1. Құжаттарды қабылдау
Құжаттарды қабылдау кандидатты тіркеу және оған бағалау кезеңдерінде кандидаттың жеке деректерін иесіздендіру үшін пайдаланылатын электрондық-цифрлық қолтаңбаны (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдалана отырып жеке нөмір беру арқылы онлайн-платформада жүргізіледі. Бастапқы тіркеу кезінде ЭЦҚ-нің болуы міндетті, кейіннен тіркелген кандидаттар осы платформаға логин мен парольді пайдалана отырып кіреді.
Тіркелу кезінде кандидаттар жеке басты куәландыратын, білім туралы, еңбек қызметін растайтын құжаттардың көшірмелерін, орта деңгейдің белгіленген талаптарына сәйкес нәтижемен мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификатты жүктейді және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін бағалау уақытын брондайды, сондай-ақ ситуациялық тапсырмаларды шешу үшін бағыттарды таңдайды.
Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін кандидат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ) немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST (ресми-іскерлік қазақ тілін тестілеу жүйесі) қазақ тілін тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.
Өтінім берген сәтте мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат болмаған жағдайда кандидатқа «ҚАЗТЕСТ» немесе QAZAQ RESMI TEST жүйесі бойынша тестілеуден өту үшін сілтемелер ұсынылады.
Бұл ретте кандидат тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқтай алады.
Тіркелу басталмас бұрын кандидат Пайдаланушы келісімімен танысады, дербес деректерді жинауға және өңдеуге өз келісімін растайды, және белгіленген талаптарды қатаң сақтау бойынша міндеттемені қабылдайды, оның ішінде:
- компьютердің, 5мб/сек кем емес интернет жылдамдығының және жұмыс істеп тұрған веб-камераның, құлаққаптың және микрофонның болуы қажет екендігі туралы;
- анық емес мәліметтер берген немесе тапсырмаларды орындауға басқа тұлғаларды қатыстыру фактілері анықталған жағдайда, іріктеу кезеңдерінің кез келгенінен шығарылатыны туралы;
- іріктеудің барлық кезеңдерінде тест тапсырмаларының, ситуациялық тапсырмалардың және өзге де ақпараттың мазмұнына қатысты үшінші тұлғаларға ақпаратты таратпау туралы.
Кандидат қойылатын талаптарға (Қазақстан Республикасының азаматы, құжаттар тапсыру сәтінде жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі бар, еңбек өтілі кемінде 5 жыл, мемлекеттік тілді меңгергені туралы қолданыстағы сертификаттың болуы) сәйкес келген жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
2.Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау
Бұл кезең кандидаттардың күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін айқындауға мүмкіндік беретін екі бөлек тестілеу кезеңінен және верификация кезеңінен тұрады.
Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға талаптарға сай келетін барлық кандидаттар өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуді орындауға ең көп балл жинаған кандидаттардың елу пайызы жай саралау әдісімен жіберіледі. Бағалаудың екі блогынан өту қорытындысы бойынша кандидаттар верификацияға (нәтижелерді растауға) жіберіледі.
Тестілеу басталмас бұрын кандидат оны жүргізу тәртібімен танысады және міндетті түрде Пайдаланушы келісімін қабылдайды.
Кандидат Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша белгіленген күн ішінде оған ыңғайлы уақытта интернет байланысы арқылы мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетінбағалаудан өтеді. Тестілеуді тапсыру тілін кандидат өз бетінше таңдайды. Тапсырмаларға өтуді кандидат жеке кабинетте кандидат таңдаған уақытта алады.
Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау ұсынылған жауап нұсқалардың бірін таңдау арқылы кандидаттың мәтіндік ақпаратты түсінуін бағалауды қамтиды.
Сандық тестілеу ұсынылған жауаптардың біреуін таңдау арқылы кестелер, графиктер және диаграммалар түрінде берілген ақпаратты талдау қабілетін бағалауға арналған. Қажет болған жағдайда, кандидат қағаз, қарындаш және калькуляторды пайдалана алады.
Әрбір бағалаудың ұзақтығы - 25 (жиырма бес) минуттан аспайды (мәтіндік және сандық бағалау бойынша 25 (жиырма бес) сұрақтан). Алдын ала нәтижелер тестілеу аяқталғаннан кейін кандидаттардың мониторларында көрсетіледі. Бағалаудың түпкілікті қорытындылары тестілеу блоктары аяқталғаннан кейін кандидаттың жеке кабинетінде орналастырылады.
Осы кезеңдердің нәтижелерін есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. Тестілеуді верификациялауға ең жоғары балл жинаған 1000-нан аспайтын қатысушы жіберіледі.
Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
Бірнеше кандидатта тестілеу нәтижелері тең болған кезде іріктеудің келесі кезеңіне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) айқындаған саннан асатын кандидаттардың саны жіберілуі мүмкін.
Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудың қорытынды нәтижелері кандидаттардың саралануын ескере отырып, ақпараттық жүйеде әкімшінің жеке кабинетінде орналастырылады. Әкімші ең жоғары баллға сүйене отырып, баллдарға сәйкес келесі кезеңге өткен кандидаттардың шегін көрсетеді. Кандидаттарды бағалаудың қорытынды нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде және сайтта нәтижелер әкімшінің жеке кабинетінде орналастырылған күннен кейінгі күні сағат 18:00-ден кешіктірілмей орналастырылады.
Верификациялау кандидаттардың қабілеттерін тестілеудің қысқаша нысаны болып табылады және тестілеу процесін аудио-видео жазба арқылы кандидаттардың қабілеттерін қайтадан өлшеуге бағытталған. Кандидат мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін алдыңғы бағалаудың нәтижелерін растау үшін мәтіндік және сандық тесттерден өтуі керек. Тестілеуді верификациялау тілі үміткердің алғашқы екі бағалау блогынан өткен тіліне автоматты түрде реттеледі.
Верификациялау басталар алдында кандидат оны жүргізу тәртібімен танысады және Пайдаланушы келісімін қабылдайды. Верификациядағы сұрақтардың жиынтық саны 30 (отыз) сұрақты құрайды (15 мәтіндік және 15 сандық), олар кездейсоқ түрде орналастырылатын болады. Верификацияның ұзақтығы 30 (отыз) минуттан аспайтын уақытты құрайды.
Верификациялаудан белгіленген күн ішінде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша оған ыңғайлы уақытта интернет байланысы арқылы өтеді.
Верификациялаудың қорытындысы бойынша келесі кезеңге ең жоғары балл жинаған 500-ден аспайтын кандидат жіберіледі. Верификациялау кезеңінің нәтижелерін орналастыру механизмі қабілеттерді тестілеу нәтижелерін орналастыру механизміне ұқсас.
3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу
Кезең басталмас бұрын кандидат оны жүргізу тәртібімен танысады және Пайдаланушы келісімін қабылдайды.
Бұл кезең кандидаттардың ситуациялық тапсырмалар түрінде жасалған нақты мәселелерді шешуге көзқарасын бағалауға бағытталған. Дайын тапсырмаларды кандидаттар арасында бөлу рандомдық тәртіппен жүзеге асырылатын болады. Осы кезеңнің қорытындылары бойынша кандидаттардың кәсіби қасиеттерін сипаттайтын құзыреттері анықталатын болады.
Кезең Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша белгіленген күн ішінде онлайн-платформада эссе жазу форматында оған ыңғайлы уақытта өтеді. Бұл кезең онлайн-платформада аудио-видео жазбамен сүйемелденеді. Ұзақтығы 45 минуттан аспайды, көлемі 500 сөзден аспайды.
Тапсырманың шешілуін бағалауды қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір мезгілде үш сарапшы жүзеге асырады. Сарапшылар пулы академиялық орта өкілдерінен, мемлекеттік қызметкерлер мен бизнес қауымдастық өкілдерінен тұрады. Сарапшылардың жалпы пулы кемінде 105 адамды құрайды. Жұмыстарды бағалау онлайн-платформада жүзеге асырылады, онда әрбір сарапшыға кандидаттардың иесіздендірілген деректерімен бағалау үшін жұмыстар автоматты түрде бөлінеді. Бағалау 5 балдық шкала бойынша белгіленген бағалау критерийлеріне сәйкес жүзеге асырылады. Қорытынды баға сарапшы бағаларының орташа мәнінен шығарылады. Бұл ретте сарапшылар басқа сарапшылардың қойған бағасын көре алмайды. Осы кезеңнің нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде жарияланады.
Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
4. Құзыреттерді бағалау
Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңінен кейін онлайн платформада құзыреттерді бағалау кезеңінен өту үшін 250 үздік кандидатқа тіркелу қолжетімді (ашық) болады. Олардың әрқайсысы ұсынылған нұсқалардың ішінен процедураның күні мен уақытын таңдай алады. Тіркеу бірінші кезекте толтыру қағидаты (алғашқылар болып тіркелу) бойынша жүзеге асырылады, тіркелмеген үміткерлер онлайн-платформадағы рәсімдер кестесіндегі бос «терезелерге» сәйкес автоматты түрде бөлінеді.
Бұл кезең бағалаудың екі бөлігінен тұрады:
- ассессмент-орталық;
- құзыреттер бойынша сұхбат.
Ассессмент-орталық Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта жүзеге асырылады. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді (стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сендіре білу) анықтауға және бағалауға бағытталған.
Құзыреттерді бағалаудың бұл бөлігі рәсім барысында кандидаттардың мінезін сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайтын топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 20 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады. Ассессмент-орталық рәсімінің ұзақтығы 6 сағаттан 8 сағатқа дейінгі уақытты алады.
Осы бағалаудың нәтижелері бойынша әрбір кандидатқа қысқаша есептер жасалады, олар кандидаттардың жеке кабинеттерінде рәсімнің өту сәтінен 20 жұмыс күннен кешіктірілмей орналастырылатын болады. Нәтижесінде құзыреттерді бағалаудың келесі бөлігіне – құзыреттер бойынша сұхбатқа, үздік нәтижелер көрсеткен 125-тен аспайтын кандидат жіберіледі.
Құзыреттер бойынша сұхбат Қазақстан Республикасының кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, жеке терең сұхбат онлайн форматында жүргізілетін болады. Сұхбаттасу құндылық бағдарларды анықтайтын кандидаттың құзыреттерін және ішкі ынтасын анықтауға бағытталған. Сұхбатқа тіркелу ең жақсы нәтиже көрсеткен 125 кандидатқа арналған ассесмент-орталық блогының аяқталуы бойынша онлайн-платформадағы ассесмент-орталық блогына ұқсас жүзеге асырылады.
Сұхбаттасудың нәтижесі бойынша іріктеудің келесі кезеңіне – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге, үздік нәтижелер көрсеткен 100-ден аспайтын кандидат жіберіледі.
5. Сарапшылық комиссияда әңгімелесу
«Сарапшылық комиссияда әңгімелесу» кезеңінен өту үшін іріктеудің алдыңғы кезеңдеріндегі балдардың жиынтығы бойынша ең жақсы нәтиже көрсеткен 100-ден аспайтын адам жіберіледі.
Құзыреттерді бағалау кезеңінен кейін 100 үздік кандидатқа Сарапшылықкомиссияда әңгімелесу кезеңінен өту үшін онлайн-платформада тіркелу қолжетімді болады. Олардың әрқайсысы ұсынылған нұсқалардың ішінен процедураның күні мен уақытын таңдай алады. Тіркеу бірінші кезекте толтыру ұстанымы бойынша жүзеге асырылады, тіркелмеген кандидаттар автоматты түрде бөлінеді. Сараптамалық комиссияда әңгімелесу онлайн немесе офлайн форматта өтетін болады. Офлайн форматты қолданған жағдайда, бұл кезең Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің базасында өтетін болады.
Сарапшылық комиссияда HR-менеджер терең сұхбат нәтижесі бойынша шағын есепті комиссияның мүшелеріне ұсынады.
Комиссияның құрамына осы кезеңде қажет болған жағдайларда мемлекеттік органдардың басшылары кіргізілуі мүмкін.
Кандидатуралар Сарапшылық комиссиясының отырысында қаралғанға дейін кандидаттар туралы беделін түсіретін мәліметтердің бар-жоғы туралы мәліметтерді, оның ішінде уәкілетті мемлекеттік органдарға өтінім жіберу негізінде жинау алдын ала жүзеге асырылады.
Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның отырысында қарауға ұсынылатын 65-тен аспайтын кандидаттардан тұратын тізім жасалады.
Бұл іріктеу кезеңінің нәтижелері кандидаттардың жеке кабинеттерінде орналастырылады.
6. Ұлттық комиссияның отырысы
Ұлттық комиссияның отырысына Сарапшылық комиссия ұсынған ең жоғары балл жинаған 65-тен аспайтын кандидат жіберіледі. Ұлттық комиссия қажет болған жағдайда әңгімелесу өткізе алады.
Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2.0 Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданады.