Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде "Оқшы ата" кесенесінің жағдайымен танысты. Кесенені жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
"Оқшы ата" кесенесі Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан.
Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы аясында “Жалпыұлттық қасиетті нысандар” тізіміне енген. Мазаратты халық «Жеті әулие» деп атайды.
Аймақ басшысы кесенені қалпына келтіру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Жаңақорған, Қармақшы аудандарына жұмыс сапары кезінде киелі орындарының жай-күйімен танысқан еді.
Биыл тарихтың ізі қалған, сыры тұнған қасиетті орындар – "Қорқыт ата" ескерткіш- кешеніне, "Хорасан ата"," Оқшы ата" және "Марал баба" кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұл — Қызылорда облысының 85 жылдығына арналған тарту.
Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралап, "Қызылорда" су торабындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 2020 жылдан бері апатты жағдайдағы су торабы жөнделуде. Мердігер мекеме «Caspian Contractors Trust» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы желтоқсан айында аяқтайды деп жоспарланған. Бөгетте 16 метрлік бес аралық бар, олар қақпалармен және апаттық-жөндеу шандорларымен жабылған.
Мұнан әрі Нұрлыбек Машбекұлы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі "Неке сарайының" құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын зәулім ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған.
Облыс әкімі жақын күндері ашылған тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысымен де танысты. Комбинат еден, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ сияқты өнімдер шығарады. Жаңа зауыт сағатына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір- бетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Әрі қарай аймақ басшысы «Анаға тағзым» орталығының құрылысын көрді. Нысан жақын арада халық игілігіне табысталмақ. Ғимарат белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд.теңгеге салынуда. Бұл орталықта қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтар дәріптеліп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жаңғыртылады. Келушілерге сән мен сымбат, үй тұрмысы, қонақ күтуді үйрететін, жан-жақты психологиялық көмек беретін кабинеттер болады. Мұнан бөлек, ғимаратта шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы, жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері орналасады.
Аймақ басшысы Абай даңғылы №47 «а,б,в», 51, 51 «а» тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын да көрді. Маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд. 100 млн. теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Оған қоса демеушілер 1 млрд. теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда. Заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда.
Облыс әкімі жылына 33 мың тоннадан астам өнім өңдеуге қауқарлы «Мағжан және К» ЖШС-ның күріш зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Н. Нәлібаев ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында да болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы болған.
Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ә. Мүсілімов атындағы № 101 мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимарат құрылысына барды. 600 орындық бұл мектепте қазір 2275 оқушы білім алуда. Сондықтан білім ордасын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қараша айында 375 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталған еді.
"Оқушы саны көп білім ошақтарының мәселесін тағы бір мектеп салып шешкеннен гөрі қасына осындай қосымша ғимараттар салған тиімді. Қазір қала орталығында бос жер жоқ болғандықтан, жаңа мектеп шет жаққа түседі. Оған балаларын қатынату ата-аналарға қиындық туғызады. Балалардың өз үйіне жақын, үйренген мектебінде оқығаны екі жаққа да қолайлы", -деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, жаңа оқу жылына қарай мектептің қосымша ғимараты оқушыларды қабылдауға дайын болады.
Осындай қосымша ғимараттар №3, №264 мектеп-лицейлері мен Абай мектебінің жанынан бой көтеруде.
Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектеп салынады.
Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қорқыт ата» әуежайы терминалындағы жұмыс барысымен танысты.
Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратовтың қоры өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдіргені белгілі. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды. Құны 33 миллион долларды, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екі қабатты болады. Жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Ал жергілікті әкімдік нысанға инфрақұрылым жүргізуде. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталмақ.
Әуежай — өңірдің негізгі әуе қақпасы, сондықтан заманауи сипатқа ие болуы қажет. Бұл ретте әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіру, уақытылы аяқтау тапсырылды.
Қызылорда қаласында Құрысшылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Құрылысшылар – сәулет өнерінің шеберлері ғана емес, адал еңбектің иелері. Сары аяз қыста да, шіліңгір шілденің аптап ыстығы мен боз жауынды қоңыр күзге қарамастан құрыш білектің қуатын ғимарат салуға арнайтын қадірлі мамандық иесі. Сондықтан әрбір шебер қолды құрылысшының туған өлкеміздің дамуында қолтаңбасы бар. Бүгінде өңірде құрылыс индустриясы қарқын алып келеді. Заманауи ғимараттар салынып, жаңа ықшам аудандарда көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, аймақ ажарына әр қосты. Миллиардтаған теңгенің ірі жобалары да құрыш қолды құрылысшылардың табандылығының арқасында жүзеге асуда. Биыл Сыр елі құрылыс жұмыстарының көлем көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда», - деді аймақ басшысы.
Мерекелік іс-шарада облыс әкімі Тәуелсіздік жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне ерекше атсалысқан азаматтарға, майталман мамандарға түрлі марапат табыстады.
Атаулы күні қазақ эстрадасының жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Әміре, Маржан Арапбаева және Садраддин ән шырқап, мереке думанға ұласты.
Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл облыс аумағында 8,8 млрд. теңгеге 26 тұрғын үйдің және 46 млрд. теңгеге 62 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Соңғы 3 жылда тұрғын үй құрылысының көлемі 112 пайызға өсіп, 3 мыңнан аса азамат жаңа пәтерге ие болды. Биыл құрылыс көлемі одан әрі артып, 692,3 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Қазір әртүрлі деңгейдегі 150 жобаның құрылысы жүзеге асуда. Бұған мемлекеттік бюджет есебінен 72,3 млрд.теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Құрылысшылар күні қарсаңында Қызылордада ашылған үй құрылысы комбинатындағы салтанатты рәсімге қатысты.
Аймақ басшысы жерлестерін жаңа өндіріс орнының салынуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтай жиынында «Әділетті Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі» екенін айтты. Ал адал еңбек етуді алтын қағидатына айналдырған құрылысшылар қауымын бағалап, лайықты құрмет көрсету – біздің міндетіміз! Темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауытты іске қосу аймақтағы құрылыс саласын дамытуға, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының көлемін кеңейтуге жол ашады. Мұндай өндірістер бізге құрылыс шығындарын едәуір азайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, сондай-ақ капиталдың шет елдерге кетуін шектеуге мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.
Мерекелік іс-шарада құрылыс саласының ардагері Ақмұрат Мадияров құттықтау сөз сөйлеп, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Жарылқасын Шәріпов бата берді.
Айта кетейік, үй құрылысы комбинаты еден, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ сияқты өнімдер шығарады. Жаңа зауыт сағатына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір- бетон бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Қызылорда облысында 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 1430 пәтер халық игілігіне табысталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында айтты.
«Қазір облыс көлемінде 31,4 млрд. теңгеге 130 мың шаршы метр болатын 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл 30 үй (93 мың шаршы метр, 1430 пәтер) халық игілігіне табысталады. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтарға 1000 пәтер сатып алуға (600 пәтер Қызылорда қаласында, 400 пәтер аудандарда) республикалық бюджеттен 9,6 млрд теңге бөлінді», - деді аймақ басшысы.
Елдің әл-ауқатын арттырудың тағы да бір өлшемшарты – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту. Облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуге жұмыстар жасалуда (230 елді мекеннің 198-і су жүйесіне қосылған). Өткен жылы 6 ауыл "көгілдір отынға" қосылып, халықты газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биыл тағы да 12 елді мекенге табиғи газ тартылып, газдандыру деңгейі 75 пайыз болады.
Жергілікті маңызы бар 366 шақырым автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі өткен жылы 82 пайызды құраған. Биыл бұл көрсеткіш 87 пайызға жеткізілмек. Бүгінде Қызылорда қаласында 141 шақырым көшені жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Шет аймақ, кенттер, ауылдар да назардан тыс қалған жоқ.
Нұрлыбек Машбекұлы көлік ағымы көп Сұлтан Бейбарыс, Назарбаев және Астана даңғылы сияқты орталық көшелерде жол жөндеу жұмыстары алдағы 10-15 күнде аяқталатынын айтып, уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұрады.
