Лого
Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпарат
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
06 июля 2025
Аймақ басшысы өнеркәсіптік жобалардың жай-күйімен танысты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовпен бірге сол жағалаудағы шағын өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысты.
Өткен жылдан бері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру үшін жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл сол жағалаудағы «Тұмар» жеке кәсіпкерлігі мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС-нің базасында шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылмақ. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 52 млн теңге.
«Тұмар» ЖК құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, 1,9 мың шаршы метр нысан аумағын абаттандыруда. Қазіргі таңда 682 шаршы метр аумаққа 7 жоба орналастырылуда. Атап айтқанда, сүт өнімдерін өндіретін шағын цех, кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш бұйымдары мен жартылай фабрикаттар өндіретін екі цех іске қосылмақ.
«Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі де құрылыс жұмыстарын толық аяқтаған. Жалпы ауданы – 1,9 мың шаршы метр.
Айта кету керек, шағын өнеркәсіптік парк – жалға алушы кәсіпорындардың өндірістік қызметін жүзеге асыруына барлық жағдай жасалған арнайы аймақ. Мұнда қажетті инфрақұрылым, инженерлік желілер, өндірістік, қойма және әкімшілік ғимараттар толық қарастырылған.

Білім
06 июля 2025
Аймақ басшысы білім ордаларының құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынын көрді

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетовпен бірге Қызылорда қаласындағы білім беру мекемелерінің құрылыс барысымен танысты.
Алдымен СПМК-70 мөлтек ауданындағы 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болды.
Бас мердігер «Integra Construction KZ» серіктестігі құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға жақын. Ғимараттың қабырғалары толық қаланып, іші әрленуде, инженерлік жүйелері орнатылуда. Құрылысқа 11 инженер-техникалық қызметкер, 183 жұмысшы және 6 техника жұмылдырылған.
Арай мөлтек ауданындағы 1500 орындық мектептің де құрылысы қарқын алған. Бас мердігер «Абу-Сер» серіктестігі ішкі әрлеу, есік-терезе орнату, жылу жүйелерін монтаждау және аулаға инженерлік желілерді тарту жұмыстарын атқаруда. Құрылыс басында 10 инженер, 185 жұмысшы еңбек етуде, 22 техника іске қосылған. Мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

05 июля 2025
Қызылордада жылына 90 млн кірпіш өндіретін зауыт іске қосылады

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов «Қызылорда Саз М» ЖШС жаңа кірпіш зауытының жұмысымен танысты. Зауытты орналастыру үшін өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен 7 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде зауыт пен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттың құрылысы аяқталып, қажетті жабдықтар толық орнатылған.
Осы кезде өндірістік жабдықтар іске қосылып, зауыт техникалық режимде жұмысын бастады. Аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізілуде. Жақын күндері ашылу рәсімі өтеді.
Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Экологиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыттарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

04 июля 2025
Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.
Жиында өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны, кезекте тұрған азаматтардың жағдайы, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысын бастау үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы дайын жер телімдерін шұғыл түрде ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, әр ауданда қанша үй салынатыны, құрылыс мерзімі мен қаржының тиімді игерілуі нақты көрсетілген жоспар әзірленуі қажет екенін ескертті.
«Тұрғын үй салуға бөлінген қаржыға құрылысты уақытылы бастау, жер телімдерін анықтап, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Жоба-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіңіздер. Бөлінген қаржы тиімді әрі мақсатты игерілуі керек»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыста тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. 2023 жылы жергілікті бюджет есебінен 4,1 млрд теңге бөлініп, аудан орталықтарынан 429 пәтер сатып алынып, халыққа табысталды. Өткен жылы 14,7 млрд теңгеге 1 015 жаңа пәтер сатып алынып, үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді.
Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй сатып алуға 43,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған 2 598 пәтер сатып алу жоспарланған. Атап айтқанда, әлеуметтік кредиттік тұрғын үйлерге 10 млрд 002,8 млн теңге қарастырылып, бұл қаржыға Қызылорда қаласынан 610 пәтер сатып алынбақ.
Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған 1 988 пәтерді сатып алуға 33 млрд 833,7 млн теңге бөлінді. Оған Қызылорда қаласынан 1 538 пәтер, Арал ауданынан 100 пәтер, Қазалы ауданынан 100 пәтер, Шиелі ауданынан 100 пәтер, Жаңақорған ауданынан 100 пәтер, Қармақшы ауданынан 50 пәтер, яғни аудан орталықтарының өзінен 450 пәтер алынады.

03 июля 2025
«Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік көрме - байқауы өтті

«Өнер орталығында» «Қазақстанның үздік тауары» – 2025 көрме байқауы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Аймақ басшысы конкурсқа қатысушыларды құттықтап, өңірдің өңдеу өнеркәсібі саласындағы жұмыстарға тоқталды.
«Соңғы жылдары Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібі 18,2%-ға артып, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21%-дан асты. Жылына 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылуда. Бүгінде 65 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасайды. Мұнда 121 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттардан бастап, жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік субсидиялар беру арқылы инвестициялық, қаржылық, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Биыл жеке кәсіпкерлікті қолдаудың барлық көзінен 30 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылды.
Мемлекет басшымыз экономиканың нақты секторын кедергісіз несиелендіру мақсатында бизнес субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру жүйесін енгізуді көздейтін заңнамалық актіге қол қойды. Бұл – кәсіпкерлерге үлкен қолдау! Енді бизнес өкілдерінің екінші деңгейдегі банктерге кепіл ұсыну мүмкіндігі болмаса, оған арнайы кепілдік қорының қаржыландыруы арқылы қол жеткізе алады.
Баршаңызды алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай еңбек етуге, мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Аймақтық конкурстың жеңімпаздары республикалық байқауда үздіктер қатарынан көрініп, Сыр өңірінің мерейін үстем етеді деп сенеміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Байқауға экономиканың түрлі саласынан 67 тауар өндіруші қатысты. Сарапшылардың бағалауы бойынша 9 жеңімпаз іріктеліп, марапат иелеріне ноутбук сыйға берілді.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша тыңайтқыш өндірісі саласындағы «Агрохимсервис», цемент өндірісіндегі «Компания Гежуба Шиелі Цемент» және шыны өнімдерін шығаратын «Орда Гласс ЛТД» серіктестіктері жеңімпаз атанды.
«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Асыл дән LTD», «Таң LTD» күріш өндіруші серіктестіктері, «Әль Баракат ДистрИбьЮшн » жартылай фабрикат өндіруші серіктестігі марапатқа ие болды.
«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясын «Панабек», «Сыр жиһазы KZ», «Арт-групп Сервис» серіктестіктері жеңіп алды.
Салтанатты шарада Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетұлы, Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

02 июля 2025
Сол жағалауда 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілті табысталды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топ санатындағы отбасыларға сол жағалаудан салынған 60 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Салтанатты рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңірдегі ауқымды жобаларға тоқталды.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты екенін атап өтті. Бұл мақсатта ауқымды жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жылда облысымызда қаржыландырудың барлық көзінен 2 млн. 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 4 мыңға жуық пәтер, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға пәтерлер сатып алынып, 9 мыңға жуық отбасы үйлі болды.
Биыл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Мерейлі жыл аясында сәулеті келіскен әсем де замануи ғимараттар бой көтеріп, ел игілігіне айналуда. Бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 50 млрд. теңге бөлініп, 2 765 пәтер табысталады. Бүгін осы жұмыстардың нәтижесі мен қуанышты сәтіне өздеріңізбен бірге жетудеміз. Бұл – мемлекеттің қолдауын сезініп, баспаналы болуға ниет еткен әрбір отбасы үшін ерекше күн! Баспаналы болу ата-ананы да, балаларды да жақсылыққа жетелейді. Жаңа қоныстарыңыз татулық пен берекенің ордасына айналсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сенат депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кету керек, облыста Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Президенттің Катар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес, қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
Бүгінде Қызылорда қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне ыстық су қосылуда. Алдағы жылу беру маусымында пәтерлер ыстық сумен қамтамасыз етіліп, жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 83 пайызға жеткізіледі.
2023-2025 жылдары 1 232 шақырым автомобиль жолдары мен көшелерді, 18 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуге 121 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыз болды. Биыл 329 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетеді.

Инвестиция
02 июля 2025
Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Штаб құрамына облыс прокуроры, жергілікті және орталық атқарушы органның мекемелері, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдары енгізілді.
Атап өту қажет, өңірлік инвестициялық штабтың құрамына ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың тапсырмасына сәйкес Президент Әкімшілігінің Өңірлік даму мониторингі бөлімінің инспекторы Нұрлан Тайғанов қосылды.
Күн тәртібінде «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым тарту, инвестициялық жобалар, шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы осыған орай сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы экономикалық аймақты cыртқы және ішкі инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын егжей-тегжейлі зерттеп, инфрақұрылым жеткізу мәселесін заң аясында зерделеңіздер.
Қазіргі таңда елімізде шағын өнеркәсіптік аймақтарды салып, дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Көп жағдайда кәсіпкерлер өндіріс орнын ашу үшін стандартқа сәйкес келетін дайын ғимарат сұрайды. Облыстық экономика және қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары «Байқоңыр» корпорациясымен бірлесіп, шағын өнеркәсіптік аймақтарды салуға қажет қаражатты жергілікті бюджеттен тарту мәселесін қарастырыңыздар»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров баяндама жасады.
Сондай-ақ, «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауытының директоры Нарбаев Еркебұлан зауытқа апаратын жолдың және сол маңдағы теміржол асты тесік көпір жолының мәселесін көтерді. «Орхун Медикал» медицина орталығының директоры Алмат Жұмабаев қала аумағынан стандартқа сай бос ғимарат сұрады. «Рем Пласт» қағаз және картон зауытының директоры Расул Жүсіпбеков инженерлік инфрақұрылымға қатысты, «Вигор Холдинг» жобасының құрылтайшысы Мөлдір Жақанова 20 мегаваттық күн-электр станциясын салудағы проблемаларды айтты. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ғизат Әбілтай шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту жайындағы пікірін білдірді.
Айта кетейік, 2025 жылы өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен 5 айдың қорытындысы бойынша 229,8 млрд теңге тартылып, өсім 27,1% болды. Оның 70%-ы – жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары 89 инвестициялық жоба шеңберінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 27 жоба жүзеге асады.
Ірі жобалар қатарында түрік инвесторы «Aksa Energy» салған жаңа жылу-электр орталығы, заманауи кірпіш зауыты, жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығару және айна өндіру жобалары бар.
Сонымен қатар, «Марал Нұр» жолаушы вагондарын жөндеу кешені, түрік инвесторының «Орхун Медикал» медицина орталығы, кондитерлік және макарон өнімдері өндірісі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады.

01 июля 2025
Әріптестері Руслан Қайрақбаевты жаңа қызметке шығарып салды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте әріптестері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметін атқарған Руслан Қайрақбаевты жаңа қызметке шығарып салды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, аумақтық департаменттер, инспекция және мекеме басшылары қатысты.
Облыс әкімі департаментті басқарған Р.Қайрақбаевтың адал қызметі мен ұзақ жылдық тәжірибесін атап өтіп, оған алғыс білдірді.
«Әріптесіміз табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға, оларды жоюға, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға бағытталған нәтижелі жұмыстар мен маңызды жобаларды жүзеге асыруда аянбай еңбек етті. Ол басшылық жасаған тұста департаменттің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының бөлімшелері жоқ шалғай орналасқан елді мекендерде 30 өрт сөндіру бекеті құрылып, 4 өрт сөндіру бөліміне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары департаментке 21 өрт сөндіру техникасы мен материалдық жабдықтар, цифрлық бейнекамералар алынды. Бүгінде төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағындағы 7 жағажайды ресми түрде бекітті»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Руслан Сламбекұлына Қызылорда облысының ең жоғары наградасы – облыстың Құрмет грамотасы табысталды.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов ізгі тілегін білдіріп, өз кезегінде Руслан Қайрақбаев әріптестеріне көрсетілген құрмет үшін ризашылығын жеткізді.

01 июля 2025
Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы тағайындалды

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжілісте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы таныстырылды.
Облыс әкімі аппараты бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі негізінде, облыс әкімінің өкімімен облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы лауазымына Мырзабек Сәкен Салхадинұлы тағайындалды.
Жиында облыс әкімі басқарманың жаңа басшысын құттықтап, оған алдағы уақытта атқарылуы тиіс маңызды міндеттерді тапсырды.
«Әріптесіміз мемлекеттік қызметте біртіндеп өсіп, басшылықта мол тәжірибе жинаған білікті маман. Осыған орай басқарма мен оның басшысына маңызды тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, бюджет қаражатын жоспарлау кезінде заңнама талаптарын қатаң сақтау, бөлінген қаржының әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жүргізу қажет.
Сондай-ақ, республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, уақытылы игерілуін қамтамасыз ету, өңірдің негізгі макрокөрсеткіштерінің республикалық деңгейден төмен болмауын қадағалау, салық түсімдерін арттыру және субвенция көлемін ұлғайту бағытында нақты жұмыстар атқарылуы тиіс», – деді аймақ басшысы.
Сәкен Салхадинұлы 1980 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2001 жылы Қызылорда облысы бойынша салық комитеті заңды тұлғаларға аудит бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Әр жылдары облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы, басқарма басшысы, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары лауазымдарында абыройлы еңбек етті. 2023 жылдың қазан айынан осы күнге дейін облыстық тексеру комиссиясының мүшесі қызметін атқарып келді.

ТКШ
01 июля 2025
Сумен жабдықтау және үнемдеу шаралары қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін цифрлық технологияларды енгізу шаралары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 98,6 пайыз болды.
Өңірде орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 9 ауылдық елді мекен қосылмаған.
Оның 5-еуін топтық су құбырына қосу және 4-не ішкі су жүйелерін салу жоспарланған.
Өзіңіздің тікелей қолдауыңызбен қажетті қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы жылы Президентіміздің халықты 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасы толық орындалады", - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін ел тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Осыған сәйкес, біздің басты міндетіміз – жыл соңына дейін өңір тұрғындарына сапалы ауыз суды толықтай жеткізу. Тапсырманың мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіңіздер.
Жаз мезгілінде ауыз су қысымына тұрғындар жиі шағымданатыны белгілі. Осыған байланысты 1 апта ішінде тұрғындарға ауыз судың жеткізілуі мен көрсетілетін қызметтің сапасын тексеріп, тиісті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырыңыздар. Бұл ретте ешқандай олқылық болмауы тиіс. Судың қысымын тұрақты бақылауда ұстап, үздіксіз берілуін қамтамасыз етіңіздер.
Қала, аудан әкімдеріне, облыстық басқарма, аумақтық департаменттер мен инспекция басшыларына қатаң ескерту жасаймын, өз аумақтарыңыздың тазалығын сақтау, көгалдандыру, көркейту және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырыңыздар», – деді облыс әкімі.
Бүгінде Мемлекет басшысының қалалардағы кәріз тазарту станцияларын жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, арнайы Жол картасы бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қызылорда қаласында қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр биологиялық тазарту станциясын жаңғырту қолға алынған.

Социальные сети
Telegram
YouTube
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты