Лого
Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпарат
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
09 июля 2025
«Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл»: Қызылордада облыстық Ассамблеяның XXVII сессиясы өтті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбындағы ХХVІІ сессиясы өтті.
Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, саяси партия филиалдарының жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мен облыстық Ассамблея құрылымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар қатысты.
Аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өңірде қолға алынған жұмыстарға тоқталды.
«Ассамблеяның 30 жылдығына «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен 3 млрд. 800 млн. теңгеге «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынуда. Сәулетті ғимараттың іргетасын өздеріңізбен бірге 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қалаған болатынбыз. Нысан қараша айында ел игілігіне беріледі. Өздеріңізге белгілі, өткен 2024 жылды өңірімізде «Руханият жылы» деп жариялап, мәдени-көпшілік шаралармен бірге көптеген ауқымды жобаны жүзеге асырдық. Барлық 7 ауданда ішінде қоғамдық келісім кабинеттері, неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынды.
Бір мұрат, бір мүдде жолында тынымсыз еңбек ету – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Достықты ту еткен, жасампаздық пен өрлеу жолындағы айшықты істеріміз көпке үлгі бола бергей! Бірлігіміз бекем, тірлігіміз толымды болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Сессияда этносаралық келісімді одан әрі нығайтудағы жұмыс бағыты айқындалды. Аймақ басшысы өңірдегі этносаралық жұмыс жоспарын жан-жақты талдап, оның тиімділігін арттыру мақсатында нақты ұсыныстар әзірлеуді және кеңес отырыстарын жүйелі түрде өткізуді тапсырды. Сонымен бірге, жаңадан бой көтеретін «Достық үйін» туристік бағыттарға қосып, оны бірлік пен ынтымақты насихаттайтын заманауи мәдени-идеологиялық орталыққа айналдыру міндеті қойылды.
Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Байрахтарова, «DaRALAce» шығармашылық үйінің негізін қалаушы, «Шапағат» медалінің иегері Светлана Цой, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі Айнұр Тұңғышбаева пікір білдірді.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік медалімен, ҚР Президенті Әкімшілігі Ассамблея хатшылығының Алғыс хатымен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

09 июля 2025
«Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» форумының қорытынды пленарлық сессиясы өтті

«Өнер орталығында» «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 - Қызылорда» форумының қорытынды пленарлық сессиясы өтті.
Оған Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы форумның маңыздылығына тоқталып, барша қатысушыларға алғысын білдірді.
«Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы қалалардың өркендеуімен тікелей байланысты. Ал, оған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Тұрғындарымыздың әл-ауқатын арттыру, жайлы кеңістік қалыптастыру, экологиялық таза орта құру, инфрақұрылымды тұрақты жаңғырту, қалаларды жаңа технологиялардың көмегімен басқару – біздің алдымыздағы маңызды міндеттер. Бұл ретте тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәтижесінде ғана тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізе аламыз.
Бүгінгі форум – өңірлердің тұрақты дамуына оң серпін берудегі, урбанистика саласын жаңа деңгейге шығарудағы, ортақ мақсаттарға қол жеткізудегі маңызды қадам. Форумда айтылған тың идеялар мен мазмұнды ұсыныс-пікірлер алдағы жұмыс барысында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Бүгінгі форумның бас демеушісі «Казпетрол Групп» компаниясына зор алғысымызды білдіреміз.
Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешегі жолындағы әрбір бастамаларыңыз жемісті, қызметтеріңіз нәтижелі болсын!Егемен елімізді бәсекеге қабілетті етуде, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруда Президентіміздің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындап, халықтың зор құрметіне бөлене бергейсіздер! Ел іргесі берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!»,- деді Н.Нәлібаев.
Қорытынды сессияда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі өз пікірлерін ортаға салды. UN-Habitat ұйымының атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс қорытынды сөз сөйледі.
Соңында Қызылорда облысы мен UN-Habitat ұйымы арасында декларацияға қол қою рәсімі өтті.

