Аймақтағы 330 мектепте (295 мемлекеттік, 24 жекеменшік, 8 кешкі мектеп, 3 арнайы мектеп-интернат) 179 869 оқушы білім алуда.
2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша 11 – сыныпты бітіруші 8 051 түлектің 7 219 – ы немесе 89,6 % - ы ҰБТ-ға қатысты. Түлектердің орташа балы 87-ні құрады.1213 түлек 100 және одан жоғары балл жинаған. Шекті деңгейден өтпегендер саны (49 балдан төмен) – 223.Мемлекеттік грант конкурсына 6996 түлек қатысуда.Облыс бойынша ең жоғары – 137 балды Арал ауданы №220 орта мектептің түлегі алды.
Сол секілді Қызылорда қаласының сынақ тапсырушылары 134, Қазалы, Қармақшы, Сырдария аудандары және №9 Білім- инновация лицейінің түлектері 133 балл жинап, жоғары нәтижеге жетті.
Оқу жылын 514 түлек «Алтын белгіге» және 823 түлек "Үздік аттестатқа" аяқтады.
Жаңа 2023-2024 оқу жылында 1 – сыныпқа 17 543 бала келеді деп күтілуде. Оның ішінде 16 141-і немесе 92 % - ы қазақ сыныбына 1 402 – і немесе 8 % - ы орыс сыныбына оқуға өтініш білдірген.
Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мың орынға лайықталған білім ошақтарын салуға тапсырма бергені белгілі. Ұлттық жоба аясында облыста 2023-2025 жылдары 15 100 орынға арналған 21 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.
Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 8, Арал ауданында 4, Қазалы ауданында 2, Қармақшы ауданында 2, Жалағаш ауданында 1, Сырдария ауданында 1, Шиелі ауданында 1, Жаңақорған ауданында 2 мектеп салынады.
Оның ішінде 10 мектеп 2024 жылы, 11 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бүгінде аймақта 6 апатты (Арал ауданы №248 мектеп, Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45,133 мектептер), 6 үш ауысымдық оқытуға көшуі мүмкін мектеп (Қызылорда Абай мектебі №3,101,261,264,280) бар .
Қазір Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі апатты №248 мектепті жеке инвестор салуда. Мектеп осы жылы пайдалануға беріледі.
4 апатты мектептің құрылысы (Қазалы ауданы №94 мектеп, Қармақшы ауданы №105,108 мектептер, Шиелі ауданы №45) «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасына енгізілді. Жоспарға сәйкес мектептер 2024-2025 жылдары іске қосылмақ.
Сонымен қатар, Шиелі ауданы Жансейіт елді мекеніндегі 100 орындық №133 мектептің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл құрылысты Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен қаржыландыру ұсынылды.
Қызылорда қаласындағы 6 үш ауысымды мектеп бойынша былтыр Абай мектебіне 550 орындық, №101 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша ғимарат құрылысы басталды. Аталған нысандар жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Биыл пайдалануға берілетін Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп есебінен үш ауысымды №261, 280 мектеп мәселелері шешімін табады.
Сондай-ақ, №264 мектеп-лицейге 550 орындық, №3 мектеп-лицейге 375 орындық қосымша оқу ғимаратының құрылысы биыл басталды.
Облыстық онкология орталығы биылғы 19 шiлдеден бастап модульдік инфекция орталығында халыққа қызмет көрсетеді.
Онкология орталығы 2002 жылдан бері пациенттердің стационарлық ем қабылдауына бейімделмеген облыстық көпбейінді аурухананың әкімшілік-техникалық бөлімінде орналасқан болатын. Ендi орталық кең әрi науқастардың ем алуына толық жағдай жасалған 200 төсек-орынға арналған жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырмақ.
Орталықтың емхана бөлімі дәрігер кеңесін алуға және жоспарлы ем қабылдауға жолданған пациенттерді қабылдайды.
Жаңа ғимараттың әр палатасы 2-3 ем алушыға арналған. Арнайы санитарлық тораптармен (әжетхана, жуыну бөлмесі), желдеткіш, орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілген.
Жансақтау бөлімі 6-дан 12-16 төсек-орынға дейін кеңейтілген. Жабдықталған 2 операциялық залы бар. Ғимарат қосымша жаңа компьютерлік томограф, заманауи рентген аппараты, видеоэндоскопиялық аппаратпен жабдықталған.
Айта кетейік, жаңа ғимарат Берке хан 49 "А" мекен-жайында орналасқан.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жастарды қолдауға бағытталған «Tulga Bol» жобасы әр өңірде іске асырылуда. Аталған іс шара Сырдария ауданының орталығында өткізіліп, ендігі кезекте ауыл аймақтарда жүзеге асырылуда. Асқар Тоқмағанбетов ауылында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен республикалық «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтті. Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округінде өткізілген жәрмеңкеге кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, қаржы және экономика бөлімі, аудандық мансап орталығы, аудандық білім бөлімі, аудандық жер және ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты.
Жәрмеңке барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер ұсынылып, түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Тиісті сала мамандары кеңестер беріп, ауыл жастарына мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша ақпараттар ұсынды.
Сонымен қатар, жылжымалы жәрмеңке аясында спорттық сайыстар өтіп, ауыл жастары ләңгі тебу мен қол күрес сайысына қатысып, арқан тартысты. Спорттық сайыстарды ауылдық округі әкімі аппараты ұйымдастырды.
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов және ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Жүсіпов жеңімпаз жастарды марапаттап, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
– Республикалық «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өткізіліп отыр. Аудан орталығында кең көлемде өтіп, жастарға кеңес берілген жоба бүгін ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында өтіп отыр. Іс шара аясында жастар өздеріне керек ақпаратты ала алды деп ойлаймыз. Спорттық сайыстар да көңілді өтті. Салауатты өмір салтын ұстанып, жігерлі болып өсіп келе жатқан жастарға алғысымыз шексіз. Сайыс қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, марапат төрінен көрінген жастарды құттықтаймыз. Әркез жолдарыңыз ашық, өмірлеріңіз сәттілікке толы болсын! Жастарды алдағы уақытта да кеңес беру алаңдарына шақыратын боламыз! – деді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов.
Айта кетейік, аталған іс-шараға «AMANAT» шаруа қожалығының төрағасы Меңдіғали Есжанов қолдау білдіріп, аудандық жастар ресурстық орталығы мен ауылдық клуб үйі және Асқар Тоқмағанбетов атындағы мектеп ұжымы жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарына араласты. Өз кезегінде ауыл жастары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Қызылордалық «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков жақында Жапонияға барып, JICA халықаралық әріптестік агенттігі ұйымдастырған оқыту бағдарламасы арқылы біліктілігін көтеріп келді. Оның сапарына қажет құжаттарды Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары әзірлеп берді.
Жыл басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына JICA халықаралық әріптестік агенттігінен жапондық бизнес өкілдерімен іскерлік байланыс орнату үшін қазақстандық кәсіпкерлерге арналған тегін оқыту бағдарламасын бірге ұйымдастыру жөнінде хат түседі.
Халықаралық агенттік күріш өсіру және өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдерін маусым-шілде аралығында өтетін «Жапон тәжірибесі арқылы бизнестің әлеуетін дамыту» тақырыбындағы оқытуға шақырды.
«Біз бұл ұсынысты өңірдегі аталған салада қызмет көрсететін кәсіпкерлердің барлығына жолдадық. Ұсынысымызға «Абай Дәулет» ЖШС-і қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдірді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Алма Пірманова.
Кәсіпкерлер палатасының мамандары ұйымдастырушы тараппен байланысып, кәсіпорынның ұсынған өкілінің құжаттарын әзірлеп берді.
Нәтижесінде «Абай Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков 10 маусым мен 2 шілде аралығында Жапонияда біліктілігін арттырып келді.
«Қазақстаннан оқуға 7 азамат бардық. Оның үшеуі біздің өңірден. Біз тек шет елге барып-келу, яғни ұшақтың шығынын ғана өтедік. Қалған оқу, жатын орын – барлығын Жапониядағы ұйымдастырушы компания өздері қамтамасыз етті. Бір айға жуық уақытқа созылған шарада өзіміз секілді күріш өсіру және өңдеумен айналысатын компаниялардың жұмысымен таныстық.Технологияның мүмкіндігімен өнімділікті арттыру әдістерін көрдік. Өте жақсы тәжірибе болды. Осындай мүмкіндік берген Кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз», – дейді Жасұлан Тұрлыбеков.
Кәсіпорын өкілі оқу барысында алған тәжірибесін компанияда қолдану мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жеткізді.
Бүгін «Достық үйінде» облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Әділетті Қазақстан – даму мен бірегейліктің негізі» тақырыбында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясы өтті.
Облыстық ассамблеяның алқалы жиынына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, ғалымдар мен сарапшылар, этномәдени бірлестік жетекшілері, белсенді үкіметтік емес ұйымдар мен жастар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және ZOOM байланысы арқылы барлық аудан активі мен аудандық Қазақстан халқы ассамблеясының құрылым мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы ассамблеясының сәуір айында өткен ХХХІІ сессиясында ассамблея еліміздің саяси жүйесінің аса маңызды құрылымы ретінде ел бірлігін нығайтуға орасан зор үлес қосқанын айтты.
Бүгінгі сессияның күн тәртібінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының есепті кезеңдегі жұмыстары мен ХХХІІ сессияның тапсырмаларынан туындайтын міндеттер талқыланды.
Сессия облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысөзімен ашылды.
«Киелі Түркістан төріндегі Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік», деп атап өтті. Отандастарымызды бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырудағы бірегей құрылым – Қазақстан халқы ассамблеясы», – деді аймақ басшысы.
Осыдан тура бір жыл бұрын өткен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІV сессиясында берілген бірқатар нақты тапсырмалар жүзеге асырылып, толымды нәтижелерге қол жетті. Қызылордада «Анаға тағзым» орталығының ғимараты бой көтеріп, «Халық достығы» аллеясы салынды.
Сол жағалаудағы «Рухани жаңғыру» орталығы Үкіметтік емес ұйымдар үйі болып ашылды. «Достық үйінің» базасында Қазақстанның саяси реформаларының іске асырылу барысын түсіндіру мақсатында сарапшылар даярлау жөніндегі әдістемелік орталық құрылды. Сарапшы топ мамандары екі әдістемелік құрал әзірледі. Этномедиация бағытын дамытуға арналған жобалар жүзеге асырылып, кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлар арнайы курстардан өтті.
Сыр өңіріндегі аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы үздік деп танылып, өзге өңірлерге тәжірибе ретінде таратылды. Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбеков республикалық «Шаңырақ» байқауында этножурналистика саласының үздігі атанды. Облыстық ассамблея жастары әлемдік тренд «Ел бірлігі. Tik-tok Хаус» республикалық жобасында 1 орынды иеленді.
Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалмады. Осы уақыт ішінде «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы аталып өтті. Облыстық ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды. «Өз еліңді таны!» жобасы аясында олар тарихи қалалар мен киелі орындарға саяхаттауда.
Облыс басшысы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына, аймақтың негізгі макрокөрсеткіштеріне тоқталды. Мемлекет басшысының туған жерді түлету бастамасына үн қосқан жергілікті кәсіпкерлер мен облыстан шыққан меценаттар атқарған, қолға алған жұмыстар туралы айтты.
Мемлекет басшысы елімізде жоғары білім қолжетімділігін арттыруды және 2025 жылға дейін беделді шетел университеттерінің 5 филиалын ашуды тапсырды. Осы орайда облыс әкімі бастаған делегация 22-25 мамыр күндері Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясында іссапарда болып, Сеул қаласында Ұлттық ғылыми-техникалық, Шинхан университеттерінің президенттерімен кездесті.
