Лого
Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпарат
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
01 июля 2024
Облыс әкімі БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

«Жыл соңында облыс әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Жебе» арнайы сыйлығы табысталмақ.
Аймақтың ақпарат айдынында үздік шыққан материалдарға 7 номинация бойынша 1 миллион теңге жүлде тағайындалады». Бұл туралы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған мерекелік салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлады.
Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу миссиясын бұлжытпай орындап жүрген қаламгерлерге ізгі лебізін білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады» деп атап өткен болатын.
Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы жақында ғана «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Бұл заңға «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі – «Сыр бойы» ұжымын газеттің жарыққа шыға бастағанына 95 жыл толуымен құттықтады. «Сыр бойы» өткен жылы «Үркер» ұлттық сыйлығын, «Ең үздік өңірлік басылым» номинациясын иеленді. Бүгінде ақпараттық сұраныс талғамының өзгергеніне қарамастан, «Сыр бойы» газеті 23 мыңға жуық тиражбен тарайды. Бұл – еліміздегі облыстық газеттер арасындағы ең озық көрсеткіш. Мұнан бөлек, биыл Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» басылымының 90 жылдығы, Шиелі аудандық «Өскен өңір», Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеттеріне 85 жыл, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің жарық көргеніне 30 жыл толуда.
Салтанатты шарада аймақ басшысы ақжолтай жаңалықты бөлісіп, жыл соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған «Жебе» арнайы сыйлығы табысталатынын айтты. Бұл сыйлық үздік мақалалар мен сюжеттерге, ақпараттық материалдарға 7 номинация бойынша дәстүрлі түрде берілетін болады. Әр номинацияға 1 миллион теңге жүлде тағайындалады.
Мерекеде аймақтың ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар БАҚ өкілі облыс әкімінің арнайы марапатына ие болып, құрмет төрінен көрінді. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева «Құрмет» орденімен, «Qyzylorda» телеарнасының бас инженері Бақытжан Шүкенов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 
Бірқатар БАҚ қызметкеріне облыс әкімінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің марапаттары табысталды. Мұнан бөлек, үздіктерге түрлі номинация берілді. С.Бермағанбетов атындағы жас журналистер байқауының жеңімпаздары да арнайы марапат алды.
Бүгінде Сыр өңірінің медиакеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасайды. Оның 13-і – мемлекеттік, 135-і – тәуелсіз, 120 газет, 26 интернет-сайт мен ақпараттық агенттік, 3 телеарна облыс, қала, аудан аумағына ақпарат таратады. 

28 июня 2024
Аймақ басшысы шығармашылық топ өкілдерімен кездесті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобымен кездесті. Шығармашылық топ Мемлекет басшысының бастамасымен қасиетті мекендер туралы бағдарлама түсіруде. 
Құрамында актер Абубакир Ханходжаев, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев, «Бекет» газетінің бас редакторы, журналист, блогер Сафуан Өтебаев, «Айғақ» телеарнасының журналистері бар.
Аймақ басшысы қонақтарды Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Ақпарат айдынында үздіксіз қалам тербеген журналистердің еңбегі әрдайым елеулі. Сөз тізгінін ұстаған тілшілер қауымы еліміздің мәдени-рухани өміріне өлшеусіз үлес қосып келеді. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың басты жаңалығы - Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Масс медиа» туралы заңға қол қойды. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Қалам ұстаған қауымның құқығы заңмен қорғалады. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарын замана көшіне ілестірудегі, саланы дамытудағы ауқымды жұмыстардың бірі ғана. Шығармашылық топтың Ұлытау облысында өтетін «Көкмайса -2024» фестиваліне қатысып, «Жошы хан» кесенесіне баратынынан хабарым бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Сондықтан біз Ұлытау жеріне ерекше құрметпен қараймыз!» деп, киелі мекеннің қазақ тарихы үшін маңызын атап өткені белгілі. Осы ретте, Президентіміздің бастамасын қолдап, қасиетті мекендер туралы бағдарлама түсіруде Дулат Назарбекұлы, өзіңіз бастаған шығармашылық топтың жұмысына сәттілік тілеймін», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі топ мүшелеріне Сыр жұртшылығының атынан ілтипат білдіріп, Алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде, топ жетекшісі Дулат Әбіш аймақ басшысына алғыс білдірді. Шығармашылық топтың сапары киелі Түркістаннан басталып, Алаштың анасы - Сыр өңірінде жалғасып, ұлт ұясы - Ұлытауда мәресіне жетеді.

27 июня 2024
Олжас Бектенов Кіші Аралдың жағдайын тексеріп, суды үнемдеу және экология бойынша тапсырмалар берді

Премьер-Министрдің Қызылорда облысына жұмыс сапарына негіз болған басты мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының Кіші Аралды сақтау және дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, атап айтқанда Қараөзек су қоймасының құрылысына назар аударылды және Көкарал бөгетін реконструкциялау қарқыны тексерілді.
Өңірдің негізгі су көзі – Сырдария өзені. Соңғы бірнеше жылда өзен суының азаюына байланысты Солтүстік Аралда жиналған судың орташа жылдық көлемі жобалық 27 млрд текше метрден 2022 жылы 18,9 млрд текше метрге дейін төмендеді. Бүгінгі таңда су ағынын секундына 6 текше метрден 50 текше метрге дейін ұлғайту бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде Солтүстік Аралда су көлемі 21,4 млрд текше метрді құрады — осы жылдың басынан бері 1,5 млрд текше метр су келді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің сумен жабдықталуына тікелей байланысты екені анық, дәрияның жағасында аймақтағы елді мекендердің 85%-ы орналасқан, жергілікті халықтың 93%-дан астамы өмір сүреді.
Бүгінгі таңда өңірде су үнемдеу технологиясы белсенді түрде енгізіліп жатыр. Облыста 286 мың га суармалы жер бар, оның 185-190 мың гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Мемлекет басшысының егістікті әртараптандыру туралы тапсырмасы бойынша биыл күріш алқабы 6 мың гектарға қысқартылды. Лазерлік тегістеу күріш алқаптарын суаруға жұмсалатын судың шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Инновациялық технологияның арқасында соңғы 10 жылда суды 20%-ға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туды. Бұдан басқа, өңірде басқа да су үнемдеу технологияларын енгізу көлемі биыл 4,2 мың гектарға жетті, 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 34,2 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Осы бағытта қазіргі уақытта Қызылорда облысында жалпы ауданы 4,8 мың га болатын 3 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
«Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуді жеделдетуді тапсырды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығын ескере отырып, жер асты суларын ұтымды пайдалану мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігіне жер асты көздеріне зерттеу жүргізуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Су ресурстары және ирригация министрлігіне сыйымдылығы 775 млн текше метр болатын Қараөзек су қоймасын салу бойынша Қызылорда облысында іске асырылып жатқан жобаны қаржыландыру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Жаңа техникалық құрылыстың негізгі мақсаты – Көкарал бөгеті арқылы Үлкен Арал теңізіне қайтарылмайтын судың бір бөлігін сақтау. Бұл шаралар вегетациялық кезеңде Қазалы ауданының 31 мың гектар егістік жерлерін және арна бойында орналасқан 11 мың га шабындық пен жайылымды сумен қамтамасыз етеді. Қараөзек су қоймасы елімізде басым тәртіппен салынуы тиіс 9 су инфрақұрылымы объектілерінің тізбесіне енгізілген.
Үкімет басшысына биыл аяқталатын Көкарал бөгетін реконструкциялау жоспары туралы баяндалды. Жобаны іске асыру шеңберінде бүлінген бөгет, сондай-ақ Қарашалан және Тұщы көлдері арқылы теңізге шығатын арналар қалпына келтірілетін болады. Олжас Бектенов Үкімет су ресурстарын тиімді пайдалану, су жинау лимиттерін және Сырдария мен Амудария бассейндері бойынша су қоймалары каскадының жұмыс режимдерін сақтау мәселелерінде көрші елдермен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

27 июня 2024
Олжас Бектенов «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені құрылысының қарқынын тексеріп, Байқоңырдың даму жоспарымен танысты

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешеніне барды, сондай-ақ Байқоңыр қаласының даму жоспарымен танысты.
Ғарыштық зымыран кешенінің құрылысы «Союз-5» жаңа зымыран тасығыштарын ұшыруға арналған «Зенит-М» ҒЗК инфрақұрылымы базасында жүргізіліп жатыр. 2018 жылы ресейлік тарап алаңды жалға алуды тоқтатқаннан кейін нысанды қазақстандық мамандар пайдалануда. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2028 жылдың мамырына жоспарланған, ал алғашқы ұшу сынақтарын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр. Кешеннің жылына 6-8 зымыран ұшыруға мүмкіндігі бар.
Олжас Бектенов монтаждау-сынақ кешенін, сондай-ақ зымыран көлеміне шақталған көлік қондырғыларын қарап шықты. «Бәйтерек» БК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов кешенді заманауи жүйелерге сәйкестендіріп жаңғырту туралы баяндап, зымыран-тасығыш жүйелерді тексеру кезеңдері, сондай-ақ «Бәйтерек» жобасы үшін мамандарды оқыту туралы хабардар етті.
Үкімет басшысы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені бүгінде посткеңестік аумақтағы Қазақстан мен Ресейдің ең ірі бірлескен жобасы екенін және екі мемлекет басшыларының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Биыл оны іске асыруға 14,7 млрд теңге бағытталды, қаражаттың қалған бөлігін бөлу мәселесі қосымша пысықталатын болады. Олжас Бектенов экологиялық таза тасымалдағыштарда ғарыш аппараттарын сәтті ұшыру үшін мамандардың тығыз бірлескен жұмысының қажеттілігіне назар аударды.
«Зымырандарды ұшыру мерзімдерін өзгертпеу керек. Үш ұшырылымның біріншісі келесі жылы өтуі тиіс. Жоба “Байқоңыр” кешенінің белсенді жұмысын қамтамасыз ету үшін аса қажет. Бұл орайда бірлескен кәсіпорындағы еңбек ұжымының жұмысы да маңызды. Сондай-ақ ғылыми ортамен де өзара тығыз іс-қимылды үзбеу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қаланы дамыту жоспары туралы Премьер-Министрге ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай баяндады. Қазіргі уақытта халықтың 70%-ын Қазақстан азаматтары құрайды. Табиғи өсім мен көші-қон ағыны есебінен оң динамика тіркеліп отыр. Қаланың қарқынды өсуін ескере отырып, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй қорын ұлғайту жөніндегі шаралар іске асырылуда. Мәселен, 600 орынға арналған мектеп салу жоспарланған, өткен жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандық білім беру стандарттары бойынша 2 балабақша ашылды, бұл кезекті екі есе төмендетуге мүмкіндік берді.
«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімге сәйкес қалада барлық көппәтерлі тұрғын үйлер газдандырылды. Бұдан басқа, сумен жабдықтау және су бұру желілері жалға беруден алынып, облыстық коммуналдық меншікке берілді. «Байқоңыр» кешенінің объектілеріне рұқсат алуды жеңілдету үшін цифрлық құралдарды енгізу мүмкіндігі қарастырылуда.

 

27 июня 2024
Аймақ басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасымен кездесті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновпен кездесіп, өңірде салынатын инновациялық шығармашылық орталығының құрылыс жұмыстарын талқылады.
Аймақ басшысы компанияның Қызылорда облысындағы ауқымды жұмыстарына, алдағы уақытта да жалғасатын тиімді әріптестік байланыстың бағытына тоқталды.
Аймақта мұнай және газ өндірумен айналысатын ірі кәсіпорындардың бірі «Қазгермұнай» компаниясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кен орындарының көпшілігі өндірістің соңғы сатысына шыққаны белгілі. Олардағы қалдық қордың алынуы қиындық туғызуда. Мәселен, «Қазгермұнай» компаниясы өткен жылы 1,1 млн тонна мұнай өндірді. Осы жылы 1 млн. тонна өндіреді деп болжануда, яғни 10 пайыз төмен. Жекелеген кен орындарындағы ұңғымалар 95%-ға дейін суланған. Салдарынан ұңғымалардың одан әрі игерілмеуі, жұмыс орындарының сақталмауы мүмкін. Өзіңіз білетіндей, «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы биылғы мамыр айында аймақтағы «Торғай Палеозой» кен орнында тереңдігі 5 500 метрлік ұңғыманы бұрғылауды бастады. Бұл бастама арқылы жаңа перспективалық мұнай-газ кеніштері анықталады деген ойдамыз», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде облыс әкімі газ тапшылығының алдын алу үшін өңдеу қондырғысының қысқа мерзімде іске қосылуы маңызды екенін, бұл жұмыс ерекше бақылауда болуы керектігін қаперге салды. Облыс әкімдігі туындаған мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын. Мұнан бөлек, аймақ басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аймақтағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдаудағы «ҚазМұнайГаз» компаниясының үлесі туралы айтты. Мәселен, «Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласының сол жағалауынан Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысан жақын арада пайдалануға беріледі.
Өз кезегінде, Асхат Хасенов облыс басшылығына алғысын, әрі қарай әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниетін білдірді.