Табиғат
09 июля 2025
Орман шаруашылығы мекемелері арнайы техникалармен қамтылған

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев орман шаруашылығы мекемелерінің және «Үлгілі елді мекен» конкурсының техникаларымен танысты.
Кейінгі жылдары өңірде облыс әкімінің бастамасымен ауылдық елді мекендерді абаттандыру, тазалық сақтау және көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» конкурсын ұйымдастыру дәстүрге айналды. Бұл ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың белсенділігін арттыруға бағытталған.
2023 жылы конкурс көктем және күзде өтті. Облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жеңімпаздарға 29 арнайы техника табысталды. «Үлгілі аудан орталығы» мен «Үлгілі ауыл» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, ассенизатор, трактор, қоқыс тасымалдайтын, тиейтін және жол тазалайтын көліктермен қамтамасыз етілді.
Бұл игі бастама өткен жылы да жалғасын тауып, үздік аудан орталығы мен ауылдарға арнайы техникалар, 2025 жылға арналған абаттандыру жобаларын қаржыландыру үшін бірқатар елді мекенге 15 млн теңгеден берілді. Биылғы жеңімпаздарға 564,4 млн теңгеге 19 арнайы техника табысталады.
Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 7,3 миллион гектар, оның 3,8 миллионы – орманды алқаптар. Табиғи ресурстарды сақтау, орман байлығын көбейту және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 8 орман шаруашылығы мекемесінде 744 қызметкер жұмыс істейді.
2022 жылы осы мекемелердің техникалық әлеуетін нығайтуға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, тракторлар, орман отырғызу агрегаттары, вахталық автобус, су тасымалдау көлігі, өрт сөндіру және патрульдік автокөліктер, электр станциялары мен палаткалар сатып алынды. 2023 жылы осы мақсатқа 867 миллион теңге қаралды, ал өткен жылы 102,5 миллион теңгеге заманауи техника мен құрал-жабдықтар алынды.
Биыл қаржыландыру жалғасып, орман шаруашылығы мекемелері «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға сәйкес 438,5 миллион теңгеге қажетті техникамен қамтылды.

09 июля 2025
Қызылордада заманауи кірпіш зауыты іске қосылды

Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойы аясында «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің заманауи кірпіш зауытының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері, өңір кәсіпкерлері арнайы қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды заманауи кірпіш зауытының ашылуымен құттықтап, өңірдің өнеркәсіп саласындағы жұмыстарға тоқталды.
«Біз аймағымыздың экономикасын әртараптандыру арқылы жоғары өнімді, экспортқа бағдарланған шикізаттық емес өңдеу өнеркәсібін құруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарудамыз. Бұл бағытта алдағы бесжылдықта құны 2 трлн. теңгені құрайтын 89 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның ішінде түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу-электр орталығы, қазір ашылатын заманауи кірпіш зауыты, қиыршық тас, айна өндірістері бар. Өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында құны 553 млрд. 600 млн. теңгені құрайтын 14 жобаның құрылысы басталуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жергілікті өнім өндірушілердің құрылыс материалдарының әлеуетін барынша пайдалану маңызды. Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қолдайды», – деген болатын.
Өткен жылдың қараша айында іргесі қаланған кірпіш зауытының құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, бүгін алғашқы өнімін шығаруда. Баршаңызды облысымыз үшін индустриялық, әлеуметтік, экологиялық тұрғыда тиімді жоба – заманауи кірпіш зауытының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздегі ең ірі кірпіш зауыттарының бірі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, құрылыс нысандарының сапасын арттыруға зор үлес қосады деп сенеміз»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты шарада ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетұлы, Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйледі. Зауыт құрылысына атсалысқан азаматтар облыс әкімнің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, қараша айында құрылысы басталған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты қысқа мерзімде іске қосылып, алғашқы өнімін шығарды. Жобаға 5 млрд. теңге инвестиция тартылып, 7 гектар жер телімі бөлінді.
Зауыттың басты ерекшелігі – өндіріс процесі толық автоматтандырылған. Экологиялық жағынан да тиімді, яғни басқа кірпіш зауыттарындағыдай көмірмен күйдірмейді. Жаңа технологиялар өндірістің тиімділігін арттырып, өнім сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Жылына 90 миллион кірпіш өндіруге есептелген кәсіпорын толық іске қосылғанда 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

08 июля 2025
Қызылордада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытының капсуласы салынды