Іссапар кезінде білім және ғылым саласында тиімді байланыстар орнатылып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қызылорда қаласында Корея университеттерінің филиалдарын ашу және жергілікті үздік мектеп түлектері үшін арнайы гранттар бөлу жұмыстары басталды.
Ресей, Өзбекстан елдерінің Бас консулдарымен кездесулер өткізіліп, облыстың сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-рухани, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде нақты ұсыныстар талқыланды.
Сессияда ассамблея кеңесінің ұсынысымен облыстық ассамблея төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болып Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Галия Гизатуллина тағайындалды. Облыс әкімі осы қызметті атқарған өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Кахар Дадашевқа алғыс білдірді.
Ассамблея сессиясында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, профессор Баймырза Қожамберлиев, онкология орталығының дәрігері, облыстық ассамблея жанындағы аналар кеңесінің мүшесі Виктория Юн, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің академиялық мәселелер бойынша басқарма мүшесі – проректор Дана Әбдірашева, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті ардагері Владимир Толоконников сөз сөйледі.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылап, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, басқарма, мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Алдағы уақытта облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдерімен жарты жылда кемінде бір рет кездесудің жұмыс кестесі әзірленіп, жүзеге асырылуы керек. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша белсенді ақпараттық жұмыс, этномәдени бірлестіктердің, Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық құрылымдары мен олардың белсенділерінің маңызды қоғамдық бастамалары мен жобаларын қолдау жалғаса береді.
Аймақ басшысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына облыстық мәдениет және спорт басқармасымен бірлесіп тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының жобалық-сметалық құжаттамасын және эскиздік жобасын әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.
Жауапты басқармаларға тәрбие, жасөспірімдерді есірткі мен психотроптық заттардан қорғауды үйлестіру жұмыстары жүктелді. Сонымен қатар «Достық үйін» жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу, «Достық аллеясына» сахна және ашық аспан астындағы кітап сөресін ұйымдастыру тапсырылды.
Сессия соңында облыс әкімі бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым ардагерлері мен белсенділерін марапаттады.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінгі жеке қабылдауға 12 адам келді.
Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй алу, тұрғын үйін заңдастыру, денсаулық сақтау саласы бойынша мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі азаматтардың мәселелері жіті зерттелетінін, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір сұрақтар бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.
Қала тұрғыны «Шұғыла» шағын ауданы №40 үйдің шатыры апатты жағдайда екенін айтты. Аймақ басшысы қала әкіміне жағдаймен танысып, тұрғындармен кездесіп, шұғыл шара қабылдауды тапсырды.
Қабылдауға келген тағы бір тұрғын қаладағы Теректі көшесі сапасыз асфальтталғанын айтты. Облыс әкімі жауапты басшыларға 10 күн ішінде көшедегі жөндеу жұмыстарын талапқа сай етуді жүктеді.
Сол жағалаудағы №38 үйдің сапасыз салынғанына шағым айтқан қала тұрғынының да мәселесі де жерде қалмайды. Қыркүйектің 1-іне дейін құрылыстағы кемшіліктер дұрысталуы керек.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аталған нысандарға түсірілім тобы барып, қазіргі жағдайы туралы мәліметтер жинақтайды. Облыс әкімі тапсырған мерзімде жұмыс нәтижесі туралы қосымша ақпараттандырылатын болады.
Айта кетейік, тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov.порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.
«CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Темірлан Абжанов пен Саят Урикбаев жобаларын таныстырып, грант иеленді.
«Smart Bench» − университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күн панельдері орнатылған орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты − кампус ландшафтарын өзгерту, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету, университетіміздің инфрақұрылымының дамуына үлес қосу», − деді Саят Урикбаев.
Сайыстың шарты бойынша оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 70-тен астам жоба келіп түсті. Соның ішінде 17 жоба үздік деп танылып, әрқайсысына 1млн 300теңге көлемінде арнайы грант бөлінді.
Келесі грант иегері Темірлан Абжанов тұрақты жылыжайға бағытталған жоба ұсынды. Жобаның мақсаты – органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыруға пайдалану. Сондай-ақ топырақтың төменгі қабаты арқылы суару әдісін қолдану және суару процесін автоматтандыру арқылы су шығынын азайту.
Айта кету керек, «Sustainability Living Lab» жобалар сайысына университетіміздің 6 білім алушысы қатысуға өтінім беріп, 4 жоба финалдық кезеңге өтті. Нәтижесінде 2 студент грант иегері атанды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты жастар арасындағы жұмыссыздықты жою. Азаматтардың біліктілігіне сәйкес жұмысқа орналасуына ықпал жасау болып табылады. Сонымен қатар, студент жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, еңбекке баулу арқылы маусымдық жұмыстарға тарту болып табылады.
Биылғы оқу жылында облыс көлемінде барлығы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің өзінен 5624 жас маман атануда. Аталмыш жастардың жұмысқа орналасуы, мемлекеттік бағдарламалар арқылы алғашқы тәжірибелерін жинақтау үшін «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» секілді бағдарламалар туралы да ақпараттар ұсынылды.
Бүгінгі жәрмеңке аясында 20 дан астам мекемелер мен кәсіпорындардан 150 бос жұмыс орындарына сұраныс бойынша қабылдау жүргілді.
Нәтижесінде жалпы келгендер 192 азамат оның ішінде кеңес алушылар 52, сұхбатттасуға жолдама алғандар 27, тікелей жұмысқа орналасуға 18, маусымдық жұмысқа 7 азамат жолдама алды. Аталған шараға «AMANAT» партиясының белсенділері мен депутаттық фракция мүшелері қатысуда.
Келушілердің сұранысына сәйкес аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады.
Жалағашта шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Осы күнге дейін байқауға 90-ға жуық отбасы өтінім беріп, оның 22-сі облыстық кезеңге жолдама алған. Бүгін Орталық алаңда ұлттық байқаудың аудандық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Ұлттық құндылықтар мен шаңырақтың береке-бірлігін насихаттайтын шарада аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы Есжанов «Біз – ата-анасын ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын елдің ұрпағымыз. Бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде белсенділік танытып, қатысқан әр отбасыға шынайы алғысымды айтамын. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін», – деп жылы лебізін білдірді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ақсулық Алдабергеновтер отбасы жүлделі ІІІ орын, Жалағаш кентінен қатысушы Ержановтар әулеті ІІ орын, жалағаштық Ералиевтер әулеті жүлделі І орынды иеленсе, жаңадариялық Тұрсынбековтер отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.
Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көрсете білген отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Мырзабай ахун ауылынан Әлімбаевтар әулеті «Өнегелі отбасы», Еңбек ауылынан Өржановтар жанұясы «Ұлағатты отбасы», Бұқарбай батыр ауылынан Сайділдаевтар әулеті «Парасатты отбасы», мырзабайлық Осмахановтар жанұясы «Үлгілі отбасы», М.Шәменов ауылынан Ақмырзаевтар әулеті «Берекелі отбасы» номинацияларымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік шарада аудан өнерпаздары өнегелі отбасыларға құрметін әнмен жеткізді.
Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өңірді сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жиын өтті.
Қазіргі уақытта аймақта егінді сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтуде. Дегенмен, жауапты министрліктермен, шаруалармен бірлесіп егінді судан қалдырмау шаралары қабылданған. Облыста арнайы жұмыс тобы құрылып шаруашылықтарға судың кезекпен берілуі бақылауға алынған. Жоғары орналасқан жерлерге су жеткізу және қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос пайдаланылуда.
Өңірде су тапшылығын болдырмау үшін шілде-тамыз айларында Шардара су қоймасына түсетін судың көлемі секундына 200 текше метрден кем түспеуі және қоймадан төменгі ағысқа секундына 500 текше метр су жіберілуі қажет.
Облыс әкімі жауапты басшыларға егінді судан қалдырмау шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.