
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті. Оған жауапты сала басшылары қатысты.
Аймақ басшысы Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жаңа басшысын таныстырды.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бұйрығымен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қызылорда облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы лауазымына Құдайбергенов Ринат Мәжитұлы тағайындалды.
Ринат Мәжитұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметте сатылап өскен, әлеуеті жоғары кадр. Біз әрқашан жергілікті кадрларды қолдаймыз. Орталыққа ұсыныс беріп, басшылық лауазымдарға тағайындаудамыз.
Әріптесіміз жаңа қызметте республикалық мүлікке мемлекеттің құқықтарын, жекешелендіру мен экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мониторингін жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жүргізеді», – деді Н. Нәлібаев.
Ринат Мәжитұлы 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Халықаралық экономикалық қатынастар экономисі», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2002 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра ассистенті болып бастаған.
Әр жылдары облыстық экономика басқармасының жетекші маманы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, қаржы басқармасы басшысының орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында абыройлы қызмет етті.
2023 жылдың шілде айынан осы күнге дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Байқоңыр мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметін атқарып келді.