Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжілісте Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Бекмағанбетов Мәди Бауыржанұлы таныстырылды.
Нұрлыбек Машбекұлы жаңа басшыға игі тілегін білдіріп, саладағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыру, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмысты жүйелеу қажеттігін атап өтті.
«Білім сапасын әділ бағалаудың тәуелсіз тетіктерін енгізуде, жүйенің ашықтығы мен қоғамдық сенімді нығайтуда кешенді шаралар қабылдау қажет. Білім беру, әсіресе жекеменшік білім беру ұйымдарының біліктілік талаптарына сәйкестігіне қатаң бақылау орнатуды тапсырамын», – деді аймақ басшысы.
Мәди Бекмағанбетов еңбек жолын білім беру ұйымдарында бастаған. Әр жылдары облыстық ішкі саясат басқармасында маман, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.
2020-2023 жылдар аралығында облыс әкімі аппаратында ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім басшысы болған. 2023 жылдан бүгінге дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімі негізінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Әбілпатта Алмас Әбдіғаппарұлы таныстырылды.
Нұрлыбек Машбекұлы денсаулық сақтау басқармасы басшысының жұмысына сәттілік тілеп, бірқатар тапсырма жүктеді.
«Ана мен сәби өлімі, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендетудегі жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс. Тұрғындарды профилактикалық, оның ішінде онкологиялық және жұқпалы емес ауруларға тұрақты тексеріп, алдын алу шараларын күшейту керек. Саланы цифрландырып, қағазбастылықты азайтуды тапсырамын. Алмас Әбдіғаппарұлының тәжірибесіне сүйеніп, халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруда аянбай еңбек етеді деп сенім артамыз», –деді Н.Нәлібаев.
Алмас Әбілпатта 1987 жылы дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Денсаулық сақтаудағы іскерлік әкімшілендіру» магистрі.
Еңбек жолын облыстық медицина орталығында қабылдау бөлімшесінің хирург-дәрігері ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық көпбейінді аурухананың хирург-дәрігері, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен. 2023 жылдан осы кезге дейін Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарып келді.
Аяулы аналар!
Қымбатты арулар!
Сіздерді көктемнің шұғылалы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Елімізде нәзік жандыларға құрмет пен қошемет көрсетуге, қолдау мен қорғауға ерекше мән беріліп, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды.
Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді»,- деген болатын.
Әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымы қастерлі Отанымыздың, аймағымыздың өсіп-өркендеуіне белсенді атсалып келеді.
Ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қыз-келіншектер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, жоғары жетістіктерге қол жеткізуде.
Бойындағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуатын батыл бастамаларды жүзеге асыруға жұмсаған, берік азаматтық ұстанымын танытып, қоғамдық жұмысқа бейжай қарамаған қыз-келіншектер де жұртшылықтың үлкен құрметіне бөленуде.
Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді, отбасының береке-бірлігі де арта түседі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие.
Ізгі ниет пен сұлулыққа, жарасым мен сыйластыққа толы көктемнің шуақты мересінде баршаңызға зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, қызметтеріңізге мол табыс тілеймін!
Қымбатты ханымдар!
Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі. Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады.
Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында.
«Әйел – ұлттың жаны» десек, артық болмайды. Өздеріңіз берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіреді.
Ұлы даланың қайсар қыздары жайлы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақ аруларының парасаттылығы мен батырлығы жұртымыздың жадында жатталып, тарихында таңбаланып қалған. Осы сабақтастық қазір де сақталып отыр. Көптеген қыз-келіншектер Отанымызға қалтқысыз қызмет етіп, мектептер мен университеттерде, емханалар мен зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, өнер мен бизнесте, өндіріс орындары мен шаруашылықтарда, әскери бөлімшелерде және ел өмірінің басқа да салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.
Қазақстан халқымыздың келешектегі тағдырына тікелей ықпал ететін ауқымды жаңғыру жолына түсті. Жаңа Халық Конституциясы жобасының өзегі – еліміздің Тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары.
Референдумға шығарылған жаңа Ата заңның жобасында ана мен баланы қорғау, неке және отбасы институтын күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңды құрметтеу, табиғатты аялау, әділдік, еңбекқорлық, жауапты және жасампаз отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға баса мән берілді.
Әйелдер қауымы болашақта да өздерінің адалдығымен, қарым-қабілетімен, ерекше күш-жігерімен Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға белсене атсалыса беретініне кәміл сенемін.
Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ана – әлемнің бесігі» атты салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы аналар мен қыз-келіншектерді көктемнің көркем мерекесімен құттықтады.
