына айналғанын атап өтті.
Бүгінде «Қарызсыз қоғам» жобасы ауқымды пікірлестер тобын біріктіріп, бұл қадам азаматтарға кешенді көмек көрсетудің тұтас экожүйесін құруға мүмкіндік берді. Партия базасында республикалық колл-орталық іске қосылып, күн сайын 180 заңгер 5 мыңға жуық өтініш қабылдауда. Бұған қоса, qogamfin.kz цифрлық платформасы құрылып, WhatsApp және Telegram-да AI-боттар жұмыс істейді. Биыл ауылдар, шалғай елді мекендер тұрғындарымен тікелей кездесу өткізетін мобильді топтар жұмысын бастады.
Жоба қызметкерлері азаматтарға алғаш өтініш бергеннен бастап, қиындықты толық еңсергенге дейін қолдау көрсетеді. Заңгерлік, психологиялық кеңес береді. Сондай-ақ, шоттар мен мүліктерді бұғаттан шығаруға, қарызды қайта құрылымдауға, берешек бойынша төлем жасаудың қолайлы кестесін құруға, жаңа дағдыларды үйретуге көмектеседі. Бұл мыңдаған қазақстандық отбасының дағдарыстан шығып, өмірді қайта бастауына мүмкіндік берді.
Елордада өткен іс-шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевке «Қарызсыз қоғам» жобасының аймақтық командасына берілген марапат табысталды.
Биыл жоба аясында 22 800 азаматқа қызмет көрсету межесі бекітілген.
Бүгінгі күні 39 167 азаматқа қызмет көрсетіліп, жылдық жоспар 172 пайыз артық орындалды.
Желтоқсанның 1-індегі мәліметке қарағанда, өңір тұрғындарынан соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы 20 610 арыз түскен.
Оның ішінде, 4 662 жеке тұлға банкрот деп танылса, 15 196 арыз қанағаттандырусыз қалдырылған, 334 арыз қарастырылуда.