Лого
Меню
Страницы
Қызметі
Құжаттар
Әкім аппараты
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпарат
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
14 ноября 2025
Мұхтар Құл-Мұхаммед Қызылордадағы жаңа нысандармен танысты

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедке қала аумағындағы жаңадан салынған әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандарды таныстырды.
Алдымен Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда саябақ аумағында ауқымды абаттандыру жобалары қолға алынған. Бас мердігер Bi Global ЖШС жобаға сәйкес 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік-санитарлық нысандар орналастырмақ.
Саябақта жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бұл нысандардың бас мердігері Alem Qurylys AQ ЖШС осы аумаққа спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салуды қарастырған.
Әрі қарай көпфункционалды Өнер орталығында болды. Қала сәулетіне ерекше сән берген ғимаратта бүгінде симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, шығармашылық кештер, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өтеді.
Келесі нысан – балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы. Мұнда бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылданады. Бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы, сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек залдары бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Мұнан бөлек, «Анаға тағзым» орталығын, орталық алаңды, тарихи-өлкетану музейін, қалалық демалыс саябағын, «Қайсар арена» жаңа стадионын да көріп шықты.
Аралаудан соң Мұхтар Құл-Мұхаммед Сыр өңіріндегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың ауқымын жоғары бағалап, өңірдің дамуына оң баға берді.
«Қызылорда облысындағы халық санының өсімі - еліміздегі ең жақсы көрсеткіш. Аймақтың халқы ғана емес, бюджеті де еселеп артқан. Жыл сайын жаңа ғимараттар салынуда. 2008 жылы негізі қаланған Президент паркі Қазақстандағы ең ірі демалыс орнының біріне айналады.
Сол жағалау ең алғаш рет сол 2008 жылы қаланың бас жоспарына енгізілген болатын. Бүгінде 30 мың тұрғыны бар жаңа қалаға айналды.
Жаңадан салынған нысандар - Қызылорданың өсіп-өркендегенінің белгісі», - деді Мұхтар Абрарұлы.

13 ноября 2025
Аймақ басшысы мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедпен кездесті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедпен кездесті. Қайраткердің Сыр елінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.
«Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Әр адамға бақыт пен бедел ақылмен, көп ізденіспен, адал еңбекпен келеді» деген ұлағатты сөзі бар. Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын арасында Мұхтар Абрарұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы өз алдына бөлек.
Сіз Қызылорда облысының әкімі ретінде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бердіңіз. Бір ғана мысал, 2007 жылы облыс бюджеті 36 млрд. теңге болса, бір жарым жылда 90 млрд. теңгеге жетті.
Аз уақыттың ішінде аймақ экономикасының сан саласындағы өзекті мәселелерді республикалық деңгейде батыл көтеріп, Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің проблемаларын шешуге, инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуға ықпал еттіңіз. Облыс аумағында 21 мектептің, Жаңақорған ауданында жыл бойы жұмыс жасайтын балалар тынығу лагерінің құрылысы басталды, 1 200 орындық 11 іргелі мектеп салынды. Денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылысы басталып, Арал, Қазалы аудандарында 100 орындық аурухана, Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы ғимараттары бой көтерді.
Сізді халқымыз мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасу кезеңінен бүгінге дейінгі дамуына сүбелі үлес қосқан көшбасшы азамат, Алаш арыстарының озық идеяларын жалғастырушы тұлға ретінде айрықша құрметтейді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мұхтар Құл-Мұхаммедке аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім 2022 жылы қабылданған болатын. Сол шешімнің негізінде берілген атақ және Қызылорда облысының Құрмет грамотасы бүгінгі кездесуде табысталып, Сыр жұртшылығының атынан сый-сияпат көрсетілді.
М.Құл-Мұхаммед әр жылдары Парламент Сенатының депутаты, Президенттің Баспасөз хатшысы, кеңесшісі, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарған. Екі мәрте Сенат депутаты ретінде Парламентте тұрғындардың өмір сүру сапасының жақсаруына бағытталған заңдардың қабылдануына ықпал етті. Төрт мәрте Мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарған уақытта еліміздің мәдени-рухани дамуына, ұлттық құндылықтардың жаңғыруына жол ашты. 2007-2008 жылдары Қызылорда облысының әкімі ретінде ілкімді істердің бастамашысы болып, өңірдің өсіп-өркендеуіне серпін берген жобаларды жүзеге асырды.
Кездесуде қоғам қайраткерлері Жарылқасын Шәріпов, Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтауларын жеткізді.
Мұхтар Абрарұлы көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ізгі тілегін айтты.