Биыл өңірге 424 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады.
Жыл басынан бері кәсіпкерлікті қаржылай қолдау үшін әртүрлі көздерден 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, 2000-нан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында хабарлады.
«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жыл басынан бері несие портфелі 14 млрд. теңгені құрайтын 484 жоба субсидияланды. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 72 872 бірлікті құрап, 35,6%-ға ұлғайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл басталған жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен кредит беру жұмыстары айрықша қолдау тапты. Республикалық бюджеттен 1 млрд. 285 млн. теңге қаржы бөлінді. Өтінімдер өңірлік бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияда қаралып, 264 жас кәсіпкер оң қорытынды алды, ал 172 жас кәсіпкер өз кәсібін бастады», - деді аймақ басшысы.
Жас кәсіпкерлердің бастамаларын қаржылай қолдау мақсатында облыс әкімдігі Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігіне тағы 200 адамға 1 млрд. теңге қаржы бөлу ұсынысымен шығып, ұсыныс қолдау тапты. Бөлінген қаржы жыл аяғына дейін өз мақсатына бағытталады.
Қызылорда облысында индустрияландыру аясында құны 607,7 млрд. теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 6,3 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында хабарлады.
«Биыл жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, бие сүтін өңдейтін цех, әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру зауыты іске қосылады. Бұл ел тұрмысын жақсартуға айрықша септігін тигізеді.
Былтырғы қазан айынан бері өңдеуші өнеркәсіпке серпін беретін шыны зауытында жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы зауыт елімізді 32 мың тоннадан астам өніммен қамтамасыз етті. Биылғы 6 айда 6,2 млн. шаршы метр шыны өндірілді. Зауыт өнімі еліміздің аймақтарына, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, шыны зауыты айналасына шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру үшін «Хорн» неміс компаниясының технологияларын тартып, жылына 120 млн. дана шыны бұйымдарын шығаратын зауыт жобасы жүзеге аспақ. Импортты алмастыру бағытындағы жоба халықаралық стандарттарға сай түрлі шыны ыдыстарды өндіруге, шыны бұйымдарын ТМД елдеріне кеңінен экспорттауға жол ашады.
Ірі жобалардың бірі — «Шалқия» кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы биыл басталады. Құны 235 млрд. теңге болатын жоба бойынша Еуропалық Даму және Қайта Құру Банкі платформасында тендер өткізілуде.
Сыр өңірінің қарқынды дамуы жолында әлемдегі озық тәжірибелер терең зерттеліп, жан-жақпен әріптестік байланыс кеңейтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында хабарлады.
«Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 млн. тоннаға азайғаны белгілі. Суланған және сарқылған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша жаңа технологиялар жасайтын қытайлық «Джепетто» компаниясымен бірлескен жұмыстар басталды. Аталған компанияның өкілдігі Қызылорда қаласында ашылды. Мамандардың мәліметіне қарағанда, жаңа технологиялардың көмегімен мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыруға болады», - деді аймақ басшысы.
Өткен айда Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі мамандарды тегін оқыту бойынша Меморандумға қол қойды. Мұнан бөлек, мамыр айында облыс делегациясы Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясына барды. Осы сапарда Кореяның жетекші жоғарғы оқу орындарының Президенттері және өңір басшыларымен екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандумдар жасалды.
Өткен жылы жұмысын бастаған Қызылорда шыны зауыты айналасына шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру мақсаты айқындалған. Осы ретте «Хорн» неміс компаниясының технологияларын тарта отырып, қуаттылығы жылына 120 млн. дана шыны бұйымдарын шығаратын зауыт жобасы жүзеге асырылмақ. Импортты алмастыру бағытындағы жоба шеңберінде халықаралық стандарттарға сай түрлі шыны ыдыстар өндіру, шыны бұйымдарын ТМД елдеріне кеңінен экспорттау көзделуде. Қазір зауыт өнімдері отандық нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.