Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы Жосалы кентінің тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Спорт кешенінің тұрғындар бұқаралық спортпен айналысу үшін жиналатын тәрбие ошағы болуына тілектестік білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Халықтың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы қажет» деген болатын. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 дене шынықтыру және спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның бірін бүгін пайдалануға берудеміз.
Бұдан бөлек, биыл облыс орталығынан құны 6,9 млрд. теңгені құрайтын көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланған. Жанашыр жерлестеріміздің, демеуші азаматтарымыздың арқасында аймағымызда көптеген жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде, алдағы уақытта да ауқымды жоспарларымыз бар. Жергілікті «Қайсар» футбол клубы үшін заманауи жабық стадион салу жұмыстары демеуші есебінен атқарылуда. Былтыр «Балалар жылы» аясында демеушілер 1,6 млрд. теңгенің 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарымызға тарту етті», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты шарада Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков те жерлестерін құттықтап, ақ батасын берді.
Жалпы аумағы 1500 шаршы метрден асатын спорт кешенінде тренажер, фитнес және әмбебап залдар бар. Мердігер мекеме «Сапақ» өндірістік кооперативі құрылысты 2021 жылдың қазан айында бастап, жуырда аяқтады.
Айта кетейік, биыл Қармақшы ауданында бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысы басталмақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аймақта осы жылы 10 мектептің құрылысы басталса, оның 2-уі Қармақшы ауданынан салынады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары облыста 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтермек. Осы жоба бойынша Дүр Оңғар, Тұрмағанбет, Ақжар ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынбақ. Ал, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында спорт кешенінің құрылысы басталады.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде ауданда жалпы құны 580 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 17,5 шақырымдық 21 көше орташа жөндеуден өтіп, 225,4 млн теңгеге 24 көше жарықтандырылады. Облыстық бюджет есебінен Самара-Шымкент жолынан Ақжар, Тұрмағанбет, Көмекбаев ауылдарына дейінгі жолдың 27 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 503,4 млн. теңге қаралды. Көмекбаев, Қармақшы, Алдашбай ахун ауылдарындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта жаңғыртуға 774,3 млн. теңге бөлінген. Ақай ауылы мен Төретам кентіне 654,5 млн теңгеге газ тарту жұмыстары жүруде.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында аудан халқымен кездесіп, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге тұрғындарды жеке қабылдады.
Қабылдауға барлығы 100-ге жуық азамат келіп, өтініш-тілектерін жеткізді. Тұрғындар көтерген мәселелер негізінен баспана алуға, денсаулық, білім салаларына, жұмысқа орналасуға, т.б. қатысты болды. Ұсыныс-пікірлерді тыңдаған аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Қабылдауда көтерілген барлық мәселені шешу жолдары жан-жақты зерттеледі.
Мәселен, Арал ауданының тұрғыны Ақбай Баекеев «ҚазСуШар» мекемесіне қатысты ұсыныс айтты.
«Бүгін облыс әкімінің қабылдауына келдім. Егіс көлемінің артуына байланысты бұрын Арал ауданында су шаруашылығы мекемесі болған. Қазір оның ізі ғана бар. «ҚазСуШардың» аудандық мекемесін қайта құру туралы мәселе қозғадым. Бұл мәселе алдағы уақытта заң аясында қаралып, оң шешім табатынын айтты», – деді ол.
Ал, ардагер ұстаз Әлия Мұқалимова ауданға типтік балабақша қажет екенін жеткізді.
«Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ауданға іссапармен келетінін естіп, қабылдауға жазылған едім. Бүгін қабылдауға келіп, талапқа сай, типтік жобадағы балабақша салып беру туралы ұсынысымды айттым. Облыс әкімі мен көтерген мәселе заң аясында қарастырылатынын жеткізді», – дейді ұлағатты ұстаз.
Мұнан бөлек, тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларының қабылдауында болды. Өздерін толғандырған мәселелердің заң шеңберінде шешім табу жолдары туралы кеңес алды. Құқық қорғау органдарының басшылары қабылдауға келген тұрғындарға көтерілген мәселелердің заңдық негізін жан-жақты түсіндірді.
Жеке қабылдаудан кейін аймақ басшысы аудан орталығында салынатын №6 және №5 мөлтек аудандарға инфрақұрылым жүргізу жұмыстарымен танысты.
Еске салсақ, Арал ауданына сапары барысында Нұрлыбек Машбекұлы теміржол өткелінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліс өткізді.
Айта кетейік, осындай форматта жеке қабылдаулар алдағы күндері барлық ауданда өткізілмек.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліске қатысып, түйткілді мәселелер мен маңызды міндеттерді талқылады.
Еске салсақ, аймақ басшысы өткен жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер ұйымдастырып, өзекті мәселелер бойынша тұрақты түрде қоғамдық қабылдаулар өткізуде.
Жиында облыс әкімі ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан азаматтардың табысын арттырып, өмір сапасын жақсартуға баса назар аудару туралы тапсырмасын еске салды.
«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында айтылғандай, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешу әкімдер атқаратын жұмыс нәтижесімен тікелей байланысты болмақ. Бұл бағытта облыста тиісті шаралар қабылданып, нақты жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде Арал ауданында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Арал ауданының өсу динамикасы тұрақты деңгейде сақталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 16,7 млрд. теңгені құрап, бюджет қаражатына деген тәуелділік төмендеді. Ауданның өз кірісі 2023 жылы 3,2 млрд. теңгеге өскен. Сонымен бірге, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің, құрылыс көлемінің артуы есебінен жоғары көрсеткіштерге қол жеткен. Арал ауданы аудандар бөлінісінде бірінші орында. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүйелі түрде жалғастыру қажет», – деді облыс әкімі.
Дегенмен, өңірдегі ең ірі ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 тірек елді мекен ғана тіркелген. Нұрлыбек Машбекұлы облыстық экономика және қаржы басқармасымен бірлесіп, қосымша кемінде 3 елді мекенді тірек ауылдар қатарына енгізуді тапсырды. Халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қатысуда да жайбараттық байқалады. Барлық аудан әкімдеріне кемінде 2 млрд. теңгеге жоба ұсыну міндеттелгенмен, жұмыс қарқыны төмен.
Сонымен қатар, аймақ басшысы өнім өндіруге, қызмет көрсетуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға басымдық беру, кәсіпкерлікті дамытып, жұмыссыздық мәселесін шешу, азық-түлік өнімдерін өндіру, баға тұрақтылығын сақтауға қатысты тапсырмалар берді.
Облыс әкімі былтыр аудандағы барлық ауылдық округтерде қылмыс көрсеткіші өскенін атап өтті. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Шегебаевқа 1 ай ішінде қылмысты ашу, оның алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Бұл орайда ардагерлер және қоғамдық кеңестердің әлеуетін пайдалану ұсынылды.
Аудандағы Қамбаш көлінің туристік әлеуеті, артықшылығы әлі де ескерусіз қалып келеді. Аймақ басшысы алдағы оқушылардың жазғы демалысында, суға шомылу маусымында қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды. Облыстық білім басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті, қала, кент және ауылдық округ әкімдері осы бастан ата-аналармен, балалармен, ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын күшейтілген режимде жүргізуі керек. Әсіресе, балаларға рұқсат етілмеген орындарға суға шомылуға болмайтынын қатаң ескерту қажет. Тұрғындардың, балалардың демалысын өткізуге Қамбаш көлі, тағы басқа қауіпсіздік талаптары сақталған су айдындары барынша пайдаланылғаны жөн.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.
Аймақ басшысы аралдық ағайынның ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің бірінің оң шешілгені үлкен жетістік әрі зор қуаныш екенін атап өтіп, аудан тұрғындарын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ерекше атап өтуіміз қажет, 2023 жылға облыс бюджеті
520,7 млрд. теңге болып бекітілген еді. Сәуір айындағы нақтылаудан кейін оның көлемі 593 млрд. теңгеге ұлғайды. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда 230 млрд. теңгеге немесе 1,7 есеге артық. Оның ішінде Арал ауданының бюджеті 18,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Арал ауданының құрметті азаматы Кішкене Айбосынов та жерлестерін көпір құрылысының басталуымен құттықтады.
Айта кетейік, қазір бұл тұстағы теміржолдан пойыз өткенде өткел жабылып, көлік кептелісі бірнеше шақырымға созылады. Арал қаласын бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 17 мың, арғы бетінде 20 мыңдай халық қоныстанған. Жалғыз өткел осы болғандықтан, кейде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникалары да межелі жеріне уақытылы жете алмайды. Енді тарихи шаһар тұрғындарының сұранысы қанағаттандырылып, көлік қатынасы жеңілдемек. Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекеме «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлауда. Құны 3,1 млрд. теңге болатын көпірдің ұзындығы 940 метрді құрайды. Аспалы көпірдің екі жағынан қосымша жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылады. Жақын жерде орналасқан тұрғындарға келеңсіздік тудырмас үшін дыбыс басқыш құрал-жабдықтарымен қамтылады.
Бүгін Қызылорда қаласында Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаевтың жүлдесіне арналған халықаралық жас математиктер байқауы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймаққа арнайы келген конкурстың қазылар алқасының төрағасы Асқар Серқұлұлымен кездесіп, білім бәсекесінің жоғары деңгейде өткізілуіне тілектестік білдірді.
«Ең алдымен, байқаудың жоғары деңгейде өткізілуіне қолдау білдіріп, атсалысып жүрген Сізге және Қазақстан Математика пәні мұғалімдері қауымдастығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Байқауға еліміздің, сондай-ақ, көршілес мемлекеттердің жастарын қатыстыруға мүмкіндік жасау туралы ұсынысыңызға сәйкес 2019 жылы тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілді. Ал, былтыр белсенді жастармен кездесу кезінде байқауды облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу туралы шешім қабылдадым. Бүгін міне, сайдың тасындай іріктелген дарынды жастар Сыр өңірінде ұйымдастырылған білімділер додасына жиналды. Бұл дода жастардың білімін шыңдауға, өзара достық қарым-қатынас орнатуға зор септігін тигізеді деп сенемін», - деді аймақ басшысы.
Ал, академик Жұмаділдаев облыс әкіміне іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, туған жеріне деген ыстық ықыласын білдірді.
Айта кетейік, байқауға еліміздің барлық өңірлерімен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей мемлекеттерінен 1 700-ге жуық үміткерден өтінім тіркелген. Іріктелген 100 қатысушы байқауда бақ сынауда. Дәстүрлі байқау 2014 жылдан бері Қызылорда қаласының жас математиктері арасында өткізіліп келеді.
Бүгінгі таңда облыстағы 295 білім беру ұйымының 47-сі тереңдетілген жаратылыстану–математикалық бағытта оқытады. Барлық ұйымдарда 1 627 математика пәнінің мұғалімі жұмыс жасайды. Ғылым мен білімге жаны құштар жастар мен білікті мамандарды қолдау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда облыста 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының қолдауымен, облыс әкімдігінің ұсынысына сәйкес Қызылорда қаласында 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатының құрылысы «Білімді қолдау қоры» қаражаты есебінен қаржыландырылатын мектептер құрылысы тізіміне енгізілді. Құрылыс құны 7,9 млрд. теңге. Осы тізімге облыс бойынша тағы 1 775 орынға арналған 4 мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Олар - №101 Ә.Мүслімов, №2 Абай, Жезқазған трассасы бойында 600 орындық және Шиелі ауданы Байсын ауылындағы 250 орындық білім ордалары. Құрылыс жұмыстары 2023-2024 жылдары аяқталмақ.
15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай Сыр өңірінде 25 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ағартушылық-зияткерлік, ғылыми-танымдық және спорттық шара өткізілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов хабарлады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда да отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Үлкенге құрмет, кішіге ізет — біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп- өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», - деп атап өтті.
Өңірде Халықаралық отбасы күніне орай облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарға терең мазмұндық сипатқа ие 25 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ағартушылық-зияткерлік, ғылыми-танымдық және спорттық шара енгізілді. Мереке аясындағы ең негізгі шаралар - «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып жеңімпаз атанған, сондай-ақ басқа да үлгілі отбасылар мүшелерімен мектептердегі, колледждердегі кездесулер», - деді Шахмардан Асқарұлы.
Сондай-ақ, аппарат басшысы бүгіннен бастап «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының I кезеңіне құжат қабылдау басталғанын айтып, жерлестерін конкурсқа белсенді қатысуға шақырды. Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін құжаттарды жергілікті атқарушы органдарға, яғни Қызылорда қалалық және аудандық қоғамдық даму бөлімдеріне тапсыру қажет. Ұлттық конкурстың І кезеңіне үміткер отбасылардан құжат қабылдау бүгіннен, яғни 15 мамырдан басталып, 15 маусымға дейін жалғасады.
Анықтама ретінде: Облыс бойынша 16751 «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған, 33851 көпбалалы отбасыға ай сайын 2 млрд 484 млн. теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Жәрдемақылардың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты жыл сайын артып келеді.
Өңірде облыс әкімінің бастамасымен арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд.теңге, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн.теңге, барлығы 1,7 млрд. теңге қаражат бөлінді.
Биыл жаңадан 23 тұрғын үй халық игіліне беріліп, барлығы 982 отбасына пәтер кілті табысталады.
«AMANAT CUP» XXI республикалық пікірсайыс турнирі қорытындыланып, кубок иегерлері анықталды. Алматы қаласында өткен турнирге 60 пікірсайыс командасы қатысты.
«Бүгінгі ойында сіздер ең алдымен ой бөлісетін жақсы дос, мықты әріптес, пікірі бір азаматтар таптыңыздар деп ойлаймын. Алдағы уақытта мұның барлығы жемісін беріп, тұлғалық дамуларыңызға әсерін тигізеді. Бүгін жеңіске жеткен командаларды құттықтаймын. Ал жеңіс тұғырынан көріне алмағандар тағы да жаттығып, келесі жолы өз ұтқырлығын дәлелдейді деп сенемін»,- деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
Өз кезегінде «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев барша пікірсайысшыларды ауқымды турнирдің аяқталуымен құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Пікірсайыс ойындарының нәтижесі бойынша қазақ лигасының «AMANAT CUP» XXI республикалық пікірсайыс турнирі кубогін Қызылорда облысынан келген «Amanatka kyanat jasama» фракциясы (Абылайхан Палмағанбет, Дәулет Естанов) жеңіп алды. Күміс жүлдені алматылық «Дулат» командасы (Жазира Жөндербек, Нұрдаулет Өмірзақ) иеленсе, қола жүлдені Алматы облысының «Ади Шарипов» (Ерғали Инкаров, Асет Оразғали) командасы алды.
Орыс лигасы бойынша І орынды Алматы қаласының «не Қағанат, но тоже дешёво» (Мадина Раилова, Әділбек Рамазанов) командасы, ІІ орынды «Диана и Ғалымжан» командасы (Диана Жұмағұлова, Ғалымжан Мақашев) иеленді. Жүлделі ІІІ орын «Карфаген должен быть разрушен» (Рүстем Арманов, Азат Шайкенов) командасына бұйырды.
«Ең үздік спикер» номинациясы мен оның арнайы сыйлығын қазақ лигасы бойынша Маңғыстаудан келген Қалдығали Тұрақбай, орыс лигасы бойынша алматылық Артем Посвеженский қанжығаға байлады.
Қазақ және орыс лигасы бойынша «Үздік спикер» аталымын Алматы қаласынан Әлібек Сандыбек және Әділбек Рамазанов иеленді.
Ал ойында әділдік көрсетіп көзге түскен Арайлым Әбдукәрімова мен Жақсылық Бекхан «Үздік төреші» номинациясын иемденді.
Айта кету керек, аталмыш пікірсайыс турнирі партия жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен 10 жылдан астам уақыттан бері дәстүрлі түрде өтуде. Тілге жүйрік, сөзі салмақты, білімді жастардың басын қосатын жоба өз жалғасын табады.
Қызылорда облысындағы барлық білім беру ұйымдарында бір мезгілде «Жасыл мекен» республикалық челленджі өткізілуде. Экологиялық акцияға басқарма және білім бөлімдерінің басшылары мен білім беру ұйымдарының директорлары, мұғалімдер және оқушылар белсенді қатысты.
Аталған іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде өтуде. Бұл экологиялық мәдениетті, өлке табиғаты мен қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, еңбекқорлықты, қоршаған ортаны көгалдандыруды дамытуға бағытталған.
«Республикалық деңгейде өткізіліп жатырған акцияға біздің өңіріміз де белсенді атсалысуда. Елорда уақытымен бір мезетте басталған челленджге 30 мыңға жуық оқушылар мен колледж студенттері қатысуда. Мұнымен қоса басқарма және білім бөлімдерінің басшылары да қатысып, оқушыларға үлгі көрсетіп, білім алушыларды қоршаған ортаға деген қамқорлықты насихаттауда. Экологиялық акция #оқуағарту #заботаоприроде #посадкадерева #жасылмекен #еңбекқорлық жалпы хештегімен өткізілуде», – деді облыстық білім басқармасының бас маманы Жадыра Шариева.
Айта кетейік, аталған акцияда облыс бойынша 295 мектептен 21 128 оқушы, 30 колледжден 7250 студент жалпы саны 12 мыңға жуық көшет отырғызуда.
Алматы қаласында журналист, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған футболдан республикалық турнир өтті.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шағын футболдан Сыр өңірінің БАҚ өкілдері де қалыс қалған емес.
Биылғы додада қызылордалық «Ақмешіт-Қызылорда» командасы топ жарып, бас жүлдені қанжығаға байлады.
Айта кетейік, жаңақорғандық журналист Әлібек Жарықбаев «Үздік қақпашы», «Qazaqstan»
Ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы тілшісі Әділбек Жақанов «Үздік ойыншы» атанды.
Қызылорда облысында «Мен кәсіпкер» жобасы жүзеге аспақ. Жоба аясында биыл 600-ге жуық азаматқа қызмет көрсетіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мәлімдеді.
«Биыл кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтарға, кәсіпкерлерге жақсы мемлекеттік қолдау тетіктері енгізіліп жатыр. Қаржылай қолдау тетіктеріне 2,5 пайызбен жастарға берілетін несиені және «Ауыл аманаты» бағдарламасын айтуға болады. Ал қаржылай емес қолдау тетігіне биыл басталған «Мен кәсіпкер» жобасын атап өткім келеді», - деді Пірмұхаммед Айтбайұлы.
Брифингте сала мамандары «Мен кәсіпкер» – жобасы бірнеше саланы қамтитынын және негізгі екі бағытын атап өтті.
«Негізгі екі бағыты бар. Олар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы және кәсіпке бағыт. «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағытына тек қана қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Ал «Кәсіпке бағытқа» ер азаматтар да, әйелдер де қатыса алады. Негізгі талабы – кәсіпкер болуы керек, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлерге басымдық беріледі.«Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері кеңес беріп, олардың қажеттіліктерін анықтайды. Одан кейін сұранысын анықтап, соған сәйкес қыз-келіншектерді оқытады. Бұл бағытқа тек қана қыз-келіншектер ғана қатысады. Бұған қоса, қатысушылар өтінім беріп, оқитын бағыттарын анықтап алады. Ары қарай оқытатын салалық сарапшылар пулын қалыптастырады. Олар жобаға қатысушы кәсіпкерлердің біліктілігін арттырып, олардың кәсіптерін алты ай сүйемелдейді», - деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Алушаева Әсел.
Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова бұл жоба былтыр бірнеше өңірде пилоттық жоба ретінде жүзеге асқанын айтады.
«Бір ауыл - бір өнім» жобасы «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» бағыты аясында іске асады. Бұл қыз-келіншектерге арналған жоба. Оның шартының бірі - шикізат жергілікті өнім болуы керек. Негізі бұл жоба пилоттық тұрғыда төрт облыста жүзеге асқан. Атап айтқанда, былтыр Батыс Қазақстанда, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында іске асты. Сол себепті, идеясы бар немесе жобасы дайын, қалай жүзеге асыруға болады деген қыз-келіншектерге қолдау көрсетеміз», - деді Наталья Мишукова.