12 ноября 2025
Аймақ басшысы «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметовамен кездесті

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметовамен кездесті. Кездесуде шағын және орта бизнесті, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелері талқыланды.
«Біз «Қазақстан Халық банкімен» өзара сенімді серіктестікке дайынбыз. Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашады деп сенеміз. Сіздерге табыс, сәттілік пен жаңа жетістіктер тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде өңірде инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Өткен жылы жеке кәсіпкерліктің 4312 жобасын қолдауға барлық көзден 78,6 млрд теңге бағытталды. Екінші деңгейлі банктер арқылы 1246 жобаға 38,5 млрд теңге несие беріліп, оның 50 пайызын «Қазақстан Халық банкі» қамтамасыз етті.
Жыл басынан бері бизнестің 2301 жобасына 41,8 млрд теңге қолдау көрсетілді. Екінші деңгейлі банктер 192 жобаға 18,1 млрд теңге несие берген, оның 60 пайызын «Қазақстан Халық банкі» ұсынған.
Биыл банк жеке кәсіпкерлікті, ішкі сауда субъектілерін және өңдеу өнеркәсібін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде «Өрлеу» бағдарламасын іске асыруда белсенділік танытты.

11 ноября 2025
Жер қойнауын пайдалану саласын дамыту және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде геология және жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру, халықты дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Өңірде тұрғындарды дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бағытында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, республикалық бюджет есебінен бөлінген қаржы 2022 жылмен салыстырғанда 1 млрд 800 млн теңгеге өсіп, биыл 9 млрд 300 млн теңгеге жетті.
Медициналық ұйымдарға «СК-Фармация» серіктестігі арқылы 9 млрд 200 млн теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Өткен 10 айдың ішінде 140 мыңнан астам пациентке 545 мың рецепт жазылып, тегін дәрі берілген. Жыл соңына дейін тағы 255 млн теңгеге дәрілік заттар жеткізу жоспары бар.
Мұнай-газ саласы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Жаңа кен орындарын анықтау үшін шөгінді бассейндер зерделенуде. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылған Арал шөгінді бассейніндегі өңірлік геологиялық зерттеу былтыр аяқталды. Ал Сырдария шөгінді бассейнін зерттеу 2024 жылы басталып, үш жылға жоспарланған. Бұл мақсатқа 4 млрд 300 млн теңге бөлінген.
«Саутс Ойл» компаниясы дәстүрлі емес тәсілмен қара тақтатастан мұнай өндіруді қолға алды. Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай цифрлық платформасына толық тіркелген.

11 ноября 2025
Еселі еңбекке лайықты құрмет көрсетілді

Өнер орталығында «Тарихы терең, бірлігі бекем Сыр елі!» атты еңбек озаттарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атқарылған жұмыстарды атап өтіп, өз еңбегімен өңірдің өркендеуіне серпін берген азаматтарға алғыс білдірді.
«Елімізде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар өз нәтижесін беруде. Оның айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады.
Аймағымызда атқарылған тиімді жұмыстармен танысу үшін Президентіміз екі рет арнайы іссапармен келді. Әрбір сапарында өңіріміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне қамқорлық жасап, қолдау білдірді. Президентіміздің Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл – ерекше қолдаудың, ұтымды ұйымдастырудың, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Бұл баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді.
Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Аймақта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Кейбір көрсеткіштердің мәнін терең түсінуіміз қажет. Өйткені, ол – жай ғана статистика емес, жерлестеріміздің еселі еңбегінің жемісі.
Биыл облысымыздың бюджеті 851 млрд.300 млн. теңгеден асты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Бүгінгі еңбектің игілігін болашақ ұрпағымыз көреді деп сенеміз.
Өңірімізде еңбегімен елге сыйлы болған азаматтарға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Президентіміздің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бүгінге дейін 300-ге жуық қызылордалық мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың 50 пайызға жуығы – қарапайым еңбек ардагерлері мен озаттары. Мемлекет басшымыз жұмыс сапарының қорытындысында бірқатар жерлесімізді мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған болатын. Бүгінгі маңызды жиында осы наградаларды табыстаймыз.
Бұл Президентіміздің Сыр жұртшылығына деген ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмысымызға берген оң бағасы деп білеміз. Қай істе де әрбіріңіздің қолтаңбаңыз бар. Сіздер барлық бастамаларымыз бен жобаларымызға үлкен қолдау білдіріп келесіздер. Біз оны күн сайын сезінеміз.
Президентіміздің бізге қойған талабы да, Өзіміздің азаматтық парызымыз да – халық сенімін ақтау жолында адал қызмет ету. Алдағы уақытта да туған жерімізді өркендетуге шынайы жанашырлықпен атсалыса берейік!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламановқа, «Парасат» ордені «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев пен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжановқа, ІІ дәрежелі «Достық» ордені «Акса Энерджи Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алган Сарачоғлыға табыс етілді. «Құрмет» орденімен «Промстройсервис Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Еспенбетов,«Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роза Иманова, «Сейфуллин Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Оңғарбек Саймағамбетов, «Tau GroupLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Исламғали Қозыбақов марапатталды.
Сондай-ақ іс-шарада «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары лайықты азаматтарға берілді. Парламент депутаттарының атынан Наурызбай Сейтқалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, марапат иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты жиын үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаровтың арнауымен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты.

11 ноября 2025
«Innofest 2025» инновациялық фестивалі қорытындыланды

«Innofest 2025» - жастардың инновациялық ойлау қабілетін дамытып, ІТ, медиа және кино саласы бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін жоба жасауды мақсат етеді. Биыл байқауға 1 600-ге жуық жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысты. Нәтижесінде, 9 жоба үздік деп танылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына облыс әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Қанат Қараев мәлімдеді.
-Фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Алматы, Жезқазған, Түркістан, Шымкент, Ақтау қалаларынан қатысушылар келді. Қатысушылар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды көптеген жобалар ұсынды. Биыл фестивальде ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады. Байқауда үздік деп танылған 9 жобаға жалпы жүлде қоры 5 400 000 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға І орын - 1 000 000 теңге II орын - 500 000 теңге, ІІІ - 300 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды,- деді Қанат Қазбекұлы.
-Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару. Дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар өте керек. Оның ішінде ІТ саласы ерекше маңызға ие. Жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті. Біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Айта кетсек, биыл фестиваль 5-ші рет өткізілді. 5 жыл ішінде ІТ бағытында өткізілген Inno.Fest, Smart City Kyzylorda Hackathon, Pecha Kucha, мастер-класстар секілді шараларға 10 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды, - Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.
-Менің жобамның тақырыбы - сұрыптаушы қоқыс жәшігі. Жалпы менің экология саласында жүргеніме 6 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында табиғатымызды жақсарту, қорғау мақсатында бірнеше жобаларға қатыстым. Сондай бір жобалардың бірінде ақпарат жинау үшін Белкөл кентіндегі қоқыстарды өңдейтін фабрикаға барған болатынмын. Сол кезде адамдар қоқысты қолмен сұрыптайтынын көріп, дамыған заманға сай оны арнайы құрылғылардың неге жасамасқа деген ой келді. Осылайша, сол құрылғыны жасап шығардым,- деді «Innofest 2025» жеңімпазы Диас Тасболат.
-Мен Extrnos атты жоба жасадым. Бұл ұялы телефондарға арналған қауіпсіз жүйе. Жобаны жасауға 7 ай уақытымды жұмсадым. Ол андройд пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз,- деді «Innofest 2025» жеңімпазы Нұрислам Айбекұлы.

11 ноября 2025
«Келешек мектебі» заманауи талаптарға сай

Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов СПМК-70 мөлтек ауданындағы 1500 орындық «Келешек мектебіне» барды.
Мектеп құрылысы толық аяқталған, жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай. Мұндағы оқу кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған, арнайы STEM-зертхана, кітапхана, спорт және акт залы, асхана бар. Бас мердігер Integra Construction KZ, жобалаушы ұйым Project Construction KZ, техникалық қадағалаушы «Самұрық Қазына Девелопмент» серіктестіктері нысанды жақын күндері пайдалануға беруге дайын.
Аймақта «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 900 орынға арналған 10 мектеп салынды. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілсе, алтауының құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасының теңгеріміне қабылданды. Биылғы оқу жылында іске қосылған 3 мектепте оқу процесі жүргізілуде.
Жергілікті бюджеттен жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеуге 118,4 млн теңге бөлініп, 1 млрд 700 млн теңгеге 10 мектептің инфрақұрылымы тартылды. Тағы 2 млрд 80 млн теңгеге білім ошақтарының іргелес аумақтары абаттандырылып, жол салынды.

10 ноября 2025
Өңірде тазалық шаралары жалғасуда

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қызылорда облысында жаппай сенбілік жалғасуда.
Өңірдің барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру шаралары жүйелі жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін тазалық жұмыстарына 440 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және жеке ұйым қызметкерлері қатысқан.
Тазалық жұмыстарынан соң 19 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылып, елді мекендердегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3 603 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 332 су айдыны мен 41 394 көше бойы тазартылды. Сенбілікке 540-тан астам арнайы техника тартылды.
Сонымен қатар жыл басынан бері облыс аумағында өңірдің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген 255 500 түп қарағаш, терек және Сыр талы көшеті отырғызылды.

 



 

10 ноября 2025
Қызылордалық делегация инвестициялық ынтымақтастық бағытындағы кездесулерге қатысты

Швейцарияға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация ауыл шаруашылығы, экология және инвестициялық ынтымақтастық бағытындағы маңызды кездесулерге қатысты.
Облыс әкімі Берн кантоны Үкіметінің төрағасы Кристоф Нойхауз, Дамыту директоры Симон Эндерле және Сыртқы қатынастар жөніндегі кеңесші Томас Мозермен кездесті. Кездесуде экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Аймақтың Азия мен Еуропаны байланыстыратын көлік дәліздерінің бойында орналасқаны, ауыл шаруашылығындағы жетекші орны және жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуеті таныстырылды. Өңірде қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді, сондай-ақ 300 МВт-тан астам жаңартылатын энергия жобалары жүзеге асырылуда.
«Қызылорда облысы – географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан, инфрақұрылымы дамыған және табиғи ресурстарға бай аймақ. Берн кантонымен өзара тиімді серіктестік орнату – біздің ортақ мүддеміз», – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев Швейцарияның күріш, бұршақ және өзге де дақылдарды өңдеу саласындағы жетекші компаниясы RBL Group SA Бас директоры Ханс Ремундпен кездесті. Тараптар ынтымақтастықты нығайту, озық технологиялар мен тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Қызылорда өңірінің отандық күріш пен тұз өндірісіндегі жетекші рөлі, инвесторларға ыңғайлы әрі дайын инфрақұрылым ұсынудағы ерекшелігі де айтылды. Салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылғаны, инвесторлар үшін тартымды «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағының құрылғаны атап өтілді.
Делегация мүшелері Kanadevia Inova компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Александр Силинмен кездесті. Онда тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және энергия көзі ретінде пайдалану бағытындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды.
Қазір өңірде 15 кәсіпорын тұрмыстық қалдықтарды жинау және қайта өңдеумен айналысады. Кореялық With You E&C компаниясы жылына 300 мың тонна қалдықты сұрыптау және қайта өңдеу зауытының құрылысын бастады.
Швейцарияға жұмыс сапары агроөнеркәсіп, экологиялық технологиялар және инвестициялық ынтымақтастық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.

07 ноября 2025
Облыс делегациясы Швейцариялық компаниялардың қызметімен танысты

Қызылорда облысының делегациясы Швейцарияға жұмыс сапары аясында Лауфен қаласына барып, санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін Laufen Bathrooms AG компаниясының даму жөніндегі директоры Фрэнк Либетраумен кездесті және керамика зауытының қызметімен танысты.
Laufen Bathrooms AG – Roca Group халықаралық компаниясының еншілес құрылымы. Бүгінде Қызылорда облысында Roca Group компаниясымен бірлесіп, санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісін салу жобасы іске асырылуда.
Маусым айында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі, Roca Group компаниясы арасында үшжақты негіздемелік келісімге қол қойылды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Roca Group компаниясының жобасы таныстырылып, өңірде заманауи өндірісті дамыту жоспарлары ұсынылды. Президент бұл бастаманың аймақ экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашудағы маңыздылығын атап өтті.
Жобаның жалпы құны 70 млн еуро, өндірісті орналастыру үшін инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 20 гектар жер телімі бөлінді.
Зауыт іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 500 мың санитарлық-техникалық өнім шығару жоспарланған.
Кездесуде тараптар өңір мамандарын Laufen компаниясының өндірістік алаңдарында тағылымдамадан өткізу және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, делегация Laufen Forum көрме орталығында және кран өндірісінде болып, инновациялық шешімдерімен танысты.
Сапардың келесі бағыты – Берн қаласы. Мұнда аймақ басшысы су, газ, электр және жылу есептегіш құрылғыларын өндіруде 120 жылдық тарихы бар GWF MessSysteme AG компаниясының басқарушы директоры Марк Нойхауз және техникалық директоры Юрген Скрипалльмен кездесті.
Кездесуде Қызылорда облысында су және энергия ресурстарын есепке алу жүйелерін жетілдіру, «ақылды есептегіш» технологияларын енгізу, сондай-ақ осы бағытта бірлескен өндіріс құру мәселелері талқыланды. Мұндай жобалар аймақтың инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірдегі каналдарға осы компанияның 100 су есептегіші Ислам даму банкінің қаражаты есебінен, Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, келер жылдың қаңтар айынан бастап орнатылады.
Сапар соңында облыс әкімі Қазақстан Республикасының Швейцариядағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Саржановпен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және Швейцариялық компаниялардан инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

Социальные сети
Telegram
YouTube
Facebook
Instagram
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты