Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев еңбек ардагерлері Хұсейін Әмір-Темір, Сәдуақас Аңсат және Мұхит Әбдікәрімовті мерейтойымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда: «Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс», – деген болатын.
Біз, елдік істе адал қызмет атқарып, саналы ғұмырын аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына арнаған, елдің қошеметіне бөленген азаматтарды ардақтап, лайықты құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырдық.
Бүгін Н.Бекежанов атындағы өнер ордасындағы жарты ғасырға жуық қызметімен қоғам құрметіне кенелген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Хұсейін Жүсіпұлы Әмір-Темір ағамыздың мерейлі 85 жасқа, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы және республикалық «Тіл сақшысы» ақпараттық-танымдық газетінің бас редакторы, мемлекеттік тіліміздің жанашыры, Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Сәдуақас Аңсат ағамыздың 80 жасқа және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхит Әбдікәрімов ағамыздың мерейлі 70 жасқа толуына орай арнайы бас қосудамыз.
Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын! Сыр жұртшылығы сіздердің қазақ театр өнерінің өркендеуіне, ана тіліміздің жаңғыруына қосқан елеулі еңбектеріңізді құрметтейді. Абыздық асқақ мерейге, кемеңгерлік кезеңге жетіп, ел ағасы ретінде халықты бірлікке шақырып, туған елдің тұғырын нықтауға бағытталған өрелі істеріңіз кейінгі ұрпаққа әрдайым өнеге болып қала береді!
Сіздерді бүгінгі мерейлі жастарыңызбен құттықтап, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Тойларыңыз тойға ұлассын!», – деді аймақ басшысы.
Жиында мерейтой иелеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат көрсетілді.
Сонымен қатар, Рауан Кенжеханұлы Сәдуақас Аңсатты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төсбелгімен марапаттады.
Парламент Сенатының депутаты Наурызбай Байқадамов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Бақберген Досмамбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Алмасбек Алматов, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев құттықтау лебіздерін жеткізді.
Жиын соңында мерейтой иелері көрсетілген құрметке алғысын айтты. Сыр еліндегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани жетістіктерді атап өтіп, игілікті істердің жалғасын табуына тілектестік білдірді.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ішкі істер органдарындағы кадрлық өзгеріске орай актив өтті. Оған Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сарсенов, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, басқарма, департамент, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары мен ардагерлер қатысты.
2023 жылдың мамыр айынан Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрметті зейнет демалысына шықты.
Жиында аймақ басшысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің жаңа бастығы Ергешов Серік Жүрсінбайұлын таныстырды.
«Мемлекет басшысы «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет» деп атап өткен болатын.
Полиция органдарының жұмысын күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық қорғау саласында пәрменді шаралар қабылдау басшылық құрамның нәтижелі іс-қимылына тікелей байланысты.
Ішкі істер органдары – қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Әсіресе, сақшылардың кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды әрі мәртебелі.
Бізге қоғам тыныштығын күзетіп, қиын жағдайда шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қызметтік парызын адал атқара алатын полиция қызметкерлері керек. Құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелі әрі оңтайлы ету үшін әкімдік тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жауапкершілігі зор, күрделі салада Серік Жүрсінбайұлының білімі мен біліктілігі, кәсібилігі, пайымды басшылығы, жинақтаған мол тәжірибесі жетеді деп санаймыз», – деді Н.Нәлібаев.
Мәжілісте Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жаңа басшының еңбек жолына тоқталып, қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай, басқа да сала ардагерлері өз құттықтауларын жеткізді.
Серік Жүрсінбайұлы Ергешов 1979 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылдан ішкі істер органдарында бастаған. Ұзақ жылдар бойы ОҚО ІІД Шымкент қаласының ішкі істер басқармасында түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2019 жылдан Шымкент қаласы ПД бастығының орынбасары қызметінде болды.
Айта кетейік, 2022-2024 жылдар аралығында полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 8 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінді. Биылдың өзінде 3 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Қылмысты уақытылы ашу және жедел әрекет ету үшін бейнебақылау камералары желісін көбейтуге мүмкіндік жасалды. Облыстың жеті ауданына 539 бейнебақылау, 49 жылдамдық өлшегіш камерасы орнатылды. Республикада алғашқы болып Қызылорда облысындағы барлық ауданда полиция бөлімдерінің Жедел басқару орталықтары іске қосылды. Бұл орталықтар ұсақ құқық бұзушылықтан бастап ауыр қылмыстардың ізін анықтауға және сақшылардың жұмысын оңтайлы етуге жол ашты.
Соңғы 3 жылда департаментке жаңа үлгідегі 128 автокөлік табысталды. Биыл 52 қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен жобалық кеңсе құрылды. Оның құрамына барлық орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, Парламент депутаттары және сарапшылар кірді.
Бірінші отырыс барысында жобалық кеңсе мүшелері өңірлердің әлеуетін ашуға ерекше назар аудара отырып, өңірлік дамудың жаңа тәсілдерін іске асыру жөніндегі шараларды талқылады.
«Өңірлердің әлеуетін толық пайдалану қажет, бұл ретте ең үлкен инфрақұрылымдық проблемалары бар өңірлерді қаржыландыруға бағытталуы тиіс. Өңірлерге жобаларды қаржыландыруда, оның ішінде түпкілікті нәтижеге қол жеткізуге бағытталғандығын ескере отырып, барынша дербестік беру қажет. Сондай-ақ салық түсімдерін асыра орындағаны үшін өңірлерді көтермелеу қажет», — деді Қанат Бозымбаев.
Сонымен қатар отырысқа қатысушылар өңірлердің дамуындағы диспропорцияларды болдырмау, жаңа стратегиялық құжаттарды әзірлеу, сондай-ақ жергілікті жерлерде шешім қабылдауда аудан және ауыл әкімдерінің дербестігінің жеткіліксіздігі мәселелері бойынша шараларды талқылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үшін Amanat партиясының депутаттары мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды ұсынды.
«Жобалар іске асырылатын ауылдарды тиімді іске асыру және сапалы іріктеу үшін облыс әкімдіктері жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі кіші топпен бірлесіп, қажетті инфрақұрылым салу және өнімді өткізуге көмек көрсету жөніндегі нақты жоспарларды әзірлей отырып, әрбір ауылдың мамандануын айқындай отырып, скрининг жүргізуі қажет», — деп тапсырды Қанат Бозымбаев.
Вице-премьер жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша тапсырмалар берді.
«Мемлекеттік органдар арасында салааралық үйлестіру әлсіз. Бұл тәжірибені жою керек. Өңірлік және салалық саясатты келісілген іске асыруды жүргізу қажет. Бюджеттік бағдарламалар мен инвестициялық жоспарларды орындау синхронды түрде жүзеге асырылуы тиіс», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Мемлекеттік органдарға бір ай мерзімде өңірлік саясатты жетілдірудің әзірленген шараларын іске асырудың барлық ұсынылған шаралары бойынша ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге тексеру жүргізу тапсырылды.
Бүгін облыс әкімдігінде «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасы талқыланған мәжіліс өтті. Оған ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аталған министрліктің өкілдері, жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы саласының басшылары, ардагерлер қатысты.
Бахыт Жаханов аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға тоқталды.
«Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының 3 негізгі компоненті бар. Соның 2-уі Қызылорда облысында тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қызметті қолдауға арналған.
Екінші компоненттің бес бағыты – балық шаруашылығы, туризм, жасыл белдеу құру, егін және мал шаруашылығы. Оған 39 жоба енгізілген, 13-ін Халықаралық «Аралды құтқару қорының» атқарушы дирекциясы, 13-ін жергілікті әкімдіктер, 4 жобаны Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығының Арал филиалы, 3 жобаны Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, 6 жобаны әртүрлі ұйымдар, жеке тұлғалар ұсынған.
Жобалар іске асқан жағдайда 1927 адам тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланған.
«Жаңақорған ауданы Сүттіқұдық ауылы аумағындағы суармалы алқаптарда 11 ұңғыманы бұрғылау» жобасы 2022 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаржыға іске асырылды. Тағы 3 жоба қолға алынған.
Министрдің жұмыс сапары Арал ауданында жалғасады. Онда «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника-экономикалық негіздемесі талқыланатын мәжіліс өтеді деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде «Қамқорлық» оңалту орталығындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл орталық А.Байтұрсынов ауылдық емханасының жанында, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен қайта жаңғыртылуда. Құрылысты «Жылу-ХХІ» серіктестігі жүргізуде. Жалпы ауданы 1060,7 шаршы метрлік, екі қабатты ғимарат толық жөндеуден өтуде. Орталықта Арал және Қазалы аудандарындағы 2 мыңнан астам бала медициналық оңалтудан өтеді. Нысан биыл наурыз айында іске қосылады.
Облыс әкімі жұмысқа қойылатын басты талап сапа мен мерзім екенін айтты. Жауапты басшылар жөндеу жұмыстарын үнемі тексеріп, кемшілікке жол бермеуі керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынды. Бұдан бөлек, 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салу жоспарланған.
Оның ішінде Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше, Шиелі көпбейінді ауруханасының қосымша құрылысы басталды. Қалған қосымша құрылыстарды биыл бастау жоспарға қойылған. 2022 жылы облыстық балалар ауруханасы базасында «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен "Қамқорлық" оңалту орталығы жұмысын бастады. Мұндай орталық тамыз айында республикада алғашқы болып аудандық аурухана деңгейінде Жаңақорған ауданында ашылды.
Орталықта заманауи, сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жағдай жасалған. Онда Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы 1,5 мыңнан астам бала ем алады.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданындағы Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
ҚР Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің сәуір айындағы алқа кеңесінде бағдарламалық қамтамасыз ету үшін қалалық және аудандық полиция бөліністерінде кіші жедел басқару орталықтарын қаржыландыру тапсырылған болатын.
Осыған байланысты өңірдің 7 аудандық полиция бөлімінде Жедел басқару орталығын құруға облыс әкімдігінен қажетті қаражат бөлінді. Ақпараттарды қабылдау мен тіркеуді автоматтандыратын, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын 77 бейнекамера, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы сатып алынған, «ЖБО 2.0» бағдарламасы да қамтамасыз етілген.
Жедел басқару орталықтарындағы бейнекамералар пилоттық режимде жұмысын бастады, стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылар мен «ЖБО 2.0» бағдарламасын іске қосу үшін мердігер мекеме тексеру жүргізуде.
Аймақ басшысы орталықтың басты мақсаты тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтіп, тексеруді толыққанды жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде аспалы көпірдің құрылыс барысын көрді. Ұзындығы 940 метр көпірдің бас жобалаушысы «АлматыДорПроект», мердігер мекеме «РИТМ» серіктестіктері.
Аймақ басшысы аспалы көпір елге ұзақ жыл қызмет ету үшін құрылысты сапалы салу аса маңызды екенін айтты.
Бүгінде мұндағы көлік қатынасы бір ғана теміржол өткелі арқылы жүргізілуде. Өткел жабылғанда 2-2,5 шақырымға дейін автокөлік кептелісі пайда болады. Жедел жәрдем, өрт сөндіру, құқық қорғау органдарының кезек күттірмейтін қызметтік көліктеріне, тұрғындарға кедергі келтіруде. Көпір салынса осы мәселе шешімін табады.
Өткен жылы аймақтың жол құрылысын дамытуға 44 млрд. 703 млн. теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.
Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.Облыс аумағындағы 216 шақырымның 151 шақырымы аяқталып, пайдалануға берілді. Қосымша 30 шақырымына екі қабатты асфальт жабындысы төселді. Жұмыс қарқынды жүруде. Жоба биыл толық аяқталады.
Көлік-логистика саласында да жетістіктер көп.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірімізге арнайы жұмыс сапармен келіп, «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалын салтанатты түрде ашты. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд. 600 млн. теңге инвестиция салды.Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд. 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 600 млн. теңгеден астам қаржыға теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының "Ортақшыл" ауылында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасымен салынған дәрігерлік амбулатория ашылды. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, денсаулық сақтау салаларындағы жаңашылдықтарды атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы денсаулық сақтау саласының маңызын айқындап, медицина мамандарының мәртебесі мен беделін арттыру үшін жағдай жасауды тапсырды.
2024 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн.теңгеге жетті.
Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 2023 жылы 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, "Бұланбай бауы" ауылдарында бой көтерді. Тәуелсіздік күні "Тартоғай" және "Алмалы" елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне табысталса, күні кеше Әбділда Тәжібаев және "Бестам" ауылдарындағы медицина мекемелері іске қосылды. Бүгін, "Ортақшылда" жаңа дәрігерлік амбулатория ашылуда. Ұлттық жоба аясындағы ғимаратты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған «Бақ Береке – 2030» мекемесінің ұжымына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Жаңа амбулаторияда ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық көмек сапалы әрі дер кезінде көрсетіледі деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік,Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Жаңа 2025 жыл құтты болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында Сенат депутаты Руслан Рүстемов жиналған жұртшылықты құттықтады. Ауданның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген аға буын ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары кезінде "Жаңарық" ауылындағы 300 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты. Білім ошағы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен салынған.
Ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды",- деді.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен қолға алынған Сыр өңіріндегі байыпты бастамалардың, мақсатты жобалардың игілігін халық көруде. Білімді азамат – егемен еліміздің ертеңі, халқымыздың болашағы. Қандай мықты мемлекет болмасын, жас ұрпақтың білімі мен оқу-ағарту ісіне барынша көңіл бөледі.
2024 жылы білім саласына бөлінген қаржы 264 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артты. Аймағымызда 6 мектеп, 5 мектепке қосымша ғимарат салынып, ел игілігіне табысталды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан бой көтерген «Шығармашылық академиясы» мамыр айында ел игілігіне табысталады.
Дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернатыалдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен қолға алынған музыкалық колледждің жаңа ғимараты да мамыр айында ашылады.
Шиелі ауданынан 200 орындық "Оқушылар үйі" мен 50 орындық "Өнер мектебін" пайдалануға береміз. 2023 жылы облыс орталығындағы 4 мектепке 1 850 орынға арналған қосымша ғимарат салдық. Бюджетке салмақ түсірмей, қаржыны үнемді пайдаланып, үш ауысымды оқытуға көшуі мүмкін мектептер мәселесін шештік.
Былтыр 3 млрд 100 млн теңгеге 8 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу тапсырмасына сәйкес алдағы 3 жылға 51 мектеп жоспарланған. Заманауи білім нысандарының пайдалануға берілуі, жаңа келбеті - аймағымыздың білім саласына үлкен қолдау, балалар мен ұстаздарға деген ерекше қамқорлық. Бүгін табысталған жаңа білім ғимаратынан алдыңғы буынның ізгі жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болғай”,-деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы жиылған жұртшылықты құттықтады.
Сонымен қатар, ауылдың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлер мен құрылыс мекемесінің мамандары марапатталды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды.
Президент тапсырмасына сәйкес 9-сыныпты бітірушілердің арасынан жұмысшы және орта буын мамандықтарды игеруге ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған. Аймақ колледждеріне 5 308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлінеді. Бұл - жастардың кәсіптік білім алуына берілген үлкен мүмкіндік.
Аймақтың еңбек нарығына қажетті кадрлардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласы әзірленеді. Атласқа сәйкес жаңа мамандықтар ашылады.
Атаулы жылдың іс-шараларын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 900 млн теңге қаржы қарастырылуда.
Қаржы колледждерді күрделі жөндеуге, материалдық- техникалық базасын жабдықтауға, мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашуға, «Кәсіби бағдар беру педагогы» штат бірлігін енгізуге және жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін түрлі шаралар мен нақты жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталады.
Арал қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін сатып алынған 150 пәтерлік 75 тұрғын үйдің кілтін иелеріне табыстау рәсімі өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов және зиялы қауым өкілдері, тұрғындар қатысты.
Өңір басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен, жаңа пәтер иелерін қоныстоймен құттықтап, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, құрылыс, инфрақұрылым салаларындағы жетістіктерді атап өтті.
«Баршаңызға Жаңа жыл құтты болсын! Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бүгінгі күні облысымыздың бюджеті 750 млрд теңгеге жетті. Барлық салада көрсеткіштердің оң динамикасы қалыптасты. Өңіріміз негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында.
Үкімет басшысы облысымызға жұмыс сапары кезінде жүзеге асырылған жобаларға оң бағасын беріп, құрылыс, «Ауыл аманаты» бағдарламаларын іске асыру тәжірибесін республикаға кеңінен таратуды тапсырды.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Облыста 133 млрд. 400 млн теңгеге 187 жобаның құрылысы жүргізілуде. Бұл – қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Қасиетті Сыр өңірі өркендеп, көркейе берсін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Іс-шарада ел бірлігін бекемдеуге үлес қосқан аға буын ардагерлер мен жаңа тұрғын үйлерді сапалы етіп салып, ел игілігіне табыстаған құрылысшылар марапатталды. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қоныстой иелерін құттықтап, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Биғали Каюпов батасын берді.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Арал ауданына 71 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10 млрд.теңге болатын, бүгінде 21 млрд. теңгеден асты. Үш жыл ішінде 1 млрд. 900 млн. теңгеге 80 шақырым ауыз су желілері, 783 млн. теңгеге 54,2 шақырым электр желілері жаңартылды. «Шижаға» елді мекенінің ескірген электр желілері қайта жаңғыртылуда, Арал қаласында 795 млн. теңгеге 2 жоба қолға алынған.
Аудан халқына «көгілдір отын» жеткізуде құны 5 млрд. 200 млн. теңге болатын «Қамыстыбас» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы басталды.