«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының орындалуы, Мемлекет басшысының ел аумағына 2 млрд түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы мәселелер талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында кешенді жұмыс жүргізілуде.
Бюджет қаражатына, сонымен қатар кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен орталық алаңдар, демалыс, ойын және спорт алаңдары жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жөнделуде. Демеушілікпен Қызылорда қаласының орталық алаңы жаңартылып, пайдалануға берілді. Қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата мемориалды аллеясы қайта жаңғыртылды.
Қазіргі уақытта Президент саябағы жөндеуден өтуде. Жоба аясында спорт және ойын алаңдары, санитарлық модульдер, экобокстар мен фандоматтар орнатылатын болады.
Саябақ аумағында жылдың 4 мезгілінде үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен ботаникалық білім беру орталығы салынуда. Одан бөлек, құны 9 млрд теңгеге Сырдария өзені үстінен Президент саябағын қаламен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірі салынуда.
Бұл жұмыстар барлық ауданда жалғасын тауып, жаңа демалыс орындары, аллеялар салынып, көшелерді абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде бірыңғай дизайн-код енгізіліп, барлық елді мекендегі ғимараттар мен қоғамдық кеңістіктер архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді. Қызылордада 60 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылып, 20 үйдің ауласы абаттандырылды. Биыл тағы 20 үйді жаңартуға 1 млрд теңге бөлінді.
Ауылдық аймақтарда қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Бұл маңызды жобаға соңғы екі жылда 1 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Биыл 564 млн. теңгеге 19 техника берілді.