Құрметті жерлестер!
Қадірлі зиялы қауым
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – мемлекеттігіміздің тарихи белесі, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды мереке.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» - деген болатын.
Біз елдігіміз бен бірлігіміздің, сарабдал саясаттың арқасында бабалар аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік.
Қуатты мемлекет ретінде елдігіміздің тұғырын нығайттық.
Әлем елдерімен терезесі тең ел ретінде сындарлы келіссөздер жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік.
Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды.
Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.
Декларацияның баптарында халық өз жерінің, өз елінің табиғи байлығының игілігін көруі тиіс деп айқын жазылды.
Тарихи мәні зор бұл құжатта Қазақстанның билік тармағының бөлінісі, ашық та жариялы қоғамның үлгісі көрсетілді.
Декларация «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заңға» негіз болды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында орын алған күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалға мойымай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұдырықтай жұмыла білдік.
Бiлге қағанның жетінші ғасырда айтқан «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ», - деген сөзінің астарлы мағынасы осыны білдірсе керек.
Мемлекет басшысының «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады», - деген сөзінің өзектілігі күн санап артуда.
Құндылықтары жиі өзгеріп жататын алмағайып кезеңде қазақстандық әрбір отбасының тұрмыс жағдайының күн санап жақсарып жатқаны міне, осындай бейбіт өмір сүруге деген ұмтылыстың, бірлігіміздің айғағы.
Біз жаңа заман тудырған түрлі сын-қатерлерді ұлттық-мәдени, әкімшілік-аумақтық дамудың жаңа дербес құрылымын қалыптастыру арқылы еңсере алдық.
Президентіміздің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Үкімет пен әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру» деп, аса жауапты міндеттерді жүктеді.
«Қуатты мемлекет – қуатты аймақтар» дегеніміз, Әділетті Қазақстанды құруға қажетті басты қағидат.
Қадірлі жерлестер!
Ұлтымыз ұлықтаған атаулы мерекені Сыр өңірі толағай табыстармен қарсы алуда.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы - Сыр өңіріне келген сапарында облысымызға дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды өңір деп айрықша оң бағасын берді.
Бүгінгі күні Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті 744 млрд теңгеден асты. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болатын.
Өсім 204,4 пайызды құрады.
Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Биылғы жылы аймақта 43 млрд теңгеден астам қаржыға ұзындығы 300 шақырымға жуық автомобиль жолдары жөндеуден өтуде.
Соңғы үш жылда 1 мың 271 шақырым жол қайта жөндеуден және жаңғыртудан өтті.
Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асты.
Электр энергиямен қамту бағытында 2022 жылдан бастап 18 млрд теңгеге 70 жоба жүзеге асырылды.
Биылдың өзінде 11 млрд теңгеге 38 жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 72 пайыздан
62 пайызға төмендейді.
Биыл облыста құны 30 млрд теңгеге 11 елдімекен газдандырылуда.
Өңірдің газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетеді.
Қазіргі таңда елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
2022 жылдан бастап облыс аумағында жалпы құны 16 млрд 800 млн теңгені құрайтын 55 жоба жүзеге асырылды.
Нәтижесінде, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 98,6 пайызға дейін жетті.
2025 жылдың соңына дейін облыс аумағындағы барлық елдімекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Бүгінде облысымыз қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналдуда.
Облыс бойынша биылғы жылы 133 млрд 400 млн теңгеге 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдау мен Ұлттық жобалар аясында биылғы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен өңірімізде 863 мың 900 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
Биылғы жылы мемлекеттік бюджеттен бөлінген 37 млрд 100 млн теңгеге 3 мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп,
13 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін табады.
Жыл басынан бері 1000 орындық «Өнер орталығы», заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимараттары пайдалануға берілді.
Президентіміздің тапсырмасымен салынған Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.
Жерлестеріміз үшін маңызды саналатын жоба жақын күндері ел игілігіне табысталады.
Мемлекет басшысының қолдауымен Қызылорда қаласында құны 215 млрд теңгені құрайтын қуаттылығы 240 мегават жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
2025 жылғы қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтамасыз етілуде.
Жоба құны 26 млрд 200 млн теңге.
Келесі жылу беру маусымында қаламыз толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
Биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен құны 7 млрд теңгеге 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолған алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде екі жылда 21 мектеп салынады.
Қазіргі таңда 6 900 орындық 10 мектептің құрылысы қарқынды жүруде.
Облыстағы барлық білім беру ұйымдары 100 пайыз интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен қамтылған.
Облыс орталығында құны 11 млрд теңгеге «Шығармашылық академиясы» салынуда. Келер жылы ел игілігіне беріледі.
Өңірімізде 2022-2024 жылдары құны 58 млрд 300 млн теңге құрайтын 45 денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын жылына 5 мыңнан 10 мыңға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа Қан орталығы пайдалануға берілді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынуда.
Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Қараша айында 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Спорт саласында жаңа 15 нысан салынуда.
Құны 20,0 млрд теңгеге 10 мың орындық Орталық стадионның, құны 6,5 млрд теңгенің жабық бассейні бар көп салалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстары жүргізілуде. Келесі жылы маусым айында ел игілігіне табыстаймыз.
Жақында Үстел теннисі орталығы мен Оқушылар сарайы ашылып, ел игілігіне табысталды.
Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 11 млрд 500 млн теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда. Барлығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер, облыстан шыққан меценаттар Сыр елін көркейтуге, ауылдарды дамытуға белсенді араласып, өз үлестерін қосуда.
Аймағымызда демеушілеріміздің қолдауымен соңғы екі жылда 50 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асуда.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң демеушілер есебінен жаңғыртудан өтті.
Бұл – өңірде қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады.
Қадірлі жерлестер!
Егемендік жылдарында қол жеткізген әрбір табысымыз –халқымыздың бірлігі мен берекелі еңбегінің нәтижесінде орын алуда.
Дана халқымыз «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай - ізет», - дейді.
Біздің де басты ұстанымымыз аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени, қоғамдық-саяси дамуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету, еңбегін лайықты бағалау.
Президентіміздің ерекше қолдауымен соңғы екі жылдың өзінде 160-тан астам жерлесіміз ең жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оның 27-сі еңбек ардагерлері.
Атап өту қажет, 2022 жылы Сыр сахнасында тұңғыш рет І дәрежелі Барыс ордені табысталды.
Өткен жылы Мемлекет басшысының қолынан Имамзада Қуанышбайұлы Шағыртаев еліміздегі ең жоғарғы мемлекеттік награда – Қазақстанның Еңбек Ері атағын алды.
«Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мен несібесі мол» дейді дана халқымыз.
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жерлесіміз, мақтанышымыз, белгілі математик, академик-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев ағамызды отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен, «Алтын жұлдыз» және «Отан» орденімен наградтады.
Бұл награда бір азаматқа ғана емес, еліміздегі ғылымды дамытуға зор үлес қосып жүрген барша ғалымдарға, ұстаздарға берілген жоғары баға.
Президентіміздің болашағымыз жастарды, білімді ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып жүрген ұстаздарға деген қамқорлығы, ыстық ықыласы.
Асқар Серқұлұлын жоғары дәрежелі наградаларымен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Ағамызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!
Қадірлі жерлестер!
Президентіміздің Сыр өңіріне деген ерекше қамқорлығы мен қолдауы бізге мол мүмкіндіктер беруде.
Ұлттық мереке қарсаңында Ақордада Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан жоғары мемлекеттік наградамен марапатталу құрметіне ие болдым.
Бұл марапат - Мемлекет басшысының Сыр өңірі халқына ыстық ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмысымызға берген оң бағасы, барша жерлестеріміздің бекем бірлігі мен тату тірлігінің жемісі!
Сіздерге ерекше қолдауларыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін!
Бұл – жұмысымызды одан әрі жауапкершілікпен жалғастыруға үндейтін үлкен қолдау.
Барша Сыр жұртшылығы атынан туған өңірімізге әрдайым ерекше ықыласпен қолдау білдіретін Президентімізге шынайы, риясыз алығысымызды жеткізгім келеді.
Бүгін Президент Жарлығымен марапатталған барлық жерлестерімізді шын жүректен құттықтаймын!
Қадірлі зиялы қауым!
Түркі әлемінің абызы, дана Қорқыт Атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» деген.
Тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолын кемеңгер халқымыз бен аға ұрпақ біледі.
Егемендікке қол жеткізуді аңсап, өмірін күреспен өткізген ата-бабаларымыздың асыл арманы Тәуелсіздігімізді баянды ету бүгінгі ұрпақ үшін жауапкершілігі зор міндет.
Осыны жас ұрпаққа жеткізіп отыру біздің парызымыз.
Ортақ еңбек пен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз - Әділетті Қазақстанды құрамыз.
Әділетті Қазақстанды – Адал азаматтар құрады.
Баршаңызды Республика күнімен тағыда құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке, толайым табыстар тілеймін!
Елдігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Республика күні құтты болсын!