Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырымын жөндеу мәселесі бойынша жауапты мамандар және кәсіпорын өкілдерімен кездесті.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дінмұхамед Абсаттаров, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков, «KAP Logistics» ЖШС бас директоры Дархан Рамазанов, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС бас басқарушысы У Чженьхуа, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС бас басқарушының орынбасары Айбек Абсеметов қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру басты мақсат екенін атап өтіп, жоспардағы жобаларды тез арада іске асырып, ел игілігіне табыстау үшін бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
«Аталған жол учаскесін «Қазатомөнеркәсіптің» уран өндіруші мекемелері, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» және басқа да ірі кәсіпорындар күнделікті пайдаланады. Өздеріңізге белгілі, «Самара-Шымкент-Еңбекші» жолының 6 шақырымы (оның ішінде 4,5 шақырымы Еңбекші ауылына дейінгі жол) 2015 жылдан бері «КАП логистикс» серіктестігіне 10 жылға өтеусіз пайдалануға берілген. Қазір жолдың тозығы жетіп, күрделі жөндеуді қажет етуде. Өткен жылы қараша айында Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барғанымда, Еңбекші ауылының тұрғындары осы жолдың жағдайына наразылық білдірді. Мендегі ақпаратқа сәйкес, «КАП логистикс» серіктестігі биыл Еңбекші ауылынан басталатын 13 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізуді жоспарлауда. Оған қосымша Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырым жолды күрделі жөндеуді ұсынамын. Құрметті әріптестер, бұл – үш ауылдағы 2871 тұрғынның (Еңбекші – 1605, Жиделіарық – 1025, Қосүйеңкі – 241) өтініші. Сол себепті бірлесіп жұмыс атқару маңызды», – деді Н.Нәлібаев.
Еске салайық, өткен жылғы 6 қарашадағы облыс әкімінің Сырдария, Шиелі аудандарына жұмыс сапарының нәтижесімен қабылданған хаттамалық шешімге сәйкес облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларына қолданыстағы заңдылықтар аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолынан Еңбекші ауылына дейінгі бұзылған 4,5 шақырым жолды күрделі жөндеуді тас өнімдерін шығаратын кәсіпорындар арқылы қаржыландырылуды 1 желтоқсанға дейін үйлестіру тапсырылған.
Еңбекші ауылына дейінгі 4,5 шақырым – Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгеріміне жататын 4 санаттағы жол. Өз кезегінде кәсіпорын өкілдері аталған жол ортақ пайдалану үшін керек екенін, бастаманы қолдайтынын жеткізді.
2024 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысымен Қызылорда облысы негізгі экономикалық макрокөрсеткіштер өсімі бойынша бірінші орында. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында айтты.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысының орынбасары Қызылорда облысы негізгі капиталға инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бойынша бірінші, құрылыс секторындағы өсім көрсеткіші бойынша екінші орында екенін атап өтті.
Мәжілісте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Сыр өңірі екі ай қорытындысымен жоғары даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенін айтты.
«Қаңтар-ақпан айларында ел экономикасы 4,2%-ға, барлық макрокөрсеткіштер Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өсті», – деді Үкімет басшысы.
Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қазіргі жоғары даму қарқынын сақтауды және бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды.
Мереке қарсаңында Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны Ботагөз Аркашбаева республикалық «Ару ана» конкурсының жеңімпазы атанып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен өткен «Ару ана» республикалық конкурсының қорытындысымен Қазақстан бойынша 20 қыз-келіншек іріктелген болатын. Конгресс-Холлда өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концертте оның 6-уы марапатталды. Жерлесіміздің жобасы «АГРОБИЗНЕС САЛАСЫНДАҒЫ ҮЗДІК ЖОБА» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Б.Аркашбаеваның «Ешкі сүтін терең өңдеу» жобасы тәулігіне 50 литр ешкі сүтін өңдеуге бағытталған.
