Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қаланы көгалдандыру, жол құрылысы және су шаруашылығы нысандарындағы жұмыс барысымен танысты.
«Қызылорда қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандыру» жобасы жасыл желекті көбейтуге және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған.
Өткен жылы 46 100 түп ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар, «KazStroyCapital» ЖШС «Қорқыт ата әуежайы" аумағына, орталық көшелер мен саябақтарға 779 мың біржылдық және 33,8 мың көпжылдық гүл көшетін егіп, 73,5 мың шаршы метр көгал төседі.
«Hunter» технологиясына негізделген автоматты суару жүйесі, 45 шақырымнан астам құбыр тартылды. Ал биылға 51 900 көшет отырғызу және суару жүйесін кеңейту жоспарланған. Қазір қаладағы 27 субұрқақ іске қосылды.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар туралы айтсақ, қазіргі таңда Н.Назарбаев даңғылы, А. Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш. Есенов көшелерінде жұмыс қарқынды. Жоба аясында 5,5 шақырым жол қайта жаңғыртылып, жаяу жүргіншілер жолы, лотоктар мен жарықшамдар орнатылады.
Сонымен қатар, Торайғыров көшесінен «Қызылорда – Құмкөл» автожолына дейін қайта жаңғыртылуда, 2,1 шақырымнан асатын көше бойында жаяу жүргінші жолы мен жарықтандыру жүйелері қарастырылған.
Облыс әкімі «Қызылжарма» каналын науамен жабдықтаудың, «Бәйтерек» шағын ауданындағы Оңтүстік магистралды каналы арқылы өтетін көпір құрылысын көрді. Мұнда да инфрақұрылымды жаңғырту, жаяу жүргіншілер көпірлерін салу және жарықтандыру жүйелерін орнату жұмысы жүріп жатыр.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысовпен кездесті. Кездесуде спорт саласын қолдаудағы ауқымды жобалар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион іске қосылды.
УЕФА-ның IV санатты сертификатын алды.
Жаңа стадион былтыр қазан айында Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды.
Жаңа нысанда ірі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік жасалған.
Былтыр балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, пайдалануға берілді.
Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі - «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 38 спорт түрінен 646 жаттықтырушы-оқытушы 22 мыңнан астам спортшыны кәсіби бағытта тәрбиелеуде.
Спорт саласына көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кету керек, өңірде баскетболмен 46 мыңға жуық адам шұғылданады.
Облыстың құрама командасы ел чемпионаттарында үздік үштік қатарынан көрініп жүр. Бүгінде 6 спортшы Қазақстан құрама командасының сапына енді.
Сондай-ақ, 2 спортшы НұрғалиеваТоғжан мен Төребекқызы Аяжан алда 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Нагоя қаласында (Жапония) өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарына қатысуға үміткерлер қатарында.
Қазақстанның Франциядағы елшілігі және Қызылорда облысы әкімдігінің, «Sumbe» компаниясының қолдауымен Париждегі атақты дипломатиялық залдардың бірі – Cercle de l'Union Interalliée ғимаратында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті. Мәдени шара Еуропадағы отандастар мен қандастардың басқосуы аясында мәдени байланысты нығайту және ұлттық өнер арқылы ұлт бірлігін дәріптеуді негіз етті.
Сыр өңірінен арнайы барған шығармашылық ұжым көременге халқымыздың төл өнерін, дәстүрлі музыкасын, күй мен бидің озық үлгілерін ұсынды. Кеш шымылдығы Құрманғазының «Балбырауын» күйімен ашылып, Қорқыт мұрасы, халық әндері мен Абай шығармалары орындалып, көрерменнің зор қошеметіне бөленді.
Концертті Франциядағы шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз, сондай-ақ Париж қаласының тұрғындары тамашалады.
Гастрольдік сапарға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев бастаған Сыр мәдениеті мен өнерінің насихатшылары, өнер ұжымдары мен әртістерінен құралған шығармашылық делегация барып қайтты. Концертте халық аспаптар ансамблі, (көркемдік жетекшісі Нұрғиса Нұрбай), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе (домбыра), күйші Болат Күзембаев (домбыра), дәстүрлі орындаушылар, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Бисенбек Төлеубаев, Жәнібек Жақсан, филармония солистері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Гаухар Бисекенова, Индира Баимбетова, Жалын Жүсіпов, Олжас Нұралиев, Назым Тілеулесова, Әлішер Шөжен, Арайлым Маханбетжанова және «Ai-Aru» заманауи би ансамблі өнер көрсетті. Концерт режиссері – «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгесінің иегері Азиза Іздіқұлова.