«Президентіміз «Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді», – деген болатын.
Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі жетістіктерінің барлығында әйелдер қауымының өз қолтаңбалары бар.
Аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім алған аруларымыз бүгінде экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етеді.
Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің 45 пайызы, медицина қызметкерлерінің 88 пайызы, ұлағатты ұстаздардың 78 пайызы, жалпы бюджеттік саланың 62 пайызы, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндердің 55 пайызы қыз-келіншектер.
Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі еңбектеріңіз үшін Сіздерге барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымды, зор ризашылығымды білдіремін. Біз, ер-азаматтар Сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтеп, қадірлейміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ниет-тілегіміз әрдайым ерекше.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген ардақты аналарымыз ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беріп келеді. Алдағы уақытта да ұлтымыздың баянды болашағы жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Салтанатты шарада шуақты мереке қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған қызылордалық әйел-аналарға марапаттары табысталды. Сонымен қатар, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты мереке иелерінің мерейін асырды. Айта кетейік, Ақордада өткен қабылдауда «Қызылорда» телеарнасының бас редакторы Тұңғышбаева Айнұр Нұрланқызы «Ерен еңбегі үшін» медалін Мемлекет басшысының қолынан алды.
Бұл – Сыр өңіріндегі іскер әйелдер қауымының адал еңбегіне берілген лайықты баға.
Аймақта 48 мыңнан астам көпбалалы отбасы болса, оның 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Алтын құрсақты аналар демографиялық ахуалды жақсартуға зор үлес қосып келеді. Өңірде отбасы институтын дамыту және аналарды әлеуметтік қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы салынған. Орталықта екі жылдың ішінде 40 мыңға жуық ана мен қыз-келіншекке қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, кейінгі жылдары бой көтерген «Отбасы орталығында» болашақта шаңырақ көтеретін жастар мен жас отбасыларға психологиялық және құқықтық кеңестер беріліп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыстағы барлық 7 ауданда заманауи үлгідегі «Руханият орталықтары» салынып, пайдалануға берілді. Аталған орталықтарда музей мен кітапхана жұмыс істейді.
Айта кету керек, өңірде соңғы екі жыл қатарынан «Анаға тағзым» республикалық форумы өткізіліп келеді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ана мен бала» облыстық перинаталдық орталығындағы жас аналар мен медицина қызметкерлерін Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
«Халқымызда «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» деген даналық сөз бар. Ананың ақ сүтімен дарыған мейірім мен мейман көңіл –
ұлт рухының өзегі, елдіктің тірегі. Аяулы жанның жүрегінен бастау алған ізгілік қоғамды ізгілендіріп, адамзатты биік мұраттарға жетелейді.
Ана – тіршіліктің шуағы, өмірдің тұтқасы. Оның бір ауыз жылы сөзі – жанға дауа, жанары – балаға бағдар, алақаны тиген жерге береке қонады, батасы дарыған ұрпақтың бағы жанады.
Адамзат баласы үшін анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы жан жоқ. Сондықтан да ананы ардақтау– адамдықтың асыл өлшемі, ананы құрметтеу – перзенттік парыз. Әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Еріне адал жар, баласына ардақты ана болуымен ұрпаққа өнеге, отбасына ұйытқы болған аналарымызға құрметіміз қашанда шексіз!
Сіздер – мейірім мен махаббаттың, сабыр мен төзімнің символысыздар. Дүниеге сәби әкелу – үлкен ерлік, ұлы жауапкершілік. Сәбидің шат күлкісі мен алаңсыз балалығы – ең алдымен ананың ақ жүрегі мен адал еңбегінің жемісі. Сіздердің әрқайсыларыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, сәбилеріңізге жарқын болашақ тілеймін»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Басқосуда мереке қарсаңында сәбилі болған аналар мен медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды жыл соңына дейін
пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар 45 млрд 800 млн теңгеге 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталықтың, 14 млрд 700 млн теңгеге 500 келушіге арналған емхананың және 9 млрд 800 млн теңгеге Титов кентінде ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхананың құрылыстары басталды.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесті. «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» тақырыбындағы басқосуға еңбек ардагерлері, түрлі сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы жиналған қауымды көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтап, қыз-келіншектердің еліміздің, Сыр өңірінің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер!» – деген болатын.
Өткен тарихымызға қарасақ, ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға қанат қақтыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген.
Бүгінде отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығына айналды. Аймағымызда аналарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижелі іске асырылуда.
Сіздер тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып, әрқашан парасаттың, мейірім пен ізгіліктің ұйытқысы болып келесіздер. Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын!» – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова аймақта «Келешек мектептерінің», басқа да білім ордаларының салынуы, қосымша білім беретін мекемелердің ашылуы ана мен балаға жасалған қамқорлықтың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева «Руханият орталықтарының» ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы қызметіне тоқталды. Ал Жаңақорған ауданы «Қыркеңсе» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Мәлікова өзі қызмет ететін саладағы, әсіресе ауылдағы медициналық мекемелердің жабдықталуындағы жетістіктерді айтты.
Жиынға қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде өңір халқының саны 845 135 болса, оның 419 819-ы, яғни 49,6%-ы – әйелдер, 185 мың қыз-келіншек қалалық жерде, 230 мыңнан астамы ауылда тұрады.
Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын артып келеді.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өңірлердің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы талқыланған республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 200 текше метр су жіберілуде. Оның 50 текше метрі «Көксарай» су реттегіші арқылы алынып, аймаққа секундына 179 текше метр су түсуде.
Ақпанның 13-нен бері Сырдария өзенінен мұз жүрді. Бүгінде ықтимал су тасқынының алдын алудың кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп қолға алынған. Су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техникасы мен күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жеткілікті, халықты көшіру пункттері дайын.
Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар және су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес 1 тікұшақ дайын. Мұз жаруға арнайы мамандандырылған мекемемен келісімшарт жасалды.
Өткен жылы 199,1 млн. теңге қаржыға 11 нысанның қорғаныс бөгеттері жөнделіп қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, бюджеттен тыс көздер есебінен 1 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған Құзыреттілік орталығына барды. Қызметі жастардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған нысанның құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жұмысшы мамандар даярланатын орталық ғимараты екі қабатты, 215 орынға арналған. Мұнда түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізетін 100 орындық конференц-зал, 20 орындық СІР, көрме залдары қарастырылған.
Айта кету керек, аймағымызда жас ұрпақтың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Соңғы жылдары бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік, оның ішінде білім саласына бағытталуда. Соңғы үш жылда салаға 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 302 млрд. теңге қаралды.
Бөлінген қаржының түпкілікті мақсатқа жетуі үшін нақты шаралар қабылданған.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектепті мемлекеттік меншікке алу бойынша меморандумға қол қою рәсімі өтті. Оған жауапты сала басшылары, селекторлық режимде қала, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы атқарылған ауқымды жұмыстарға, соңғы жылдары бюджет қаржысының басым бөлігі әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына бағытталғанына тоқталды.
«Өңірімізде Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тың бастамалар жүзеге асырылуда. Жас ұрпақтың сапалы білім алуы – жұмысымыздың басты басымдығы. Білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 302 млрд. теңге қаралды.
Бөлінген қаржының түпкілікті мақсатқа жетуін қадағалаудың нақты шараларды қабылданған. 2023 жылдан бері «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы қолданысқа енгізіліп, балабақшаларға жалған тіркелген 19 263 бала анықталды, 28 млрд. 100 млн. теңге үнемделді. Емхананың жалған анықтамасын тіркеу, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 6 млрд. 700 млн. теңге бюджетке қайтарылды.
Облыста демографиялық өсім мен халықтың көшіп-қону белсенділігі жоғары болғандықтан, оқушы санының жыл сайын артқаны байқалады. Жаңа оқу жылында 1-11 сыныпта 189 288 оқушы тіркелді, өткен оқу жылымен салыстырғанда 4 364 балаға көбейген.
Осы ретте орын қажеттілігі жеке инвестиция есебінен де шешімін табуда. Жеке секторға мемлекет тарапынан қолдау жасалған. Біз өз кезегімізде таза, шынайы жұмыс істейтін кәсіпкерлерді үнемі қолдап келеміз.
Өткенде мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2023 жылдың қыркүйегінде ашылған «Oрда скул-2» жеке мектебін мемлекет меншігіне сыйға берді. Бүгін де дәл сондай игі істің куәсі боламыз.
Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Өскелең ұрпақ тәрбиесімен айналысатын барша бастамаларыңызға сәттілік тілеймін және ортақ жұмысты бірлесіп атқаруға шақырамын!» – деді Н.Нәлібаев.
Рәсімде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов пен Р.Әліарыстанұлы атындағы жеке мектептің құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева мектеп ғимаратын облыстық коммуналдық меншікке беру туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен бірге Шәркүл Иманбердиева, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, «Ұлағат» мектебінің құрылтайшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалқазбек Әжібеков сөз сөйлеп, жас ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды.
Айта кету керек, өткен жылы өңірде 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынып, пайдалануға берілді.