Негізгі мамандығы хореограф болғанымен, 2017 жылдан бері «Оразбек» отбасылық шаруа қожалығын ашып, мал шаруашылығымен айналысуды бастаған. Қазір ешкі саны 100-ден асты, Австралия және Германиядан ешкі төлін әкеліп, жергілікті тұқымдармен будандастыру тәжірибесін қолға алған. Алдағы уақытта будандастырылған жаңа тұқымды халықаралық сатылымға шығаруды жоспарлауда.
Ешкі сүтінен ірімшіктің 4 түрін, құрт, май, брынза, сүзбе жасап сатады. Өнімдерге сұраныс өте жоғары болғандықтан, кәсібін кеңейтпек.
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппаратын іске қосу рәсіміне қатысып, қызылордалықтарды, дәрігер қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
«Әлемдегі геосаяси ахуалдан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық сақтау саласын басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдауларында нақты талаптар қойды. Бүгін мереке қарсаңында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппаратын іске қосып, 70 орындық перинаталдық бөлімді ашудамыз. Өздеріңіз білесіздер, бұрынғы аппарат бұзылып, ауруханада 2016 жылдан бері мұндай құрал-жабдық болмады. Мәселенің шешімін табу үшін бюджеттен қаржы бөліп, биыл бағасы 646 млн. теңге тұратын МРТ аппаратын алдық. Жаңа құрал өңір халқының игілігіне, аурудың алдын алу, анықтау жұмыстарын ілгерілетуге қызмет ете берсін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, жаңа МРТ аппаратын іске қосуға және перинаталдық бөлімнің ашылуына үлес қосқан медицина қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2022 жылы 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100% автокөлікпен қамтамасыз етілді. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн. теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Тұрғындар сұранысына сәйкес, биыл өңірдің барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік сатып алынбақ. Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3 млрд. 700 млн.теңге қаралды.
Жақын күндері Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге қаржы бағыттады. Оған облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Сонымен қатар, қор республика бойынша 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті.
Мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Дәрігерлердің республикалық орталықтарда ғана емес, шет елдерде де біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 80 млн. теңге бөлінді. Сәуір айында Стамбул қаласындағы Қазақстанның бас консулының қолдауымен Түркиядағы «Мемориал» клиникасына 10 реаниматолог және 5 кардиолог біліктілік арттыруға барады. Бұл бағыттағы шаралар жыл көлемінде жалғасын табады.
Бүгін Қызылорда қаласында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Сыр самалы» деп аталатын бизнес санатындағы алғашқы тұрғын үй кешенінің ресми таныстырылымы өтті.
Бұл жобаның құны 9,7 млрд теңге, «Altyn land» ЖШС құрылысты былтыр бастаған, 2025 жылы аяқтайды деп жоспарлануда. Тұрғын үй кешенінің жалпы ауданы – 27 мың шаршы метр, оның ішінде коммерциялық ауданы – 5 мың шаршы метр, жерасты тұрағында көлікке арналған 112 орын қарастырылған.
Аймақ басшысы құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға тоқталып, жаңа кешен тұрғындарға жайлы баспана болатынына сенім білдірді.
«Халықты баспанамен қамту – еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Жарасымды істің жалғасы ретінде жақын күндері салтанаты мен сәні келіскен тағы бірнеше нысанның құрылысы басталмақ. «Сыр самалы» тұрғын үй кешені қаламызға ерекше көрік беретін ғимараттардың бірі болары сөзсіз. Жобаларыңызға сәттілік тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады. Қызылорда қаласында 1544, аудандарда 346 пәтер, оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады.
Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды.
Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталады.
Кәсіпкер және меценат Болат Өтемұратовтың қоры есебінен Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынып, жақын күндері ел игілігіне айналады деп күтілуде.
Осы кезге дейін қалада бір ғана Оқушылар үйі болса, «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
Өткен жылы «Отбасы орталығы» өз қызметін бастаса, жуырда 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылып, пайдалануға берілді. Оған қоса сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді. Инвесторлар қолдауымен 37 млрд. 600 млн теңгенің жобалары іске асуда.
«Сыр самалы» тұрғын үй кешенін ресми таныстыру рәсімі мерекелік концертпен аяқталды. Отандық эстрада әншілері Мәдина Сәдуақасова мен Серік Ибрагимов жиналғандарға ән шашуын арнады.
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестицияларды қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, күн тәртібінен тыс Алматы қаласындағы жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов қабылданған шаралар туралы баяндады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкіметтің алдына инвестиция тарту бойынша ауқымды міндеттер қойылғанын баса айтты. Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы аясында биыл республикада 2,3 трлн теңгенің 234 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Мәжілістен кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы бағыттағы жұмыстарды нақтылады.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа инвестициялық кезеңді бастауды тапсырған болатын. Осыған байланысты, өңірдегі іске асырылу сатысындағы және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаларды сүйемелдеп, туындаған мәселелерді шешу, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Биыл облысқа 517,5 млрд. теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілді. Қаңтар айының қорытындысымен қаржыландырудың барлық көздерінен 40,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 32,4%-ға өсті», - деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өңірде аумағы 525 гектар 6 индустриялық аймақ құрылып, оған 9,7 млрд. теңгеге инженерлік инфрақұрылым жүйелері тартылған. Бүгінде осы аймақтарда 30 жоба іске асуда. Бұдан бөлек, 22 жобаның құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, 4 жоба уақытша тоқтаған, 5 жобаның жер телімдерін қайтару қажет. Ал, индустриялық аймақтар бойынша табысталған 525 гектар жердің қазір 206 гектары ғана игерілген. Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысын қорытындылап, әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға береді. Нұрлыбек Машбекұлы осы салаға жауапты орынбасары Ардақ Зебешевке инвесторлар жобаларына заң аясында барынша қолдау көрсетуді, нақты нәтиже беретін жұмыстарды қолға алуды тапсырды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынған «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді. Заманауи үлгідегі орталық қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғыртуға мол мүмкіндік беруде. Мұнда үй тұрмысын үйлестіруді және қонақ күту дағдыларын үйрететін, психологиялық көмек беретін кабинеттер бар. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы, би орталығы, жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған.
Еске салсақ, өткен жылы Қызылордада "Анаға тағзым" орталығына қоса, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отбасы орталығы» да ашылған болатын. Бұл орталықта «Қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Мұнда неке қию рәсімделіп ғана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. «Жастар денсаулығы», «Анаға тағзым», «Бақытты отбасы» орталықтары, «Отбасы банкі» келушілерге қызмет көрсетуде.
Айта кетейік, күні кеше Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Парламент депутаттары, аталған комиссияның мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көп балалы аналар, ұстаздар, облыстың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Көктемнің көркем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қызылордада мерекелік кеш өтті. Салтанатты іс-шараға Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, комиссия мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, облыстың зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар қатысты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейте түсу – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деген болатын. Тәуелсіз Қазақстанның толағай табыстары мен Сыр өңірінің бүгінгі қол жеткен жетістіктерінің барлығында әйелдер-аналардың, қыз-келіншектердің қолтаңбасы бар. Ардақты аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім түйген аруларымыз экономикамыздың барлық саласында табысты еңбек етіп келеді. Аймағымызда мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3233 адам болса, оның 1493-і немесе 46,2%-ы әйелдер, 36 мыңнан астам көп балалы аналардың 17 мыңнан астамы – алтын және күміс алқалы Батыр аналар.
Құрметті аналар, қыз-келіншектер! Қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып, туған жеріміздің берекесі артуына, келбетінің көркеюіне әрдайым үлес қосып келесіздер. Сіздерге мың алғыс!», – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының «Үздік мәдени өңір» номинациясына Сыр өңірі лайық деп танылғаны жарияланып, ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раев марапатты облыс әкіміне табыстады.
Ерекше атап өтетін жайт, бұл номинация «ТҮРКСОЙ» шеңберінде екі адамға ғана берілген. Оның бірі «Нобель» сыйлығының иегеріне, ал екіншісі танымал әнші Димаш Құдайбергенге табысталған. Үшіншісі түркі руханиятының алтын қазығы қағылған Сыр өңіріне келді. Символикада алтын жалатылған пырақ бейнеленген.
Бүгінде аймақтың мәдениет және өнер саласында жағымды жаңалық жетерлік. Осыған дейін өңірде «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келсе, бүгін 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың «Инклюзивті театры» құрылды, бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде.
Елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады.
Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналмақ. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылады. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Жақын күндері балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.
Аймақ басшысының бастамасымен айтулы мерекелерде еліміздің, туған жеріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы табысталып келеді. Бұл дәстүр бүгін де жалғасын тауып, құрметті атақ белгілі композитор Рамазан Таймановқа берілді.
Сондай-ақ, Сыр өңірінің руханияты мен өнеріне ерекше үлес қосқан мәдениет майталмандары облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты іс-шара көңілді концерттік бағдарламамен аяқталды.
Бүгін Қызылордада жаңадан салынған «Өнер орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева және комиссия мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, облыстың зиялы қауымы, еңбек ардагерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Сыр өңірі – шежіре тұнған, халықтың асыл мұралары сақталған алтын көмбелі мекен, қазақ театрының алғашқы қазығы қағылған жер. Аймағымыздың киелі сахнасынан мәдениет майталмандары мен өнер тарландары түледі.
Қызылордада осындай өнер ордасына қажеттілік заман үдерістері мен көрермен талғамына сәйкес туындады. Аз ғана уақыттың ішінде құрыш қолды құрылысшыларымыздың кәсіби шеберлігі арқасында көз алдарыңызда сәні мен сәулеті келіскен «Өнер орталығы» бой көтерді. Ғимараттың салтанатты ашылуын әйел-аналарымыздың құрметіне, Сыр сұлуларының мерекесіне арнаудамыз. «Өнер орталығы» еліміздің рухани қазынасын толтыруға, мәдениеті мен өнерін асқақтатуға қызмет ете берсін!», – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов сөз сөйледі.
Мұнан әрі қонақтар жаңа орталықты аралап, «Сыр өңірі өнер тұлғаларының экспозициялық картинасы» және «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің бесігі» атты көрмені тамашалады.
Еске салсақ, 2022 жылдың қыркүйек айында Қызылордада 1000 келушіге арналған орталықтың іргетасы қаланды. Құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.
Айта кету керек, Сыр өңірінің мәдениет пен өнер саласында көптеген жағымды жаңалық бар. Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр жұмыс жасаса, концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды. Облыстың мәдениет мекемелерінің мамандары Италия, Белорусь елдерінде біліктілігін арттырды. Алдағы уақытта Еуропадағы белгілі концерттік залдардың озық тәжірибелері енгізілмек.
Сырдың төрінде еліміздің барша аналарына арналған перзент сыйы – «Анаға тағзым» орталығы, жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығармашылығын шыңдап, өнерін насихаттауға арналған «Инклюзивті театр» құрылды. Бұған дейін 10 жылға жуық үйірме ретінде жұмыс жасап келген «Жастар театры» өз алдына кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде.
Елордада Астана қаласының 25 жылдығына орай «Сұлу Сырдан – ару Астанаға» атты Қызылорда облысының өнер күндері жоғары деңгейде өткізілді. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленген шара сәуір айында Алматы қаласында да ұйымдастырылады.
Мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында өткен жылдан бері тағайындалған «Тұран» сыйлығын табыстау дәстүрге айналады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында «Жыраулар үйі» ашылады. Облыстық өлкетану музейінің құрылысы басталды. Жеті ауданда заманауи «Руханият орталықтары» салынуда. Жақын күндері балалар мен жасөспірімдерді өнерге баулып, шығармашылығын шыңдайтын «Шығармашылық академиясы» бой көтереді.
Бүгін Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов, аталған комиссияның мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көп балалы аналар, ұстаздар, облыстың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев форум жұмысына сәттілік тілеп, қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өтті.
«Өткен жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығында болды. Мұндай орталықтардың жастарға тәлім-тәрбие берудегі маңызын айтып, жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, бүкіл еліміздің аналары бас қосатын тәжірибе алмасу алаңының жұмысын үйлестіруді тапсырды. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп, өткен жылдың қараша айында алғаш рет «Анаға тағзым» республикалық форумын ұйымдастырдық. Шара қонақтары бұл жиынды дәстүрлі түрде өткізуді ұсынды. Алты Алаштың анасы – қасиетті Сыр өңіріндегі тағылымды шараның жалғасын табуының, дәстүрге айналуының өзіндік символдық мәні бар деп білеміз. Бүгінгі форум Ұлттық комиссиямен бірлесіп ұйымдастырылды. Мақсаты – үйдегі берекені сақтаушы, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысушы әйел-ананы ардақтау, ерекше мәртебесін құрметтеу сияқты мызғымас дәстүрлі құндылықтардың төңірегіне қоғамды топтастыру. Ұлы Даланың ұлы аналарының ізгі жолын дәріптеп, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру. Өткеннің тағылымын жаңа дәуірдің талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің үлгілі бейнесін қалыптастыру», – деді аймақ басшысы.
Іс-шарада ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева әйел-аналардың ел дамуы мен өркендеуіне қосқан зор үлесін атап өтті. Олардың қоғамдағы орнын, құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін айтты. Бүгінде отбасы және гендерлік теңдік институтын дамытудың қазақстандық моделі айқындалған 2030 жылға дейінгі Тұжырымдаманы іске асыру жалғасуда. Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарға сәйкес, оның қызметі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы өзекті мәселелерді пысықтауға шоғырланған.
Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанаи, республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, "AMANAT" партиясының Хатшысы Шолпан Каринова және жерлестеріміз, белгілі тележүргізушілер Қымбат Досжан, Дана Нұржігітова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елена Әбдіхалықова, Елмұра Жаңабергенова, Жеңіс Ысқақова, Ұлжан Байбосынова сөз сөйледі.
Форумда Аида Балаева отбасы құндылықтарын үнемі насихаттап, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты белсенді іске асыруға атсалысқан қыз-келіншектерді марапаттады.
Айта кетейік, Сыр өңірінде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Демеушілердің қолдауымен 1 млрд 700 млн теңгеге «Анаға тағзым» орталығы салынып, халық игілігіне берілді, «Отбасы орталығы» өз қызметін бастады.
Жыл басы және жаңару мезгілі – Наурыздан бастап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында 2024 жыл – «Руханият жылы» деп жариялануда. Атаулы жылда тек мәдени-көпшілік шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылады. Онда балалар мен жасөспірімдерге қосымша білім, тәрбие беріледі. Сыр өңірінің руханият кеңістігіндегі бұл бастамалар Мемлекет басшысы ұсынған, әділетті мемлекет пен біртұтас қоғамның берік негізі саналатын «Адал адам» тұжырымдамасын жүзеге асыруға зор үлесін қосады.
Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін «Руханият» орталықтары бір мезетте салынады. Ол үшін облыстық бюджеттен 11 млрд 500 млн теңге қаржы жоспарлануда. Орталықтарда аға буын мен жастар бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынуда.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия кешенді шаралар атқаруда. Өткен жылы комиссия мүшелері барлық аудандарды аралап, тұрғындармен кездесті, психологтардың қатысуымен тренингтер өткізді. Аналарды қолдау және адал еңбекті насихаттау мақсатында Ауыл әйелдерінің форумы ұйымдастырылды. Әкелер одағы құрылып, ер бала тәрбиесіне қатысты жүйелі шаралар атқарылуда. Облыстық Әкелер форумының қорытындысында белсенді азаматтардың пікір алаңы қалыптасты. Барлық мектептерде Әкелер, Аналар кеңестері белсенді жұмыс жасауда. Ұлттық комиссияның тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің отбасы және әйелдер істері жөніндегі уәкілі тағайындалды.