Жаңа жылдық мереке күндері 109 орталығына қала тұрғындарынан 5264 өтінім келіп түскен. Бүгінде оның 98 пайызы орындалып, қалған 134 арыз-шағымды жауапты мекемелер қарауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте «Жедел әрекет ету орталығы» КММ-нің директоры Оңдасын Өтебеков баяндады.
- Өтінімдердің басым бөлігі 2-3 қаңтар аралығында түсті. Мереке күндері шаһар тұрғындары ауа райының қолайсыздығына байланысты қоңырау шалды. Барлығына уақытында жауап беріліп, тиісті мекемелерге жолданды. Тұрғындардан келген әр қоңырау сандық технология көмегімен арнайы бағдарламаға тіркеледі. Айта кететін жайт, 109 байланыс орталығы 24/7 жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері өтінімдерді тиісті салаға жеткізіп, шағым бойынша жұмыстардың атқарылуын қадағалап, базаға енгізеді,-деді Оңдасын Нұрлыбекұлы.
Соңғы күндері өңірде ауа райының қолайсыздығынан электр ақаулары туындап, қаланың кейбір аумағы мен бірқатар ауылдық елді мекенде электр жарығы уақытша өшіп, нөсер жауын салдарынан тұрғын үйлердің ауласына су толды.
Облыс әкімінің тапсырмасы негізінде сала мамандары жедел әрекет етіп, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жарық қосып, арнайы техникалар қала аумағын судан тазартты.
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев орын алған кемшіліктер бойынша шұғыл жиын өткізіп, мереке күндері тұрғындарға қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген жауапты сала басшыларының жұмысын сынға алып, бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Жиында әкім орынбасары Мархабат Жайымбетов пен қала әкімі Асылбек Шәменов және энергетика басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов нақты жағдайды баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов электр желілерінің басым бөлігінің 70-85 пайызы ескіріп, тозығы жеткендіктен, кемшіліктер орын алғанын жеткізді. Ал, Руслан Нұрмағанбетов трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстарына қаржы қажеттігін тілге тиек етті.
Облыс әкімі жауапты сала басшылары осы кезге дейін коммуналдық мекемелер қысқы мерзімге толық дайын деп есеп бергенімен, нақты жағдай дайындықтың деңгейін көрсетті деді.
- Халықтың күнделікті тіршілігіне жарық, жылу, су керек. Өкінішке қарай, мереке күндері бір күн жауған жауынның әсерінен қаланың және бірқатар аудандардың кейбір аумақтарында жарық тоқтап қалды. Бұл – барлығымызға сын!
Мен бұған дейінгі жиналыстарда үнемі тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмыс жасау қажеттігін ескертіп келемін.
Мархабат Жайымбетұлы, электр жүйелерінің тозу деңгейі жоғары екендігін үнемі алға тартып келесіз. Бәрімізге белгілі, тозу деңгейін 68%-дан 30%-ға төмендету үшін 153 млрд.теңге қажет. Үкімет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында да осы мәселені көтеріп, қаражат сұрадық. Оның ішінде мамандардың қаржы мәселесі де қамтылған. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Біз желілер тозды деп қол жайып отырмай, қолдағы бар ресурстарды пайдаланып, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет.
Кезінде қаладағы үлкен трансформаторлардың күрделі жөндеу жұмыстарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген 4 млрд. теңге уақытылы игерілмей, кері қайтарылды. 2021 жылы аталған жұмыстар дұрыс жүргізілмей, зардабын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, мәселенің өткір екенін ескеріп, шұғыл жөндеу жұмыстарына 500 млн. теңгені қаржы бөлдік, бірақ одан да нәтиже болмады.
Әрбір қосалқы станцияның жағдайына талдау жасап, мамандардың күшімен ретке келтіру қажет. Керек болса, жанашыр демеушілерді біріктіре отырып, жұмысты үйлестіруге болады.
Қала әкімі де, басқарма басшысы да бұл мәселенің өте өзекті екенін алдын ала айтуы тиіс. Бюджет қаражатын бекіткен уақытта қосалқы станциялардың жағдайын ретке келтіруге қаржы қарастырар едік. Жұмысқа немқұрайлы қарайсыздар,-деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы халыққа қолайсыздық тудырып, ақауларға жол берген басшылардың жұмысы көңіл көншітпейтінін еске салып, орынбасары Мархабат Жайымбетов пен қала әкімі Асылбек Шәменовке ауызша қатаң ескерту, энергетика және ТКШ басқарма басшысы мен «Қызылорда электр тарату компаниясының» директорына және қала әкімінің орынбасары мен жауапты бөлім басшысына қатаң сөгіс жариялады.
Халықты электр жарығы мен ауыз сумен қамту – кезек күттірмейтін мәселе екенін тілге тиек еткен аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен арнайы комиссияны құрып, ақау себептері мен оны жою жолдары бойынша шұғыл түрде ұсыныс беруді тапсырды. Комиссия құрамына білікті мамандарды тартып, сала ардагерлерін қосуды жүктеді.
Жиында облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы талқыланды.
Бүгінгі күні Шардара су қоймасынан төменгі ағысқа секундына 1000 текше метр су жіберілсе, облыс аумағына 580 текше метр су келуде. Бұл былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 417 текше метрге артық.
Облыс әкімі алдағы күтілетін су көлемінің болжамды жағдайына қарай әрекет етіп, тиісті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды. Мол суды қауіпсіз өткізу мақсатында облыс аумағындағы магистралды каналдар мен көлдер жүйесіне су алу шараларын жалғастырып, бақылауда ұстауды міндеттеді.
Шаһар басшысы Асылбек Шаменов ШЖҚ «Су жүйесі» мекемесіне барып, тұтас бір қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп, тазалығына жауапты біріккен кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын толықтыру мақсатында жаңадан алынған 10 арнайы техникамен танысты.
Алынған арнайы техникалар Белорусияның Минск қаласындағы «Коммаш» зауытында өндірілген. Құны 400 млн. теңгеден асатын көліктерді жеткізіп беруші «МАЗ центр Казахстан» ЖШС-і.
Қала әкімі Асылбек Шаменов мекеме қызметкерлерімен кездесу барысында «Қажеттілікті қамтамасыз ету жолында үздіксіз жұмыстар жасалуы керек. Осы күнге дейін алынған техникалардың белгілі деңгейде ескіруіне байланысты, заман ағымынан қалмай мәселенің себебімен емес салдарымен күресу мақсатында облыс әкімінің тікелей қолдауымен жүйелі жұмыстардың алғашқы нәтижелері көріне бастады. Алдағы уақытта тұрғындарға сапалы қызметті арттыру бағытында қажетті техникалар рет-ретімен алынатын болады» деді.
Сондай-ақ, шаһар басшысы ел игілігі үшін жасалған бұл жұмыстың баянды болуы ендігі жерде жұмысшылардың мемлекет мүлкіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін тілге тиек етіп, қала тазалығына жан берген еңбеккерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша республикалық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиынға министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.
ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бағдарламаны орындау бойынша арнайы Жол картасы әзірленгенін хабарлап, жобасын бекітуге ұсынды. Жол картасы үш негізгі бағыт бойынша жасақталған 117 тармақтан құралған, оны іске асыруды қадағалау цифрлық форматта жүргізілмек.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сайлауалды бағдарлама бойынша жұмыс істеу арнайы терезе (дашборд) негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Ведомство басшысы дашборд арқылы бағдарламаны орындау нәтижелері енгізіліп, артық қағазбастылыққа жол берілмейтінін алға тартты.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы алдағы 7 жылда негізгі жұмыс істеу құжаты болатынын айтып, оны орындау бойынша алғашқы есеп келер жылдың сәуір айында енгізілетінін ескертті.
Штаб отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, Мемлекет Басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнінде арнайы жол картасы бекітілгенін атап өтті.
«Президенттің сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі уақытылы орындау – біздің басты міндетіміз. Бағдарламада көрсетілген ауылдың өмір-тұрмысын жақсарту, әлеуметтік маңызды жобаларды қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе, сондықтан оны іске асыруға барынша атсалысуымыз қажет», - деді аймақ басшысы.
31 желтоқсан күні сағат 20:00-де Қызылорда облысындағы орталық алаңда Жаңа жылдық мерекелік гала концерт өтеді.
«Мерекелік кешті жерлесіміз, елімізге танымал жайдарманшы Асылхан Дүкенбаев жүргізіп, эстрада жұлдыздары Ақбота-Нұр, Әбдіжаппар Әлқожа және жергілікті өнерпаздар Сіздер үшін арнайы өнер көрсететін болады. Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, келе жатқан 2023 жылды бірге қарсы алуға шақырамыз», - делінген хабарламада.
Ел өңірлерінде «AMANAT» партиясы филиалдарының конференциялары жалғасып жатыр. Бүгін партияның Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясы өтіп жатыр.
Іс-шараға «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы, өңірдегі саяси кеңестің мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысуда.
Конференция барысында ашық дауыс беру арқылы Наурызбай Байқадамов партия филиалының төрағасы болып сайланды. Наурызбай Сейтқалиұлы Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы.
Президент Жарлығымен бекітілген «Балалар жылы» қызылордалық өрендер үшін түрлі бастамалар мен игі істерге толы болды. Бүгін Сыр елінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев балалар жылын қорытындылауға арналған шараға қатысып, дарынды балалармен кездесті.
Басқосуға халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, түрлі ғылыми, спорт және өнер салаларында үздік нәтиже көрсетіп жүрген 50 бала мен жасөспірім шақырылды.
Аймақ басшысы оқушыларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жаңа табыс тіледі және «Балалар жылы» аяқталса да, Сыр елінің ақылды да зерек бүлдіршіндерді жан-жақты қолдау әрі қарай жалғасын табатынын жеткізді.
«Мерейлі жыл аясында өңірде нәтижелі шаралар ұйымдастырылып, мақсатты жобалар жүзеге асты.
Балалар жылы аясында өткен түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шараға, өңірімізден 200 мыңнан аса бала қамтылды. Өткен аптада Ел Президенті атынан балаларға арналған Жаңа жылдық шырша ұйымдастырылып, қала және аудандардан келген 200 баланы құттықтадық. Балаларымызға бағалы сыйлықтар табыстадық. Қосымша 1000 балаға облыс әкімінің шыршасы ұйымдастырылды.
Ата-аналарыңызды тек жақсы істермен қуантыңыздар! Сабақты жақсы оқып, спортпен айналысып, қалаған үйірмеге барып, әр күнді ерекше өткізіңіздер. Қанаттарыңыз талмай, ұстаздарыңыздан саналы тәрбие, сапалы білім алып, бейбіт еліміздің атын әлемге танытыңыздар! Ал біз, ағаларыңыз, сіздерді қолдау үшін аянбаймыз!», - деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында жыл бойы түрлі ғылыми, шығармашылық байқауда жеңімпаз атанған үздік спортшылар, әншілер мен бишілер, қолөнершілер, «Үздік «Атамекен» балалар аулының тәрбиеленушісі», «Үздік балалар парламенті» секілді номинация иегерлеріне Алғыс хаттар мен планшеттер табысталды.
Айта кетейік, биылдың өзінде 402 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанды.
Биыл балдырғандарға тарту ретінде демеушілер есебінен Қызылорда қаласы және аудандарда құны 1,6 млрд. теңгеге 80 спорт-ойын алаңы салынды.
Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға 50 пәтердің кілті табысталды.
Биыл Сыр елінде 19 балабақша, 6 мектепті ел игілігіне табысталды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы және Қармақшы ауданында дарынды балаларға арналған 150 орындық 2 мектеп-интернаты, Жалағаш ауданында 250 орындық Оқушылар үйі және Өнер мектебі ашылды.
Мемлекет басшысының бастамасымен құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапары барысында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп интернаттың құрылысын бастауға қолдау табылды.
Алдағы уақытта Қызылорда қаласының сол жағалауында «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Заманауи үлгідегі нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «ҚазМұнайГаз» кәсіпорнының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында салынатын болады.
2022 жыл - Сыр халқы үшін табысты әрі берекелі жыл болды. Бұған түрлі салада тер төгіп, нәтижелі қадамдармен алға шыққан азаматтардың үлесі басым. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрында өткен салтанатты жиында әр саланың озат қызметкерлерін марапаттап, жыл бойы еңбегімен көзге түсіп, шәкірттері білім бәсекесінде топ жарған ұстаздарға 900 мыңнан астам біржолғы қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.
Аймақ басшысы Сыр жұртшылығын келе жатқан мерекемен құттықтап, өткен жыл толағай табыстар мен ілкімді істерге толы болғанын еске салды.
“Әрбір қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр әрбір азаматтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін.
Барыс жылы – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Сыр елі үшін де берекелі, ырысы мол, саяси оқиғаларға толы жыл болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Сыр елінде тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалды.
Өңірімізде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өздеріңіз білесіздер, кешегі аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында негізгі инфрақұрылымдық, су шаруашылығы, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Біздің ұсыныстарымызға қолдау білдірді”, - деді Н.Нәлібаев.
Аймақ басшысы биыл өңірде ашылған әлеуметтік нысандар, тұрғын үй, жүзеге асырылған инвестициялық жобалар мен алдағы уақытқа қойылған межелі міндеттерді атап шықты. Оның ішінде, тозығы жеткен жылу электр орталығының орнына түрік инвесторларымен бірге жаңа ЖЭО іргетасын салу, көптен бері күткен ірі өндірістердің бірі - шыны зауытын іске қосу, қалалық автобус паркін 100 жаңа қоғамдық көлікпен толықтыру, 9 елді мекенді газдандыру секілді жетістіктер мен келер жылға жоспарланған 23 көпқабатты тұрғын үйді салу, облыс орталығына тағы да 150 жаңа автобус жеткізу, 15 газдандыру жобасын іске асыру секілді жұмыстар бар. Мұнан бөлек, Қызылордада Өнер орталығы, «Қан орталығы», «Неке сарайы», «Оқушылар сарайы», «Анаға тағзым» орталығы, халықаралық әуежай, стадион және өзге де көптеген жаңа нысандар бой көтермек.
Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында сала озаттары мен түрлі номинация иегерлері марапатталды. Оның ішінде, 30 жылдам астам уақыт табиғат қорғау саласында қызмет атқарып, Арал теңізінің тартылған табанына сексеуіл егіп, ауданның экологиялық аймағын жасыл желекке айналдыруда өзіндік үлесі бар орман күтушісі Мұратбек Смайлов, 40 жылдан аса еңбегі бар ветеринар Сейілхан Орынбаев, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі, жыл сайын 12 мыңға науқастың аяққа тұруына септігін тигізіп келетін көпбейінді облыстық ауруханасының нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Рүстем Баешов секілді өз ісінің нағыз шеберлері құрмет төрінен көрінді. Ақпарат саласының алғы шебінде жүрген журналистер, қоғамдық пікір көшбасшылары мен меценат азаматтар құрметке кенелді.
Ал, еңбегімен төрге озған үздік мұғалімдерге 1 миллионға жуық теңгелік сертификат табысталды.
Сыр елінде жаңа жыл мерекесіне тарту ретінде түрлі әлеуметтік нысандар ашылып, халық игілігіне берілуде.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, жаңа бөбекжай-бақшасы мен екі мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
Мереке қарсаңында Ақүйік ауылдық округінің Бірлік ауылында 90 орындық «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы ашылды.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын келе жатқан мерекемен құттықтап, биылғы жыл Сыр өңірі үшін табысты әрі нәтижелі болғанын тілге тиек етті.
«Президентіміз биылғы жылдың қыркүйек айындағы Жолдауында балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуға ерекше тоқталды. Бүгінгі күні аймақта 2-6 жас аралығындағы балалардың қамтылу көрсеткіші 85,6%-ды құрайды. Алдағы уақытта, балабақшалар желісін ұлғайтып, жеке секторларды тарту арқылы көрсеткішті 100%-ға жеткізетін боламыз. Биыл облысымызда 19 балабақша, 6 мектеп, Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілді. Оның ішінде Жаңақорған ауданында құны 3 млрд. теңгені құрайтын 2 мектеп пайдалануға берілуде.
Бүгін міне, Бірлік ауылында балбөбектерімізге сый ретінде 90 орындық «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасы есігін айқара ашты. Нысанның салынуына бюджеттен 366 млн. 900 мың теңге қаржы бөлінді.
Білімнің бесігі – балабақша іші бүлдіршіндердің күлкісіне толы болып, бөбектеріміз білім, тәрбие нәрімен сусындап, еліміздің ертеңі болар ел тұтқасына айналсын!», - деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында ел ағалары жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жиналған қауымға бата берді.
«Біздің Бірлік ауылымызда 2,5 мыңдай адам тұрады. Міне, бүгін көптен бері күткен мемлекеттік балабақша ашылды, алдағы уақытта табиғи газ да қосылып, жолдар жөнделеді екен. Барлық түйткілді мәселелер орнықты шешіліп келеді, бұл біздерді қуанышқа бөлеуде», - деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпбек Асанұлы.
Әрі қарай аймақ басшысы мен ел ағалары бөбекжайдың жұмысымен танысып, жаңажылдық шыршаға келген бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар таратты және балабақша әкімшілігіне теледидар сыйға табыстады.
Мұнан кейін облыс әкімі Жаңақорған кентіндегі 300 орындық мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
«Президентіміздің қолдауымен биыл облысымызда 19 балабақша мен 6 мектеп ашылды. Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі бой көтерсе, бүгінде Жаңақорған ауданында құны 3 млрд. теңгені құрайтын 2 мектеп пайдалануға берілуде.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің санын жоюға мүмкіндік береді.
Келесі жылы 19,6 млрд. теңгеге, 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл алда атқаратын негізгі жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана», - деді аймақ басшысы.
Салтанатты іс-шарада зиялы қауым өкілдері келешекте осы білім ұясынан талантты шәкірттер түлеп ұшып, аймақ абыройын еселей түсетінін жеткізді.
Шараға жиылғандар мектепті аралап, оқушылармен сұхбаттасты және оларға велосипед пен тәтті сыйлықтарды табыс етті.
Қуанышты күнде бүгін аудан орталығында 600 орындық Н.Илялетдинов атындағы орта мектеп ашылды.
Аймақ басшысы Н.Нәлібаев кент тұрғындарын құттықтап, алдағы уақытта да Сыр өңірінде, оның ішінде Жаңақорған ауданына ауқымды жобалар іске асырылып, көптеген жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне табысталатынын жеткізді.
Іс-шарада қоғам қайраткерлері жайлы әрі заманауи мектеп жас ұрпақтың білім мен ғылымға ден қоюына жол ашсын деп ақжарма тілегін қосты.
“Шын мәнінде, жылдан-жылға ауылда тұратын отбасылар көбейіп, дүниеге нәрестелер келуде. Сөзсіз, мектеп қажет. Ауыл арасы жақын жерден қатынап оқитын балаларымыз үшін бұл мектептің ашылғаны барша ата-анаға қуаныш сыйлады,-деді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шаралар өткен аптада бастау алды. Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, орталық алаңда бас шырша шамы жағылды. Мереке қарсаңында 110 отбасы жаңа пәтер алып, қоныс тойын тойлады. Мұнан бөлек, облыс әкімдігінде Президенттік шырша өткізіліп, Қазалы ауданында 3 ауыл газдандырылды және 140 орындық балабақша ашылды. Жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 2-тармағының 12-тармақшасына сәйкес ақпарат иеленушілер қол жеткізу шектелген ақпаратқа жатқызылмайтын ашық деректер түріндегі ақпаратты ашық деректер интернет-порталында тұрақты негізде орналастыруға міндеттеледі.
Ескертпе: «Ашық деректер» – машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға арналған, жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар.
Осы негізде «Ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын ашық деректер тізбесін бекіту туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2021 жылғы 28 қазандағы № 774 қаулысымен ашық деректер тізімі бекітілген.
Бекітілген тізімге сәйкес деректер «Ашық деректер» порталына орналастырылып, тиісті мерзімдерде жаңартылуда және де https://data.egov.kz/datasets/govagencies сілтемесі бойынша қолжетімді.
Тұрғындардың, компьютерлік бағдарлама жасаушылардың тарапынан Ашық деректер тізімін толықтыру, ақпаратты жаңарту бойынша ұсыныстар болған жағдайда https://data.egov.kz/#proposalModal сілтемесі арқылы жолдауға болатынын хабарлаймыз.