25 июня 2024
Қызылорда облысы халықты жұмысқа орналастыру бойынша үздіктер қатарында

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ел азаматтарын тұрақты жұмыспен қамту шаралары талқыланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қызылорда облысы халықты тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша республикада үздік үштікке енгенін атап өтті.
«Жыл басынан бері елімізде 288 мыңнан азамат жұмыспен қамтылды. Оның 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар мен салалық тұжырымдамалар аясында ашылған жұмыс орындарына жолдануда. Бұл ретте, «Өңірлік жұмыспен қамту карталарында» жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізген Абай, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарын атап өткен жөн», – деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, аталған көрсеткішті Абай облысы 53%, Солтүстік Қазақстан облысы 47%, Қызылорда және Жамбыл облыстары 45%-ға орындады.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір үздіктер қатарында аталғанымен, жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін ескертті.
«Бүгін Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы Қызылорда облысында халықты жұмысқа орналастыру бойынша жылдық көрсеткіш 45 пайызды құрағанын, республикада үздік үштікке енгенімізді ерекше атап өтті. Мұнымен тоқтап қалмай, жоспарды жыл соңына дейін артығымен орындауымыз қажет. Халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы – әкімдердің жұмысына нақты баға беретін басты көрсеткіш. Қала және аудан әкімдері бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың уақытша емес, тұрақты жұмыспен қамтылуын қадағалаңыздар. Қазіргі таңда өңірімізде «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» қабылданып, іске асырылуда. Осы орайда 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 45 пайыз болды. Өңірлік картадағы көрсеткіштер белгіленген мерзімде орындалуы тиіс», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша, ұлттық жобалар мен концепциялар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері қаралды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына өңірлік картадағы жоспарды 100 пайыз орындау, жұмыссыздық деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, субсидияланған жұмыс орындары мен өз кәсібін ашуға қайтарымсыз грант алғандарға мониторингті күшейту тапсырылды.

24 июня 2024
Татарстан Республикасы мен Қызылорда облысы әкімдігі меморандумға қол қойды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Татарстан Республикасының Қазан қаласында Татарстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен «БРИКС+» елдері қалаларының халықаралық форумында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Форум аясында Елабуга муниципалды ауданымен бауырластық қатынас орнату туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Елабуга ауданында Еуропадағы алдыңғы қатарлы «Алабуга» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. Осы құжат шеңберінде «Алабуга» арнайы экономикалық аймағымен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу басталады деп жоспарлануда. Облыс әкімі екі ел арасындағы ынтымақтастық әлеуметтік-экономикалық дамуға септігін тигізетінін айтып, көрсетілген қонақжайлыққа алғысын білдірді.
«Қазақстан мен Татарстанның бауырлас халықтары әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген саласында табысты ынтымақтасады. Оның ішінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Татарстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, Қазан (Еділ) федералды университетімен, Қазан ұлттық технологиялық зерттеу университетімен және Қазан мемлекеттік мәдениет институтымен тығыз жұмыс істейді. Татарстан университеттеріндегі Қызылорда студенттері магистрлік және докторлық диссертацияларын қорғайды. Профессорлар алмасу, дәрістер оқу және бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру жолға қойылған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «500 ғалым» жобасы аясында біздің университеттің үш ғалымы ғылыми тағылымдамадан өтуде. Мәдениет саласындағы ынтымақтастық жылдар бойы жалғасуда. Татар этномәдени бірлестігі – біздің өңірдегі ең белсенді бірлестіктердің бірі, облыстың әлеуметтік-мәдени өміріндегі барлық маңызды іс-шараға қатысады.
Облыстың басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері.
Жалпы облыс аумағында қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар. Қазақстанның ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16,4%-ы, қорғасынның 11,1%-ы және уранның 14,7%-ы Қызылорда облысында. Өңірге жаңа жобаларды орналастыру үшін 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада аймақ басшысы форум қатысушыларын бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

 

 

20 июня 2024
Экоакцияны жалғастыру жоспары талқыланды

Бүгін облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жалғастыру жоспары талқыланды.
«Таза Қазақстан» жай ғана маусымдық акция емес, халықтың экологиялық мәдениетін, тазалыққа, ең бастысы, тәртіпке деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Мемлекет басшысы: «Қазақстанымыз таза болуы қажет. Бұл жұмыстар елорда және ірі қалаларда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылуы тиіс», – деп атап өтті. Осыған орай, акцияны жалғастырудың облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс жыл соңына дейін үздіксіз жүретін болды.
Қазір Қызылорда қаласы аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарының бөлінісі жасалды. Ол бойынша әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың қасбетін қалыпқа келтіру, көше, жол бойы тазалығын қамтамасыз ету, жол белгілерін түзету ұйымдастырылмақ. Облыстық басқарма басшылары өздеріне қарасты мекемелердің тазалығын, абаттандырылуын, қасбеттерінің талапқа сай болуын бақылауға алуы қажет. Барлық жұмыс бекітілген іс-шараға сәйкес сапалы атқарылуы тиіс.
Мәжілісте облыстық қоғамдық даму басқармасына экологиялық акция кезіндегі шараларды жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандыру тапсырылды. Акцияға бюджеттік сала, кәсіпорындар қызметкерлері, өнеркәсіп мекемелері мен белсенді жастар ұйымдары, волонтерлар жұмылдырылуы тиіс.
Елді мекендердің көркеюі мен көгалдандырылуына, абаттандырылуына, санитарлық тазалығына, экоакцияның жоғары деңгейде өтуіне барлық мекеме біркісідей атсалысуы қажет екені ескертілді.

 

18 июня 2024
Сапалы байланыс орнату мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында байланыс сапасын жақсарту мәселелері қаралды. Ведомство басшылары мен өңір әкімдері атқарылған жұмыстарды баяндады.
Қазір Қызылорда облысындағы 230 ауылдық елді мекеннің 213-і мобильді байланыспен қамтамасыз етілген. Қалған 17-сіне «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін интернет жеткізу жоспарлануда.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында өңірдің 73 ауылдық елді мекенінің мемлекеттік органдарына талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту толығымен аяқталды. Тағы 64 ауыл әкімдігі, 72 білім беру мекемесі және 69 медициналық мекеме желіге қосылды.
Мобильді интернеттің сапасын арттыру мақсатында Қызылорда қаласында Kcell операторының 5G стандартындағы 16 базалық стансасы, Tele2 байланыс операторының 7 нүктесі жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін 33 базалық станса орнатылады.
Биыл «КаР-Тел» компаниясы 10 ауылдық елді мекенге базалық станция салуды жоспарлауда. Мұнан бөлек, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына 9 антенна-діңгек орнатылмақ. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін бюджеттік өтінім беріліп, аудан әкімдіктері жер телімдерін бөлді. Талшықты-оптикалық байланыс желісі мен электр энергиясына техникалық құжаттар алынды, құрылыс басқармасы жобалау жұмыстарымен айналысатын мекемені анықтады.

17 июня 2024
Сырбойылықтар «Таза Қазақстан» акциясына белсенді үлес қосуда

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Сыр өңірінде қарқынды түрде жалғасуда.
Акция аясында саябақтар, скверлер мен аллеялар аумақтарын абаттандыру, қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу сынды жұмыстар белсенді жүргізілді.
Қызылорда облысы әкімдігінің «Үлгілі елді мекен» конкурсы
Мемлекет басшысының «Ауылдық аумақтарды дамыту туралы» тапсырмасына сәйкес, облыстағы елді мекендер арасында тазалыққа, көркейту көгалдандыруға, абаттандыруға бағытталған «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілуде.
Байқау туған өлкені жасыл-желекке айналдырып, табиғатты аялауға және экологияның жақсаруына өз үлесін қосатын әлеуметтік маңызы бар ерекше жоба.
2023 жылы конкурс 2 мәрте көктем және күз айларында өткізіліп, облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Ауылдық аймақтарға қажетті арнайы техникалар қалдық тасымалдаушы көлігі, жол тазалағыш, жер қазушы, тиегіш тракторлар, ассенизатор машинасы, жүк тасымалдаушы көлігі секілді 29 техника жеңімпаз елді мекендерге табысталды.
Алғаш рет өткізілген көктемгі конкурсқа 7 аудан орталығы, 24 ауыл қатысып, «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша 3 аудан орталығына және «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша 3 ауылға арнайы коммуналдық техникалар табысталды. Күзгі конкурста да осындай талаптарға сай жеңімпаздар анықталды.
Биылғы жылы да конкурс жалғасын тауып, облыстық бюджеттен
436 млн теңге бөлінді. Оған 19 техника сатып алынып, конкурс жеңімпаздарына табысталатын болады. Қазіргі таңда конкурсқа қатысушы елді мекендердің құжаттары жинақталуда.
Конкурс «Үлгілі аудан», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі елді мекен» номинациялары бойынша өткізіледі. «Үлгілі елді мекен» номинациясы бойынша әр ауданнан 1 жеңімпаз елді мекен анықталады және оларға абаттандыру жобаларын қаржыландыруға облыстық бюджеттен 15 млн теңгеден беріледі. «Үлгілі аудан» номинациясына аудандардағы кенттер мен қалалар, «Үлгілі ауыл» номинациясына тірек және серіктес елді мекендер, «Үлгілі елді мекен» номинациясына тірек және серіктес елді мекендерден басқа, елді мекендер қатысады.
Қызылорда қаласы әкімдігінің «Үздік аула» конкурсы
Қызылорда қаласында «Үздік аула» номинациясы бойынша жыл сайын дәстүрлі түрде конкурс ұйымдастырылып келеді.
Өткен жылы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен конкурс нәтижесімен Қызылорда қаласы, Абдрахманов көшесіндегі №19 көпқабатты үйдің ауласы «Үздік аула» номинациясының жеңімпазы атанды.
Көпқабатты үйдің аталмыш номинацияның жеңімпазы атануына осы үйдің тұрғыны, зейнеткер Бердіқожа Кенжебаевтың үлесі зор. Ол өз күшімен көпқабатты тұрғын үйдің ауласына соңғы жылдары 100-ге жуық ағаш отырғызып, ауланың жасыл желекке айналуына септігін тигізді.
Қызылорда қаласындағы қоқыс өңдеу полигоны
Қызылорда қаласы аумағындағы қоқыс полигонына Корея Республикасынан инвестор тартылып, қоқысты қайта өңдеу зауытын салу жоспарлануда.
Бүгінгі таңда оңтүстік кореялық инвестормен Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан меморандумға қол қойылып, тиісті құжаттар әзірленуде.
Зауытқа 8 млрд теңге шамасында қаржы салынып, жылына 300 мың тонна қалдық сұрыпталып, қайта өңделетін болады.
Нысан 2025 жылдың ІІ тоқсанына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Қызылорда тазалығы» мекемесі
Бүгінде Қызылорда қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапты «Қызылорда тазалығы» мекемесі екі ауысыммен жұмыс атқаруда. Тазалық жұмыстарына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы шығарылады.
Соңғы 2 жылда мекеменің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында 2 млрд 153 млн теңге бөлініп, оған қажетті техникалар алынды.
Айта кету керек, коммуналдық саланың жұмысшыларына қолду білдіру мақсатында оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған және жылына бір рет шипажайларға тегін жолдама беріледі.
Бұдан бөлек, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатысты биылғы жылдың басында қалада арнайы «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, қаладағы орталық көшелер, сквер, аллеяларды көркейту мен қаланың көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде.
«Жасыл ел» еңбек жасақтары
Бүгін өңірде республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті еңбек маусымының ашылу салтанаты өтті.
Шараға еңбекші жастармен қатар, волонтерлер, қала тұрғындары қатысты. «Жасыл ел» қозғалысы жастарды еңбекке баулып қана қоймай, ортақ идеялар төңірегінде топтастыруда. Жастарды іріктеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға өздерін көрсетуге, демалыс кезеңінде қосымша табыс табуына назар аударылып келеді.
«Жасыл ел» жобасы аясында биыл 1871 жас маусымдық жұмыспен, орналастыру, қажетті экипировкамен, белгіленген мөлшерде еңбекақымен қамтамасыз етіледі.
Қозғалыс мүшелерімен облыс көлемінде орналасқан мәдени-демалыс орындарында, аллея, сквер, алаңдар мен парктердерде көгалдандыру, аумақтарды қоқыстан тазалау шаралары атқарылады.
Бүгінгі шарада 100-ге жуық еңбекші жастар Қызылорда қаласындағы «Б.Шөкенов саябағында» тазалау, сырлау, әктеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына өз үлестерін қосты.
Жалпы ақпарат
Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған экологиялық акцияға барлығы 191 мыңнан аса еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты.
Нәтижесімен, 8 мың тоннадан (8426) астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 505 скверлер мен парктер, 225 тарихи мәдени ескерткіштер, 791 әлеуметтік нысандар, 1130 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 289 су объектілері, 24 445 аулалар мен көшелердің бойы тазартылып, 900-ге жуық техника жұмылдырылып, 129 мыңнан аса (129 358) өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.

Социальные сети
Telegram
YouTube
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты