Қызылордада «Бірлігі бекем Сыр елі» атты облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық форумы өтті.
Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Адал азамат» жобасының жетекшісі – амбасадоры, Қарағанды облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков және Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаева арнайы қатысты.
Аймақ басшысының орынбасары атаулы жылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде: «Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарлануда. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек» - деген болатын.
Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында баршамыз үшін қуанышты жаңалық - Қызылорда қаласында жаңадан «Достық үйі» салынды. Бұл – аймағымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтуға атсалысып келе жатқан этномәдени бірлестіктер мен барша Ассамблея белсенділерінің қажеттіліктерін қамтамасыз ететін замануи ғимарат болады», - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Форумда Бекзат Қомарұлы, Мүбәрәк Қасымқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Бакишқызы сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шарадан бастау алған мерейлі жыл аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Сәуір айында еліміздің барлық өңірінен келген Ассамблея жастарының басын қосқан «Сыр елі – достық мекені» форумы ұйымдастырылып, қатысушылар Байқоңыр ғарыш айлағына барды. Онда Ассамблея жастарының Туы ғарыш кемесінің бортына табысталып, қонақтар зымыран ұшырылымын тамашалады.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар өңірдегі белсенді Ассамблея мүшелеріне салтанатты түрде табысталды.
Сонымен қатар, облыстағы этномәдени бірлестіктердің онкүндіктері өткізіліп, аудан орталықтарына «Достық» көш-керуені жол тартты. Бұл шаралар мерейлі жылдың мазмұнын байытып, мәнін айшықтай түсті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың қатысуымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Күн тәртібінде пробация есебіндегілердің қайта қылмысқа баруының алдын алу, бұрын сотты болған адамдарды қайта әлеуметтендіру және қоғамға бейімдеу, өсім алған қылмыстар бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.
«Интернет алаяқтық, топтық бұзақылық және түнгі көңіл көтеру орындарындағы құқықбұзушылықты азайтуда жедел профилактикалық шаралар күшейтілсін. Қаладағы көңіл көтеру орындарының жұмысын реттеу және ондағы тәртіпті бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек. Мал ұрлығын болдырмау үшін бақташы қызметін ұйымдастыру және тұрғындарға түсіндіру өте маңызды. Алаяқтық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда да ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілсін», – деді Данияр Еренғалиұлы.
Жиында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметіне басшылық жасау басқармасының бастығы Ғаламат Құлманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңбаев, облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Ердәулет Жаукеев баяндама жасады.
Сонымен бірге, нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі облыстық ведомствоаралық штаб отырысы өтіп, нашақорлық пен есірткі қылмыстарының алдын алу мәселесі талқыланды.
Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Президент өз сөзінде ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін атап өтті. Cондай-ақ,еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.
«Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз. Шын мәнінде, тақырып өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Үкіметке экономиканың тұрақты сапалы өсімін қамтамасыз ету, инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту, жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыруды тапсырды.
Бүгінгі диалог-платформа аясында «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» сессиясы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік басқарудың сапасын жергілікті деңгейде арттырудың заманауи тәсілдерін талқылау, мемлекеттік аппараттың жұмысында сервистік, клиентке бағдарланған үлгіні дамыту мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, «Жергілікті деңгейдегі көшбасшылық: ауыл әкімі – өзгерістердің агенті» тақырыбында баяндама жасады.
Нұрлыбек Машбекұлы өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылған ауылдық аумақтарды дамыту бағыты туралы айтты.
«Президентіміздің бастамасымен енгізілген саяси реформаның бірі – қала, аудан, ауыл әкімдерін тікелей сайлау. Әкімдер халық таңдауымен сайланып, қызметке келуде. Бұл бастама халықтың саяси белсенділігін арттырып, тұрғындарды жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тартуға мол мүмкіндік берді», – деді облыс әкімі.
Бүгінде өңірдің 447 мың тұрғыны (халық саны 845 мың адам) яғни, халықтың 53 пайызы ауылдарда тұрады, 146 кент пен ауылдық округ бар. Жаңа сайлау жүйесі енгізілгеннен бері 205 әкім сайлауы өткізілді. Барлық елді мекен әкімдері 100 пайыз жаңадан сайланды. 2023 жылы пилоттық жоба аясында Шиелі және Сырдария аудандарының әкімдері сайланса, биыл Қазалы ауданының әкімі де халық таңдауы арқылы қызметке келді.