Бүгін Қызылорда қаласында «With You Kyzylorda» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы зауыт құрылысына сәттілік тілеп, өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған бастамаларды атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар салу тапсырмасына сәйкес облысымызда 96 млрд. 100 млн. теңгеге 10 жоба жүзеге асырылуда. Қалдықтарды басқару саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологиялар тартуда Қызылорда қаласында халықаралық компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба бойынша жұмыс басталды.
Соның бірі - шыны зауыты жанынан неміс технологиясымен 60 млрд. теңгеге жылына 240 млн. шыны ыдыс шығаратын зауыт жобасы.
Бұл республикадан жиналған шыны қалдықтарынан жоғары сапалы отандық өнім шығарып, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Бүгін құны 34 млрд. 500 млн. теңге болатын, Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату зауытының іргетасы қалануда.
Алғашқы кезеңде 9 млрд. 535 млн. теңгеге қолданыстағы полигон жаңғыртылып, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаға есептелген заманауи қалдықтарды сұрыптау кешені салынады. Кешен заманауи қондырғылар, арнайы техникалармен жабдықталып, полигонның қабылдау қуаттылығы 60 мың тоннадан 300 мың тоннаға дейін артпақ.
Қоршаған ортаны қорғау – бұл тек билік пен ұйымдардың ғана емес, керісінше әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталатын іс.
Өркениетті қоғамда өз қоқыстарын сұрыптау, саналы тұтыну, тазалық акцияларына қатысу тұрғындардың күнделікті әдетіне айналуы тиіс. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған байыпты бастамаларымыз нәтижелі болғай!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Жақсылыққызы, Мұрат Нәлқожаұлы құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кешенді жұмыс жүргізілуде. Бюджеттен бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс және спорт алаңдары жаңғыртылып, әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөнделуде. Демеушілік есебінен 1 млрд. теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң жаңартылды. Биыл 6,3 млрд. теңгеге қалалық мәдени-демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оған қоса 14,7 млрд. теңгеге Президент саябағы жаңғыртылып, тамыз айында ашылады. Қала аумағында 992 гектар жерде жасыл белдеу құру басталды. 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызып, тұқымбақтар мен зертхана салу жоспарлануда.

Ветеринария
08 июля 2025
Мал шаруашылығының дамуы мен ветеринариялық бақылау мәселелері талқыланды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен мал шаруашылығының дамуы, ветеринариялық бақылау және саланы цифрландыру мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде мал басы өсіп, өнім көлемі артуда. Өткен жылы Қызылорда қаласында 800 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құруға 3,2 млрд. теңге бөлінді. Биыл 11 млрд. теңгеге екі сүт-тауарлы ферма салу жоспарланған. Өңірде мал азығы дақылдары 73 600 гектарға егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 400 гектарға артық. Ерте көктемде көлдер жүйесін толтыру арқылы 76 200 гектар жайылымдық, шабындық жер суғарылды.
2025-2026 жылдарға 958 мың тонна табиғи шөп, 192 мың тонна жем және 157 мың тонна сабан дайындау жоспарлануда. Жоңышқаның бірінші орымынан 111 300 тонна жиналды. Жаппай шөп дайындау жұмыстары шілде айының екінші жартысынан басталады.
Аса қауіпті 13 жұқпалы мал ауруының алдын алу үшін 6,3 млн. доза ветеринариялық препараттың 4,5 млн. дозасы жеткізілді. Облыс аумағындағы Сібір жарасы көмінділері бақылауда. Ветеринариялық нысандарға қатысты ұсыныстар енгізіліп, биыл 6 жаңа ветпункт салынады. Өткен жылы 7 ветпункт іске қосылды.

Қоғамдық даму
08 июля 2025
«Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» халықаралық форумының ашылу рәсімі өтті

Бүгін «Өнер орталығында» «Қазақстан Ұлттық Урбан Форумы 2025 – Қызылорда» халықаралық форумының ашылу рәсімі өтті.
Халықаралық форумға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, Біріккен Ұлттар Ұйымының UN-Habitat Ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілдері, еліміздің барлық өңірінен келген облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, аймақта атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелестік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс», – деген болатын.
Бүгінгі урбанизация дәуірінде қалаларды тұрақты дамытуда экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі. Қызылорда – дәстүрлі аграрлы аймақ! Қызылорда – мегаполис болмағанымен, қарқынды урбанизация жолына түскен, өз деңгейінде қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртараптандыру бағытында нақты қадам жасаған қала. Қала халқының үлесі өсіп, өңір тұрғындарының шамамен 50%-ға жуығы облыс орталығында тұрады.
Қызылорда облысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін, нақты стратегияларға, аймағымыздың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда облыс бюджеті 750 млрд. теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда. Инвестор «Акса Энерджи» түрік компаниясы 135 млрд. теңгеден астам инвестиция құйып, құрылыстың 80%-ы аяқталды. Орталық қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Катармен үкіметаралық келісім негізінде оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд. теңге болатын бу-газ қондырғысы салынады. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады.
Бүгінгі форум – қалаларды тұрғындарға қолайлы, климатқа төзімді, инклюзивті орталықтарға айналдыру жолындағы бірлескен бастамаларымызды нығайтатын алаң. Біз үшін форум – тек талқылау емес, нақты әріптестікке бастайтын жол. Осы жұмыстарды одан әрі жетілдіруге серпін беріп, қалалардың болашағын қалыптастыру жолындағы ортақ мақсаттарға жетуде маңызды қадамдар жасауға ықпал етеді деп сенеміз»,– деді Н.Нәлібаев.
Форумда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бауыржан Жүнісбеков, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча, UN-Habitat ұйымы атқарушы директорының орынбасары Рафаэль Тутс, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжимитов сөз сөйледі.
Сонымен қатар, UN-Habitat атқарушы директоры Анаклаудия Россбахтың бейнехабарламасы көрсетілді.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы
08 июля 2025
Халықаралық форумға қатысушылар Қызылорда қаласындағы нысандарды аралады

«Ұлттық Урбан Форумы – 2025 Қызылорда» халықаралық форумына қатысушылар қаладағы маңызды нысандарды аралады. Қонақтарға алдымен жаңғыртудан өткен инфрақұрылым нысандары таныстырылды.
Қаланың орталық алаңы өткен жылы жаңа да көрікті келбетке ие болған еді. Алаңға жаңа субұрқақтар орнатылып, газон мен көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішіндемелер, жаңа үлгідегі орындықтар мен жарық бағаналары, балаларға арналған ойын алаңы құрылды.
Келесі нысандар - қалалық мәдени-демалыс саябағы және Тәуелсіздік даңғылы. Форум қатысушылары Сырдария өзенінің жағдайын көрді. Өткен жылдан бері Бейбарыс сұлтан көшесінен Әбілқайыр хан көшесіне дейінгі аралықтағы 6,7 шақырымдық даңғыл бойында қызу жұмыс басталған болатын. Сырдария өзенінің қорғаныш бөгетін нығайту да қатар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 6 млрд 656 млн теңге, қажетті қаржы толық бөлініп, қазіргі таңда оның 4 млрд теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстарын «УАД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Қайта жаңғырту жұмыстары аясында жолдың негізі жаңартылып, асфальт төселді. Сырдария өзені бойындағы 1,4 шақырым қорғаныс бөгеті толықтай тазартылып, 1,4 шақырым тіреу қабырғасы тұрғызылды. Бұған қоса, бұрынғы екі жолақты жол төрт жолақты болып кеңейтіліп, ені 14 метрге дейін ұлғайтылды. Жол бойында 8 балалар ойын алаңы мен спорттық құрал-жабдықтар орнатылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Жағалау аймағы абаттандырылып, серуендеуге қолайлы инфрақұрылым орнатылды. Даңғыл тек инженерлік тұрғыдан ғана емес, эстетикалық жағынан да жаңарды. Жол жиегі түрлі-түсті бояулармен көмкеріліп, көз тартарлық суреттермен безендірілген.
Сол жағалаудағы жаңа стадион құрылысы да форум қатысушыларына таныстырылды. Қазір мұнда шығыс және батыс трибуналарының металл конструкциялары орнатылып, қабырғалар мен витраждар қаланған. Футбол алаңымен жабдықталып, аумағы абаттандырылуда.
Одан бөлек, қонақтар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатына барды. Бұл оқу орны 400 орынға арналған. Лабораториялар, робототехника және STEAM кабинеттері бар. Мұнда физика, математика, информатика пәндері ағылшын тілінде тереңдетіліп оқытылады.
Форум қатысушылары "Үстел теннисі" орталығына, облыстық тарихи-өлкетану музейіне, шығармашылық-инновациялық академияға және «Анаға тағзым» орталығына да барды.