Ғасырлар сырын сақтаған, Эйфель мұнарасы асқақтаған, Сена жағасында сан тағдыр мен сан өнер тоғысқан ғажайып шаһардың тұрғындары мен қонақтары ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап, ұлттық музыкамыз мен әлемдік классиканың танымал шығармаларын тыңдауға мүмкіндік алды. Сыр бойының төлтума өнерін, қазақ ұлттық фольклорын жоғары деңгейде насихаттаған өнер иелері көрерменнің зор ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жедел басқару орталықтарының жұмысымен танысты. Қазір өңірде қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықбұзушылықтың алдын алуда заманауи цифрлық жобалар жүзеге асырылуда. 2006-2016 жылдар аралығында Қызылорда қаласына 272 бейнебақылау камерасы орнатылып, бүгінде олар тұрақты жұмыс істеп тұр.
Аудан орталықтарында да 2024 жылы Жедел басқару орталықтары құрылып, аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімшелеріндегі ақпаратты қабылдау, тіркеу жұмысы автоматтандырылды. Жоба аясында 539 бейнебақылау камерасы мен 49 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылды.
Өткен жылы аталған жүйе көмегімен 65 қылмыс, 74 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 807 млн теңге көлемінде айыппұл, осы жылдыңалғашқы төрт айында 27 қылмыс, 16 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 161 млн теңге айыппұл салынды.
Қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуде былтыр Қызылорда қаласына қосымша 1400 бейнебақылау камерасы, 20 мекенжайға зияткерлік қиылыс жүйесі және 58 мекенжайға стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы қойылды. Сонымен қатар жасанды интеллект функциясы бар бейнеаналитикалық жүйе енгізіліп, Жедел басқару орталығы толық жаңғыртудан өтті.
Өткен жылы облыс көлеміндегі бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіш құрылғылар арқылы 371 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 4,7 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған.
Биыл қала орталығына 10 «Sunqar» кешені орнатылды.Жаңа кешендер қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдықты асыру, көлік жүргізу кезінде телефонмен сөйлесу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу секілді құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.
Осы құрылғылар арқылы өткен төрт айда 26 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.
Өңірде 23 «Ekin Patrol G2» мобильді жылдамдық өлшегіш құрылғысы бар. Олардың көмегімен өткен жылы 43 мыңнан астам құқықбұзушылық белгілі болған.Полиция департаменті 12 дрон құрылғысын пайдалануда. Биылғы төрт ай ішінде дрондар көмегімен республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпті учаскелерінде 48 құқықбұзушылық тіркелген.
Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асырып жатқан «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы аясында 6 ұшқышсыз ұшу аппараты пилоттық режимде іске қосылған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы цифрлық жобалар кезең-кезеңімен жалғаса береді.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жедел әрекет ету орталығының жұмысымен танысты.
Орталық шұғыл жағдайлар мен коммуналдық мәселелерге қатысты өңір халқынан келіп түсетін өтініштерді жедел қабылдап, өңдеумен айналысады.
Мекеме 2019 жылы құрылған және оның құрамына 112 – Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі мен 109 – Бірыңғай байланыс орталығы біріктірілген. Мұнда 75 қызметкер жұмыс істейді.
Бүгінде «Көмек-112» және «Көмек-109» жүйелері толық іске қосылып, шұғыл қызметтермен және мемлекеттік деректер базаларымен біріктірілген. Соның нәтижесінде 101, 102, 103 және 112 нөмірлеріне түскен қоңыраулар бір орталықта қабылданып өңделеді. Жыл басынан бері «Көмек-112» жүйесіне 103 мыңнан астам хабарлама тіркелген.
112 қызметі төтенше жағдайларға байланысты қоңырауларды қабылдап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе жаңғыртылып жатыр. Бұл жаңарту арқылы қоңыраулар тезірек өңделіп, қателіктер азаяды. Сонымен қатар GPS арқылы оқиға орнына ең жақын құтқару қызметі немесе полиция экипажы автоматты түрде бағытталып, жұмыс тиімді үйлестіріледі.
109 байланыс орталығы тұрғындардың коммуналдық және күнделікті мәселелерге қатысты өтініштерін қабылдайды. Азаматтар бір ғана 109 нөміріне хабарласып, түрлі қызметтер бойынша ақпарат алып, өтініш қалдыра алады. Жыл басынан бері бұл жүйеге 91 мыңнан астам өтініш түскен.
Алдағы уақытта жүйеге жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, өтініштерді автоматты түрде өңдеу, жүктемені азайту және қызмет көрсету сапасын арттыру жоспарланған.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Президент саябағында салынып жатқан жаңа кітапхананың құрылыс барысымен танысты.
Мемлекет басшысы өткен жылы аймаққа жұмыс сапарымен келгенде Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылорда қаласында ашылатынын айтқан болатын. Бүгінде нысан құрылысы қарқын алды.
Заманауи, көпфункционалды кітапхана салуға инвестор есебінен 20 млрд теңге бөлінген. Жоба еліміздегі кітапхана инфрақұрылымын дамытуға, оқырман қолжетімділігін арттыруға және өңірлерде ақпараттық мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған.
Жалпы 13 000 шаршы метр аумақта 1 миллионнан астам кітап қорын сақтау, жыл сайын 250-300 мың оқырманға қызмет көрсету жоспарланған. Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, 50 адамға арналған цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге арналған электронды бөлме, инновациялық медиа-лаб пен подкаст студиясы болады.
Парижде Қазақстанның Франциядағы елшілігінің ұйымдастыруымен Еуропа қазақтарының басқосуы өтті.
Жиынға Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Түркия Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Рашида Юксель, Қазақ-француз-түрік қауымдастығының төрағасы Режеп Гюнай, «Отандастар» қорының вице-президенті Әлібек Жұрқадам, сондай-ақ қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Басқосу аясында Сыр елінің өнер шеберлері көрермен қауымға арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерін паш етті. Күй мен жыр, дәстүрлі ән мен патриоттық шығармалар шетелдегі ағайынға туған елдің ыстық ықыласын жеткізді.
Ұлттық нақышқа толы кеште көрермендер қазақ өнерінің терең тамыры мен рухани құндылығына куә болып, ерекше әсер алды. Сыр сүлейлерінің мұрасын дәріптеген өнерпаздар Еуропа төрінде қазақ мәдениетінің мәртебесін асқақтатты.
Сонымен қатар, ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі өнері мен ата-бабадан жеткен асыл мұрасы таныстырылды. Көрмеде ұлттық нақыштағы бұйымдар, қолдан жасалған кәдесыйлар мен зергерлік өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Ботаникалық саябақта облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы кең көлемді тазалық акциясы өтті.
Ауқымды акцияға облыс бойынша 17694 адам қатысты. Олардың қатарында зиялы қауым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма, департамент және инспекция басшылары, «AMANAT» партиясының өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары мен экобелсенділер болды.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы»,- деген болатын.
Қоршаған ортаны қорғау, оны күтіп ұстау тек мемлекеттің ғана емес, әр азаматтың міндеті және қоғамның ортақ негізгі құндылықтардың бірі болуы тиіс.
Өңірімізде санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүруде.
Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері, бүгінгі шарамыз өтіп жатқан Ботаникалық саябақ қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді.
Өңірімізде дизайн код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекендер бірегей архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді.
Облыс орталығындағы 80-нен аса ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталды.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, қосымша 21 тұрғын үй жаңғыртудан өтуде»,- деді аймақ басшысы.
Іс-шарада қоршаған ортаны қорғауға және тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуге үлес қосқан 100 қызметкер марапатталды. Экологиялық инфрақұрылымды нығайту мақсатында салалық мекемелерге 26 арнайы техника табысталды. Оның ішінде қалдық тасымалдаушы көліктер, өрт сөндіру техникалары, тракторлар және кіші өрт сөндіру кешендері бар.
Ботаникалық саябақ аумағы көгалдандырылып, 500 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар өңірді жасыл желекке бөлеуге, ауа сапасын жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға бағытталды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде облыстың барлық елді мекенінде бір мезгілде ауқымды сенбілік және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Ботаникалық бақ аумағында орналасқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бастамасымен қолға алынған жылыжай жұмысымен танысып, оқытушыларымен пікір алмасты.
Жылыжайда көкөніс өсіріледі.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңірдегі экологиялық шараларға 121 992 адам, яғни еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласының және кәсіпорын қызметкерлері белсене қатысты.
Осы уақыт аралығында 3 030 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық шығарылып, 3 367 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1 019 әлеуметтік нысан, 669 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 210 су объектісі және 5 383 көше бойы тазартылды. Бұл жұмыстарға 548 арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, жыл басынан бері облыс аумағына жергілікті климатқа бейімделген 88 567 түп ағаш көшеті отырғызылды. Олардың қатарында қарағаш, терек, Сыр талы және басқа да көшет түрлері бар.
Бүгінгі акция – өңірдегі экологиялық мәдениетті дамытуға, табиғатты қорғауды жүйелі жолға қоюға және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылдық округіне барып, «Мәді қажы» шаруашылығының жұмысымен және ғарыштық мониторинг жүйесінің мүмкіндіктерімен танысты.
Жиырма екі жылдан бері өңірдің аграрлық саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан шаруашылық негізінен егін егуге және мал басын көбейту ісін ілгерлетуге басымдық беріп келеді.
Шаруашылықтың 9 765 гектар жерінің 3 065 гектары егістікке, 3 267 гектары жайылымға арналған. Биыл 1000 гектарға күріш, 1200 гектар алқапқа жоңышқа егілді. Бүгінде күріштің 60 пайызы суға бастырылған.
Сапар барысында аймақ басшысы диқандармен кездесіп, көктемгі дала жұмыстарының жай-жапсарын талқылады. Сонымен қатар, заманауи технологиялардың тиімділігіне тоқталып, ғарыштық мониторинг жүйесінің су үнемдеу, егіс көлемін бақылау және өнімділікті арттырудағы маңызын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, биыл Сырдария ауданында көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл ауданда 32 064 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде, оның ішінде 17 мың гектары – күріш, 142 гектары – картоп, 180 гектары – көкөніс, 368 гектары – бау-бақша.
Егісті әртараптандыру бағытында 2000 гектарға жүгері егу көзделген. Жаңбырлатып суару әдісімен 150 гектарға жоңышқа себілсе, 1500 гектар жер лазермен тегістелді.
«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға сала ардагерлері, өнер майталмандары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Халқымыздың рухани мұрасын сақтап, ертеңге сабақтастыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елдігіміздің руханият байрағын көтерген мәдениет және өнер қызметкерлері Қорқыт ата мұрасын, жыраулар жәдігерін, таланттар тарихын жалғап, халық қошеметіне бөленіп келеді.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Оның 22-сі – мәдениет нысаны. Атап айтқанда, барлық ауданда «Руханият орталықтары» бой көтерсе, Қызылордада «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» және «Отбасы орталығы» ел игілігіне қызмет етуде. Тарихи-өлкетану музейінің, «Достық үйінің» жаңа ғимараттары ашылды. Балалардың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы іске қосылды.
Бүгінде Қызылордада Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жаңа драма театр мен Президенттік кітапхана құрылысы жүріп жатыр.
Салаға биылдың өзінде 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Мұрат Нәлқожаұлы өз сөзінде мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын.
Елдің рухани тірегін нықтап, ұлттың ұлы мұрасын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.
Өнер мен руханияттың өрісі кеңейіп, мәдениетіміздің мәртебесі әрдайым биік болсын! Еліміздің рухани дамуына қосып жүрген еңбектеріңіз жемісті болып, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін.
Сіздерге зор денсаулық, шалқар шабыт, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Қазақтың қасиетті өнері мен мәдениеті ұрпақ санасында мәңгі жаңғыра берсін!», – деді аймақ басшысы.
Мерекелік шарада саладағы аса үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар азамат «Құрмет» орденімен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар сала мамандарына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты беріліп, олардың ел мәдениетінің өркендеуі жолындағы еңбегі жоғары бағаланды.
Сыр елінің рухани-мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматқа облыстың Құрмет грамотасы және облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Әдебиет пен өнер саласында ерекше қолтаңбасымен танылған шығармашылық өкілдеріне жыл сайын берілетін облыс әкімінің дәстүрлі «Тұран» сыйлығына биыл 19 адам ие болды.
Кәсіби мерекеде сахнада Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Томирис» би, «Қорқыт сазы» қобызшылар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қыздар вокалды ансамбльдері, Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің баянистері, Қаракөз Ақдәулетова атындағы балалар студиясы және «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, камералық хор ұжымы, классикалық әндер шеруімен Еуропаның талғампаз көрерменінің ыстық ықыласына бөленген әншілер өнер көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап көрді. Көрмеге өңірдің рухани-мәдени болмысын танытатын құнды экспонаттар, қолөнер шеберлерінің туындылары, тарихи жәдігерлер және жергілікті өнерпаздардың шығармашылық жұмыстары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.