Бұл өзгерістер демократиялық процестерді дамытумен қатар, жергілікті билік органдарының ашықтығы мен есептілігін арттырып, әкімдердің жауапкершілігін күшейтуде.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, мәслихат депутаттары Садық Мұстафа, Мақсұт Нәлібаев, Қанағат Сақтағанов, Нұркен Бақытбекұлы қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралады.
Алдымен Президент саябағын қайта жаңғырту барысын көрді. Мұндағы қолға алынған абаттандыру жұмыстары, инфрақұрылымдық жобалар өте ауқымды.
Бас мердігер «Bi Global» ЖШС саябаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңын, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын, 4 фудкорт, теннис үстелдерін, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңын, стритбол, вело және жүгіру жолақтарын, сахна, сарқырама каналдары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдарын, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар салуды жоспарлаған.
Сондай-ақ саябақта жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) бой көтеріп келеді. Бас мердігер «Alem Qurylys AQ» ЖШС жобаға сәйкес спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна салады.
Әрі қарай мәслихат төрағасы қайта жаңғыртудан өткен Қорқыт ата саябағында болды. Бүгінде бұл аумақ тұрғындардың демалуына, серуендеуіне және балалардың ойнауына қолайлы орынға айналды. Абаттандыру кезінде брусчатка төселіп, көгалдандырылды, субұрқақтар, спорт және балалар ойын алаңдары, серуен жолдары мен жарық шамдары орнатылды. Келушілерге арналғанорындықтар, шағын сәулеттік нысандар қойылып, көгалдандыру және суару жүйесі жүргізілді.
Кейінгі жылдары қайта жаңғыртылған қалалық мәдени-демалыс паркі, орталық алаң, ботаникалық саябақ сияқты халық көп жиналатын, демалатын, серуендейтін орындардың саны артып келеді. Бұл демалыс орындары бір жағынан қала келбетін көріктендіре түссе, екінші жағынан үлкен-кішіге бірдей ыңғайлы.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңір тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары қатысып, талқылау барысында нақты тапсырмалар жүктелді.
«Бүгінге дейін сұйытылған газды төмендетілген бағамен сатып алғанның арқасында пайда тауып келесіздер. Мен былтыр да қатаң ескерттім, әлеуметтік газды тек халыққа сату керек. Коммерциялық газды өз қаражаттарыңызға алыңыздар.
Тұрғындарды толықтай қамтамасыз ету үшін қымбат болса да, басқа көздерден коммерциялық газды жедел жеткізіп, халыққа әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Аймаққа бөлінген газды өнеркәсіп нысандарына, басқа өңірлерге сатуды доғарып, тапшылықты қолдан жасамаңыздар.Өңір тұрғындарының қажеттілігін толығымен өтеу үшін тиісті шаралар қабылдаңыздар. Ортақ мақсатымызға қол жеткізуде өзара түсіністікпен, жауапкершілікпен жұмыс жасаймыз деп сенемін.
Алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу үшін реттеу және бақылау керек. Бөлінген газ басқа өңірлерге тасымалданбау үшін облыс шекарасына тәулік бойы кезекшілік орнатуды және оны күшейтуді тапсырамын. Заңды түрде тіркелмей, автокөліктерге сұйытылған газ қондырғыларын орнату фактілерін анықтау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізіп, тиісті шаралар қабылдаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бүгінде облыстағы 16 оператор 144 автогаз құю станциясы және 6 газ сақтау қоймасы арқылы сұйытылған газ сатумен айналысады.
Облыстық полиция департаменті аймаққа бөлінген газдың басқа өңірлерге шықпауын қадағалау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттерін орналастырған. Бекеттер «Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент» автожолының Арал ауданындағы 1363-903-ші шақырымына, аталған трассаның Жаңақорғандағы 1998-268-ші шақырымына және «Қызылорда-Жезқазған» жолының 12-ші шақырымына қойылған.
Жанар-жағармай мен газ тапшылығына жол бермеуде жергілікті атқарушы орган, экономикалық тергеп-тексеру, мемлекеттік кірістер және бәсекелестікті қорғау департаменттерінің өкілдерінен құралған өңірлік штаб жұмыс істейді.
Қазір облыста сұйытылған мұнай газының шамамен 892,1 тонна қоры бар.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мысырдың Каир қаласында өткен парапауэрлифтингтен Әлем чемпионатында жанкүйерлеріне тарихи алтын медаль сыйлаған, ересектер арасында чемпион атанған Фариза Төлжанмен және жасөспірімдер арасында топ жарған Снежанна Бойкомен кездесті.
Спортшыларды жеңісімен құттықтап, өңірде спорт саласын дамытуда атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Сіздер қажырлы еңбектің, жеңіске деген
ерік-жігердің арқасында еліміздің көк байрағын әлемдік жарыста желбіретіп, Сыр елінің мерейін үстем еттіңіздер.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» - деп атап өтті. Сіздердің жарқын жеңістеріңіз осының айқын дәлелі.
Осы жолды әрі қарай жалғастырып, алдағы уақытта да еліміздің спорт саласын жаңа деңгейге көтеретіндеріңізге сеніміміз мол. Алда болатын байрақты бәсекелерде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Спорт — егемен еліміздің еңсесін көтеретін, Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітетін маңызды сала. Фариза мен Снежанна қарындастарымызды жарқын жеңісімен тағы да шын жүректен құттықтаймыз!Отбасыларыңызға амандық, Өздеріңізге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуда Төлжан Фаризаға Сыр жұртшылығының атынан жаңа пәтер кілті табысталды. Снежанна Бойко мен жаттықтырушы Бахытбек Болатбайұлына 1 млн. теңгеден қаржылай сыйақы берілді. Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев пен “Астана сервис LTD” ЖШС директоры Мұса Әбдіқалықов құттықтау сөз сөйледі.
Жиында әлем чемпионы Фариза Қалбайқызы, жаттықтырушы Бахытбек Балтабайұлы өз алғыстарын жеткізді.
Аймақта спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы үш жылда Сыр спортына қаржыландырудың барлық көзінен 64 млрд. 200 млн. теңге бөлінді.
Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға облыстық бюджеттен 38 млрд. 213 млн. теңге қаражат қаралды. 2022 жылдан бері 21 спорт кешені бой көтеріп, ел игілігіне табысталды. Елді мекендерде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы да 5 спорт кешені ашылады. Өткен аптада Шиелі ауданында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы ашылды. Биыл алғаш рет ерлер мен әйелдерге арналған «Қызылорда бокс клубы» жұмысын бастады. Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион бой көтерді.
Бұдан бөлек, Qyzylorda Arena спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.
Штаб құрамына Президент Әкімшілігінің өкілдері, облыс прокуроры, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер, «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы, кәсіпкерлер палатасы, салық органдарының басшылары енгізілген.
Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне, қала және аудан әкімдеріне жобалардың орындалуын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
«Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа жұмыс жасауда. Оның қызметі Үкімет басшысының тікелей бақылауында.
Платформа жұмысын сапалы әрі уақытылы жүргізу керек. Пулға енгізілген жобаларға тұрақты мониторинг жүргізіп, іске асыру барысын бақылау, қолдау көрсету, одан туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуіміз қажет.
Жобалардың «қызыл аймаққа» түспеуін қатаң бақылауға алыңыздар. Аталған жұмыстардың нақты орындалуына басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері тікелей жауапты болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Басқосуда облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы, Жалағаш, Сырдария, Қармақшы аудандарының әкімдері баяндама жасап, инвестициялық жобалардың қазіргі ахуалына тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Биыл өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспары бекітілген болса, 10 айдың қорытындысымен 602,7 млрд теңге игеріліп, меже 95,5 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 720 млрд теңгеге жеткізу көзделген.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында 2,8 трлн теңгенің 98 жобасы жүзеге асырылуда. Олар іске қосылғанда 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Пул жалпыұлттық және өңірлік жобалардан тұрады.
Биыл облыста 27 ірі жобаны ел игілігіне айналдыру жоспарланған. Қазір оның 12-сі пайдалануға берілді. Өңірлік пулға енгізілген 27 шағын жоба болса, оның 23-і жүзеге асты, қалған 4-еуі жыл соңына дейін іске қосылады.
Бүгін – Сыр өңіріндегі ғана емес, ел өміріндегі айтулы күн! Өйткені экономиканың күретамыры саналатын отандық жол инфрақұрылымын жетілдіру тарихының жаңа парағы ашылды! Халық көптен күткен, көлік жүргізушілері мен жолаушылардың арманына айналған «Қызылорда-Жезқазған» жолы пайдалануға берілді.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, депутаттар және ардагерлер қатысты.
Аймақ басшысы бұл жолдың өңір экономикасына, өндірістің өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының артуына тигізетін оң ықпалы мен ерекше маңызын атап өтті.
«Бүгін – аймағымыз үшін тарихи күн! «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының ашылу рәсімінде бас қостық. Халқымыз ұзақ жылдан бері армандап келген автожолды салуға қолдау көрсеткен Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлына барша Сыр жұртшылығының атынан зор ризашылығымызды, шынайы алғысымызды білдіреміз.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолы туралы мәселе Тәуелсіздік алған кезеңнен бері бірнеше мәрте көтерілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тұрғындарымыз қара жолмен Елордаға, Ұлытау, Қарағанды облыстарына қатынады. Астанаға 2 мың шақырымнан астам жол жүріп, Балқаш арқылы да барды.
Енді міне, Президентіміздің ерекше қолдауының арқасында қанша жылдан бері халқымыз көтерген өзекті мәселе өз шешімін тапты. Облыс аумағындағы 216 шақырым жол толық қайта жаңғыртудан өтіп, тиісті жұмыстар аяқталды. Жобаны жүзеге асыруға 84 млрд. теңге бөлінді.
Бұрынғы өткен бабалардан қалған «Бақ, қайда барасың, ынтымағы жарасқан елге барамын», – деген жақсы сөз бар. Әрдайым бірлігіміз бекем, ынтымағымыз ырысты болсын! Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз! Жаңа жол берекенің бастауы болғай», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде ауқымды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан құрылысшылар мен инженерлерге, жол саласының мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтау сөз сөйледі.
Негізі «Қызылорда-Жезқазған» жолының ашылуы келесі жылға жоспарланған болатын. Халықтың сұранысы ескеріліп, мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.
Бұрын сапарға шыққандар екі аралықта 20 сағат жол жүретін. Енді жаңа жолға түскен жолаушылар 16 сағатта діттеген жеріне барады. Жол тегіс, сапасы жоғары, қауіпсіздік, жайлылық ескерілген.
Ұлытау облысының аумағында басталған құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жол пайдалануға берілгенде Астанаға бағыт алған көлік 12 сағатта жететін болады.
Бүгінде «Қызылорда-Жезқазған» жолын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосатын 25 шақырымдық айналма жол салатын мердігер мекеме анықталуда. Жақын күндері құрылысы басталады. Жоба құны – 46 млрд. 3 млн. теңге.
Республикалық маңызы бар жол көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады. Жол бойында заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтеріп, шағын және орта бизнес жанданады. Аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық интеграция нығая түседі.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен облыстық прокуратураның алқа отырысында жер заңнамасының сақталуына жүргізілген тексеру қорытындысы талқыланды. Оған барлық құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және мүдделі мемлекеттік органдардың жетекшілері қатысты.
Жиында жеке тұрғын үй құрылысына жер бөлу кезектілігін реттеу, Бас жоспар талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заңсыз иеленген жерлерді түгендеу, су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы мәліметтерді кадастр жүйесіне енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының ротациясын сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, отырыста облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев, облыстық жер ресурстарын бақылау инспекциясының басшысы Марат Көшеков баяндама жасады.
Қорытындысында саладағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде трансшекаралық хабтарды дамыту мәселелері, қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Қала, аудан әкімдіктері, жөндеуден өткен көшелер мен көпір өткелдеріндегі асфальт жабындысының бұзылмауын қатаң бақылауға алыңыздар. Су, электр, газ желілерін тартқанда асфальтқа зақым келмеуі тиіс.
Қалалар мен елді мекендер аумағын абаттандыру қағидасының сақталуына жүйелі рейд ұйымдастыру керек. Экологиялық құқықбұзушылықпен күресте бейнекамералар тиімділігін көрсетуде. Учаскелік инспекторлардың бекітілген аумақтарын үнемі бақылап, белгіленбеген орынға қоқыс тастауға болмайтынын ескертіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі өте маңызды. Қоғамдық орындарды ластау фактілерімен күресте жаңа технологияларды кеңінен пайдалануымыз қажет.
Қалдықтарды жою, абаттандыру қағидаларын сақтау туралы түсіндірме жұмысын тұрақты жүргізіңіздер. Әсіресе, қоғамдық орындарды ластағандарды, белгіленбеген жерге қоқыс төккендерді анықтап, алдын алуды қатаң бақылаңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Тұжырымдама шеңберінде атқарылған жұмыстарды атап айтсақ, өңірде коммуналдық, өнеркәсіптік қалдықтарды басқару бағытында 23 кәсіпкерлік субъектісі бар. Жыл басынан бері жиналған 230 мың тонна коммуналдық қалдықтың 75 мың тоннасы, 103 мың тонна өнеркәсіптік қалдықтың 81 мың тоннасы өңделген.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында 98 млрд 700 млн теңгеге бағаланған 9 жоба, Қызылорда қаласында шетелдік компаниялардың қатысуымен 2 ірі жоба жүзеге асырылуда.