 

08 июля 2025
Аймақ басшысы БҰҰ өкілі Саранго Раднарагчамен кездесті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Онда өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және Арал теңізін сақтап қалу мәселелері талқыланды.
«2023 жылдың желтоқсанында Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Мемлекет басшысы Арал теңізі мәселесіне ерекше назар аударып, халықаралық қауымдастықты Аралды құтқару халықаралық қорын қолдауға шақырды. Құм көшкінінің алдын алудың тиімді жолы – жергілікті климатқа бейімделген өсімдіктерді, әсіресе сексеуіл егу. Бүгінде халықаралық қорлардың қолдауымен теңіз табанына сексеуіл егу жұмыстары қарқынды жүруде. Өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі БҰҰ Даму бағдарламасына жалпы құны 25 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар тізімін ұсынды. Бұл жобалар экология, су және табиғи ресурстарды басқару салаларын қамтиды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде Саранго Раднарагча Қызылорда облысымен тығыз әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, облыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Әсіресе, әлеуметтік жобалар аясында жастардың білімін арттыру, тәжірибе жинақтау мүмкіндіктерін кеңейту бағытында оқыту курстары, тренингтер мен шеберлік сабақтары тұрақты өткізіліп келеді.

08 июля 2025
Инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау механизмдері таныстырылды

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбеновке өңірге инвестиция тарту механизмдерін таныстырды. Оған“Аманат” партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және сала басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
“Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы отандық және шетелдік инвестиция тарту.
Бұған мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Өңірімізде инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Оған дәлел, соңғы 4 жылда инвестиция көрсеткіші жыл сайын өсімді көрсетуде.
Өңірге 2025 жылы 631 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілді. Өткен 5 айдың қорытындысымен 229 млрд. 800 млн. теңге тартылып, өсім 27,1 пайызды құрады. Жеке инвестиция үлесі - 70 пайыз. Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2025-2028 жылдары аймақта құны 2 трлн. теңгеге жуық 89 инвестициялық жоба іске асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Биыл 302 млрд. 500 млн. теңгеге 27 жобаның іске қосылуы жоспарланған”,- деді Ардақ Зебешев.
Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы және Үкіметтің қолдауымен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. АЭА Қызылорда халықаралық әуежайы маңында орналасқан, жалпы аумағы 550 гектар, 25 жыл, яғни 2049 жылға дейін жұмыс істейді. Құрылымында үш ішкі сектор қарастырылған: авиацияға қызмет көрсету аймағы – 50 гектар, көтерме-бөлшек сауда және қоймалау аймағы – 100 гектар, өнеркәсіптік аймақ – 400 гектар.
Құрылыс индустриясы, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, көлік-логистика, технологиялар және инновациялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген. Жалпы 22 экономикалық қызмет түрі айқындалған.
Қазіргі таңда облыс әкімдігі АЭА аумағын сапалы инвестициялық жобалармен толықтыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Маусым айында Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» форумы аясында облыс делегациясы мен Қытай компаниялары арасында жалпы құны 30,5 млрд теңге болатын төрт меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, су есептеу құрылғыларын өндіру, ауыл шаруашылығы техникаларын жинау және шығару, кальциленген силикатты тақтайшалар өндіру, жылыжай кешенін салу.
Бұл жобалардың үшеуі «Қорқыт Ата» АЭА аумағында жүзеге асырылады, ал бір жоба дайын өндірістік ғимаратты қажет етеді. Осыған байланысты, облыс әкімдігі «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, стандартқа сай шағын өнеркәсіптік аймақтар салуды жоспарлаған. Бұл бастама инвесторлардың жедел орналасуына мүмкіндік береді. Жобаға «БНК Груп» компаниясы қызығушылық танытуда.
АЭА резиденттеріне барлық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдері ұсынылады. Мұнан бөлек, аймақта орналасқан кәсіпорындар үшін салық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, кедендік баждар, жер және мүлік салығынан, жер пайдаланғаны үшін төлемақыдан босатылады. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін квотасыз және рұқсатсыз тартуға мүмкіндік беріледі.

 

Социальные сети
Telegram
YouTube
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты